ҰБТ-ҒА ДАЙЫНДЫҚҚА – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ

Шәкірттерін білім нәрімен сусында тып, тәлім-тәрбие мен адами қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан, олар ерекше құрметке ие. Біз Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сайлауовамен кездесіп, қаладағы білім беру саласының мәселелері жөнінде сұхбаттасқан едік.  

 

– Нұрсәуле Сайлауқызы, бұл қызметке  жаңадан келіп  жатқандықтан, газетімізге алғаш рет сұхбат беріп  отырсыз. Оқырмандармен таныстыру мақсатында өзіңіздің  ұстаздық еңбек жолыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Иә, мен үшін ұстаз дегеніміз – үлкен ұғым. Өмір бойы осы саланың маманы болуды армандадым. Сол арман алға жетелеп, 2004 жылы  Қазақ  мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының педагог-дефектолог,  түзете, дамыта оқыту мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек  жолымды Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастадым, кейін факультет деканы, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры қызметтерін атқардым. Биылдан бастап басшылық қызметке тағайындалдым.

Жүктелген жауапкершілік зор. Дегенмен, мұнайлы астанамыздағы білім сапасын арттыру үшін қолдан келгенімді аямаймын. Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми  дәрежесін алдым.

– Енді қала мектептерінің мұғалімдермен қамтылу жайын қозғасақ және қай пәндерден ұстаз жетіспейді?

–  Қала  бойынша 56 мектепте қазіргі таңда 4119 мұғалім қызмет атқарады. Оның 643-і – жоғары санатты болса, 1321-і – бірінші, 1110-ы – екінші санатты мұғалімдер. Қазіргі таңда мектептерде орыс тілінде оқытылатын сыныптары бойынша жекеленген пәндерден мұғалімдер жетіспеушілігі бар. Ол мәселені мұғалімдерге қосымша сағат жүктемелерін беру арқылы шешіп отырмыз. Мектептерде білім стандартына сәйкес барлық пәндер толық  өткізілуде.

– Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, оларды әлеуметтік қолдау мақсатында  қандай  жұмыстар атқарылуда?

– Ұстаздардың кәсіби білік-тілігін арттыру «Өрлеу біліктілікті арттыру» АҚ Атырау облысы бойынша филиалы арқылы жүзеге асырылады.  Мұғалімдер пәндерді оқыту әдістемелері, оқытудағы жаңа технологияларды енгізу бағыттары бойынша қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарынан   өтуде. Сонымен қатар, мұғалімдерді 2012 жылдан бастап «Назарбаев зияткерлік мектептері», Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университеті білім беру факультетімен бірлесіп әзірленген үш деңгейлік  курстардан өткізу қолға алынған. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдер оқу үдерісінде тың жаңалықтар, бағалау жүйесін жетілдіру, оқушыларды  көшбасшылыққа тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

– Осы орайда мұғалімдерді әлеуметтік қолдау мәселесі де туындайды. Аталған курстарды бітіріп келген мұғалімдерге қандай қамқорлықтар қарастырылған?

– Иә, мұндай сұрақтың туындауы да орынды. Бұл бағытта деңгейлік курсты бітірген мұғалімдердің еңбекақысына бірінші деңгей бойынша – 100%, екінші деңгей бойынша – 70% үшінші  деңгей  бойынша – 30% үстемеақы қосылады.

– Өзіңіз бір сөзіңізде ұстаздардың тапшылығы байқалатынын айтып өттіңіз. Алайда, жоғары оқу орындарынан жыл сайын мыңдаған жас педагог мамандығын алып шығады. Бірақ, қолында дипломы болып, жұмыссыз жүрген жастар көп. «Тек магистр ғылыми дәрежесін алған жас мамандар орта мектептердің жоғары сыныптарына сабақ бере алады» деген пікір бар. Ал,  бакалавр дәрежесін алған  жас  мұғалімдердің  жұмысқа орналасу  жайы қандай?

– «Қала мектептерінде жоғары сыныптарда тек магистр дәрежесі барлар  сабақ  береді, бакалавр дәрежесі бар педагогтар тек бастауыш сынып оқушыларын оқыта алады» деген пікір қате. Бакалавр дәрежесі бар  педагогтардың да жоғары сынып  оқушыларына сабақ беруге  құқығы бар.  Қазіргі  таңда  қала  мектептерінде 44 магистр дәрежесі бар педагог жұмыс  жасайды.

– Мектептердің оқулықтармен қамтылу жайы қалай?

– Оқу жылы басталғанда оқулық жетіспеушілігі мәселесі туындағаны рас. Ағымдағы оқу жылына оқулық сатып алуға қажетті мөлшерде қаражат  бөлінген. Дегенмен, биылғы жылы қала аумағында жаңа тұрғын үйлер  көптеп салынуына, сонымен қатар, Атырау қаласы өндірістік шаһар болғандықтан мұнда жұмыс бабымен халықтың көптеп қоныстануына  байланысты қала халқының өсімі болды. Сондықтан, мектептерде бала санының көбеюіне байланысты оқулықтың да жетіспеушілігі байқалды. Бірақ, бұл мәселе дереу шешілді. Жергілікті бюджеттен  қосымша қаржы бөлініп, оқулықтарға қосымша сұраныстар беріліп,  оқушыларға жеткізілуде.

– Ұрпақты тәрбиелеу балабақшадан басталады. Облыс орталығында балабақша тапшылығы әлі де сезілуде. Қазіргі таңда балабақшаға сұраныс білдірген қанша бала кезекте тұр?

– Қала бойынша  балаларды  мектепке  дейінгі  мекемелермен қамту  мәселесінде де проблемалар бар екендігі жасырын емес. Қазіргі таңда  балабақша кезегінде 16200 өтініш тіркелген. Бүгінгі күні осыдан үш жыл бұрын өтініш берген ата-аналардың өтініштері толық және 2012 жылдың  сұраныстары жартылай қанағаттандырылды. Жаңа оқу жылы қарсаңында қала аумағында Жұмыскер елді мекенінен және Көкарнадан жаңа  балабақшалар пайдалануға  берілді.

– Балабақша топтарында белгіленген орыннан артық  бала тәрбиеленіп жатқандығы бірер ай бұрын қала әкімімен өткен жиында сөз болды. Осыдан кереуеттер жетіспеушілігі мәселесі туындады.  Осы олқылық  қалай  шешімін табуда?

– Ата-аналардың  өтініші  бойынша, үстіміздегі жылдың 31 тамызына дейін бес жасқа толған тәрбиеленушілер балабақшадан мектепалды даярлық топтарына ауыстырылды. Сол арқылы біз балабақшалардағы белгіленген орыннан артық тәрбиеленуші орналастыру мәселесін жойдық.

– Ұстаз еңбегі шәкірттің он бір  жылдық білімімен бағаланады. Сондықтан, мектеп түлектерін ҰБТ-ға дайындау жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Биылғы  жылы мектепті 1878  түлек бітірмекші. Биыл ҰБТ-ға ерекше дайындық керек. Сондықтан, оқушыларды  Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлауда мектептерде ай сайын тест сынамалары  өткізіліп  отырады. Қосымша сабақтар ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университет базасындағы және  «Достық» білім беру орталықтарында оқушыларға дайындалуға мүмкіндіктер бар. Қалалық білім бөлімі тарапынан оқушылардың тестілеуге дайындық деңгейін бақылауды күшейту мақсатында байқау сынамаларын өткізу, талдау, олқылықтарды анықтап, мұғалімдерге әдістемелік көмектер көрсетуді қолға алудамыз.

Сұхбаттасқан

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз