ЛИТВАЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ШЕБЕРЛІК СЫНЫБЫ

Биыл литвалық дәрігерлер алтыншы жыл облыстық перзентханаға келіп, жергілікті дәрігерлермен бірлесіп, ана мен бала денсаулығын сақтау ісінде өз көмектерін көрсетуде. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дина Камелова литвалық дәрігерлермен болған баспасөз мәслихатында кеңінен тоқталып өтті.

 

Шетелдік дәрігерлер қала, аудандардағы неонатолог, акушер-гинеколог, реаниматолог мамандарға перинатальдық өлімді азайту, балалардың күтімін жақсарту, нәрестенің дүниеге келуі, оны жатырдың ішінде тексеру, т.б. акушерлік-гинекологиялық және неонаталдық көмекті күшейту жөнінде озық технологиялық жетістіктер жайында дәріс оқыды. Осыған орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Вильнюс мемлекеттік университетінің балалар ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі, доктор неонатолог Арунас Любинис, балалар медбикесі Инеса Суботовик Қазақстан мен Литва мемлекеттері арасында денсаулық сақтау саласында оң нәтижелерге жетіп отырғанын атап өтті. Соның ішінде өздері болған Атырау облысында медицина жүйесінде атқарылып жатқан игі істердің барын айтты.

Баспасөз мәслихатында перзентхананың бас дәрігері Ұлжан Хасанова басқа да мамандар литвалық дәрігерлерден үйренген озық істердің аз еместігін алға тартты. Атап айтқанда, перзентхана базасында туа біткен жүрек қан тамыр аурулары мен ішек, асқазан ауруына ота жасауға қол жеткізілді.

Қазіргі кезде литвалық дәрігерлердің озық тәсілдері бойынша қандай ауруға болмасын ота жасауға мүмкін болып отыр.

Ғайнолла Зинуллин.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз