ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕМЕЙДІ

Сәрсенбі күні өткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысындағы тәртіптік кеңесінің отырысында үш мәселе қаралды. Соның бірі облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің бөлім басшысына қатысты тәртіптік іс болатын.

Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Әлібек Ермекқалидың айтуынша, аталған құрылымның білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің жетекшісі бұған дейін департамент басшысының міндетін атқарған. Сол уақыт аралығында біраз заң бұзушылық орын алыпты.

– Атап айтқанда, департамент басшысының міндетін атқарушы Әкімшілік кодекстің тиісті баптарында көрсетілген құқық бұзушылық фактісін анықтаса да, негізсіз қысқартылған тәртіпті қолданып, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол берген, – деді хатшылық меңгерушісі.

Облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің міндетін атқарушы мен жаңа басшысын орындарынан кезек көтерген тәртіптік кеңес мүшелері біраз сұрақ қойып, кең отырып ақылдасты. Соңында «ҚР Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінде көзделген талаптар сақталмаған» деген тұжырымға келіп, әңгіме кейіпкеріне «сөгіс беру керек» деп шешті.

Жылыой аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының мәселесі бұған дейін де тәртіптік кеңесте қаралған. Алайда, ол жауапкершілігін жете сезінбегенге ұқсайды. Бүгінде Жылыой аудандық прокуратурасы оның қызметіндегі заң бұзушылықты анықтап отыр. Мұның себебін мәселесі қаралған лауазымды тұлға «жергілікті жерде құрылыс және сәулет, қала құрылысы деген екі бөлім қосылған. Бүгінгі проблеманың барлығы да осы екі құрылымның бірігуінен туындады» деп ақталды. Дегенмен, тәртіп кеңес мүшелерін бұл айтылған жай сендіре алмады. Олар бөлім басшысын қызметінен босату  туралы Жылыой ауданының әкіміне ұсыныс берді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз