Қамсыз  қарттыққа  қадам

Коллаж пенсия Экономика

Зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі қашанда өзекті. Себебі, ол бүкіл отандастарымызға қатысты. Зейнетақы жүйесі жұмысының қағидаттары мен мүмкіндіктерін білу, сондай-ақ, дұрыс жоспарлау еңбек сіңірген демалысқа шыққаннан кейінгі лайықты өмірді қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұл – зейнет жасына жақындап қалғандар үшін ғана емес, еңбек жолын енді бастаған, әрі өз келешегін уақытылы қамдастыра алатындар үшін де маңызды.

Коллаж пенсия

Зейнетақы жүйесі қызметінің негізгі міндеттері мен ондағы басты өзгерістер жайлы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры  Вячеслав ЖҰМЫРОВҚА жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Вячеслав Искайрұлы, бүгінде Қазақстанда қандай зейнетақы үлгісі жұмыс істейді? Соған толығырақ тоқтала кетсеңіз.

– Қазақстанның зейнетақымен қамсыздандыруы қазір ортақ және жинақтаушы жүйелердің тетіктерін қатар қамтитын үш деңгейден тұрады.

Бірінші деңгей – ортақ зейнетақы жүйесі, онда зейнетақы төлемдері мемлекеттік бюджеттен халықтың жұмыс істейтін бөлігі аударатын салық пен басқа да түсімдер есебінен жасалады. Бұл зейнетақы барлық зейнеткерге төленетін базалық және зейнетке шыққан сәттегі еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай болатын адамдарға төленетін еңбек деп аталатын екі бөліктен құралады.

Екінші деңгейі – міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі, Қазақстан азаматтары, бұл Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін айлық табыстан бекітілген 10 пайыз мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналары және зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің пайдасына жұмыс беруші есебінен аударылатын қызметкердің айлық табысынан 5 пайыз мөлшеріндегі міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары. Өндірістер, жұмыстар және кәсіптер тізбесін ҚР Үкіметі бекітеді. 2018 жылдан бастап қызметкерлердің шартты зейнетақы шоттарына жұмыс беруші барлық қызметкер үшін (еңбек жағдайына қарамастан) қызметкердің айлық табысынан 5 пайыз мөлшерінде төлейтін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары қосылады.

Үшінші деңгей – ерікті зейнетақы жарналарына (ЕЗЖ) негізделген жинақтаушы жүйе. ЕЗЖ мөлшері, оны төлеу және кейіннен төлем жасау тәртібі ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келісімі бойынша анықталады. Жүйенің бұл сегменті онша дамымаған, алайда, БЖЗҚ мамандарының есебі тұрақты түрде жасалған ең аз деген ерікті жарналардың өзі зейнетақы жинақтарын елеулі түрде көбейтуге мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр. enpf.kz сайтындағы «Зейнетақы калькуляторы» бөліміне кіріп, тиісті бағанға қандай да бір сандарды енгізу арқылы сіз зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай өзгеретінін көре аласыз.

Қорыта келгенде айтарымыз, келешекте тиісті зейнетақы кем дегенде үш құрамдауыштан тұратын болады: мемлекеттен, жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының жеке зейнетақы шотынан және жұмыс беруші жарналарынан жасалатын төлемдер. Мемлекет жауапкершіліктен бас тартпайды, ол зейнетақының базалық деңгейі (2018 жылдан бастап еңбек өтілі мен ЖЗЖ-ға қатысу уақытына қарай көтерілетін болады) мен зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігін қамтамасыз етеді. Бірақ, зейнетақы жарналарын уақытылы, әрі толық аудару үшін азамат та, оған жұмыс беруші де жауапты.

– Шартты-жинақтаушы құрамдауыш деген не? Оның зейнетақыға әсері қандай болады?

– 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өзгерістер, яғни шартты-жинақтаушы құрамдауыш немесе жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізіледі.

Бұл үшін қызметкердің айлық табысынан 5% мөлшерінде жұмыс беруші меншікті қаражаты есебінен ЖМЗЖ аударатын әр қызметкерге БЖЗҚ-да шартты зейнетақы шоттары ашылатын болады. Жаңа ЖМЗЖ артықшылығы – жұмыс беруші жарна салып отырған зейнеткер бұл құрамдауыштан зейнетақыны өмір бойына, тіптен шартты зейнетақы шотындағы қаражат таусылып қалса да алады.

– Бүгінде БЖЗҚ-дағы салымшылардың жалпы саны мен зейнетақы жинақтарының сомасы қандай?

– 2016 жылдың бірінші жарты жылындағы таза инвестициялық табыс сомасы – 267,21 млрд. теңге. Былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда инвестициялық табыс екі есеге дерлік артты. Биылғы алты айында бұл көрсеткіштің 141,41 млрд. теңге болғанын еске сала кетейік.

– Азаматтар зейнетақы жинақтарының сомасы туралы қандай тәсілмен біле алады?

– БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілі бірнешеу. Салымшы (алушы) өзіне ыңғайлысын таңдай алады:

– салымшының (алушының) өзінің БЖЗҚ кеңсесіне келуі (Қазақстан аумағында 263 БЖЗҚ кеңсесі);

– электрондық пошта арқылы алу. Бұл тәсіл таңдалса, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште не хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қойған кезде көрсетілген салымшының (алушының) электрондық мекен-жайына жіберіледі;

– интернет-ресурстар арқылы алу. Логин мен пароль немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болған кезде www.enpf.kz сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме» бөлімі арқылы алу. Сонымен қатар «Интернет қызметі арқылы өзі алу» хабарлау тәсілін таңдап, Android, iOS (iPhone, iPad) және Windows Phone операциялық жүйелерінде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арнап БЖЗҚ мамандары әзірлеген ENPF ұялы қосымшасын пайдалануға болады;

– e-gov электрондық үкімет порталы арқылы алу. Қызмет www.egov.kz порталындағы «Азаматтар» санаты – «Әлеуметтік қамсыздандыру» айдары – «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімінде. Қызметті пайдалану үшін ЭЦҚ және электрондық үкімет порталында тіркелу керек

– пошта байланысы арқылы зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе өтініште көрсетілген мекен-жайға алу.

Қор интернет-ресурстар арқылы қашықтан хабарлау тәсілін таңдап, үйден немесе кеңседен шықпай-ақ логин мен парольді тіркей отырып, немесе ЭЦҚ болған кезде өз шотының жай-күйі туралы ақпарат алудың анағұрлым ыңғайлы, жедел, әрі үнемді тәсілдерін пайдаланып жұмыс берушіден міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы түсуін бақылау мүмкіндігін ұсынады.

Дайындаған: Бақытжан ЖҰМАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз