Мектеп формасы қандай болуы керек?

istockphoto 1081930052 612x612 1 Білім

Таяуда редакцияға қоңырау шалған оқырман кейбір ата-аналар ұл-қыздарының мектеп формасына немқұрайлы қарайтынын айтты.

– Қала мектептерінің бірінде оқитын қызымды сабақтан кейін алып кетейін деп барамын ғой. Сонда ауланың сыртында көлігімде күтіп отырып, бір оқушыдан оверсайз стиліндегі киім үлгісін, енді бірінің орамалға оранып алғанын байқадым. Қызымнан сұрасам «мама, ол қыз мектепке кіргенде орамалын шешіп тастайды» дейді. Менің сұрағым, мектепте арнайы ережеге сай бекітілген киім үлгісі бар ма? – деп сұраған ана мектептегі жағдайға алаңдайтынын жасырған жоқ.

Әрине, мектептегі мұндай ахуал әлеуметтік теңсіздік пен діни көзқарастағы пікірге әсер етері белгілі. Осыған орай облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Бимановадан белгіленген заң талаптарына сәйкес әр оқушы мектеп формасын сақтауы тиістігін білдік.

– Білім беру мекемесінде мектеп формасын сақтау талабы қойылады. Орта білім беру мекемелері үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы бойынша киім үлгісі білім берудің зайырлы сипатына сәйкес келеді. Демек мектеп формасына әртүрлі конфессияларға қатысты діни ағымның киім элементтерін қосуға жол берілмейді. Яғни, оқушының киім үлгісі мен түсі (ақ, қою көк, қара) классикалық стильде болуы шарт. Жалпы, білім беру мекемелерінде мектеп қағидаларына байланысты түсіндіру жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Егер ата-ана балаларды сабаққа қатыстырудан бас тартса білім беру мекемесі құзыретті органдарға хабарлайды, – деп түсіндірді Орынтай Молдашқызы.

Құқықтық статистика органдарының мәліметінше, жыл басынан бері облыста білім беру саласындағы заңнаманы бұзған 3 дерек тіркелген. Құзырлы органдар оларды Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің 409 бабымен жауапкершілікке тартқан.

Иә, Қазақстан – зайырлы білімді талап ететін мемлекет. Бұдан «қай діннің өкілі болса да, әр ата-ана зайырлылық сипатты ұстанса екен» деп ой қорыттық…

Майра СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз