Жаңа мұнай құбыры салына ма?

big 46b20bc4de617c71 Экономика

Ресми «Ақорда» мәлім еткендей, аталған мәселе мемлекет басшысының  төрағалығымен өткен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі кеңесте көтерілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласының ел экономикасында ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Айтуынша, өңірлердің өзара қарым-қатынасын жандандыру үшін бұл саланың маңызы зор. Дегенмен, геосаяси жағдай мен санкциялық текетірес дәстүрлі көлік-логистика желісін өзгеріске ұшыратты. Жиын барысында қарым-қатынастар мен жүк жеткізетін балама бағыттарды, сондай-ақ тасымалдау ісін әртараптандыруды пысықтау қажеттігі айтылды.

    – Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, «Атырау – Кеңқияқ» және «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет, – деді Президент.

Тағы бір атап өтілген мәселе, автожол инфрақұрылымын дамыту да – маңызды салалардың бірі. Президент айтқандай, ең алдымен, құрылысы басталған магистральды бағыттардағы (Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат, Атырау – Астрахань, Алматы – Қарағанды және Талдықорған – Өскемен) қайта жаңарту жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау қажет.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын тиімді пайдалану және отандық компанияларды кеңінен тарту қажеттігіне назар аударды. Бұдан бөлек Үкіметке жыл соңына дейін кедендік рәсімдеу үдерісін және шекаралық бақылауды толық автоматтандыру тапсырылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз