ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҢЫЗДЫ

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысындағы Тәртіптік кеңесінің кезекті отырысы өтті.

 

Мұнда барлығы бес мәселе қаралды. Соның бастысы, облыс бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою шаралары болатын. Осы бағыттағы 8 айдағы жасалған жұмыстар турасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу  басқармасының басшысы Шыңғыс Әлекешев айтып берді.

Оның баяндауынша, жергілікті жердегі бірқатар мемлекеттік мекемелер мен жергілікті атқару орындарының қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен мәселелері бар. Мысалы, департаменттің қызметкерлері облыстық жүйке-неврологиялық ауруханасы мен наркологиялық диспансерінде анықтамалар алудың тәртібіне талдау жүргізген. Оның барысында бірқатар олқылықтар анықталыпты. Бұл анықтамалар құнының екі есеге төмендеуіне себепші болып отыр. «Сонымен қатар, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылды» деді басқарма басшысы Ш.Әлекешев.

Өз кезегінде Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысыКлара Мұқашкереева тексеруге келген департамент қызметкерлеріне алғысын айтты. «Өйткені, кейбір жағдайда мәселенің заңдылығын білмей қалатынымыз бар. Ал, бүгінгі жемқорлық тәуекелдерін анықтау шарасы кемшілігімізді өз уақытында түзетуге мүмкіндік берді» деді ол.

Өз кезегінде Тәртіптік кеңестің төрағасы Мұхит Ізбанов қоғам дертінің зардабымен күрескеннен гөрі, осындай алдын алу, жолын кесу жұмыстары тиімді болатынын атап өтті.

Тәртіптік кеңесте өзге де мәселелер қаралып, тиісті шешімдер алынды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз