Ізгілікке бастайтын мереке

АПТА: түйін Басты жаңалық Жаңалықтар

Қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні қазақстандық православтар әлем халықтарымен бірге Рождество мерекесін қарсы алды. Елімізде бұл күн халықтың ұлты мен дініне қарамастан аталып өтетін басты діни мерекелердің біріне айналды.

_eac4962

Алдымен шіркеу келушілерін жаңа жылмен құттықтаған облыс əкімі Нұрлан Ноғаев бастаған əр іске береке тіледі.

_eac4992

– Әр отбасына береке, тыныштық тілеймін. Балаларыңызға, немерелеріңізге тілеген тілектеріңіз қабыл болғай. Атап өту керек, Рождество христиан əлемі үшін ең қайырлы мереке. Ізгіліктен бастау алатын мереке еліміздегі бірлік пен тыныштықтың сақталуына ұлассын. Өткен жылды жоғары көрсеткіштермен аяқтадық. Ең басты жетістігіміз бірлік пен келісім, бейбітшілік болып табылады. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында еліміздегі барша азаматтар діни сенімі, ұлтына қарамастан бейбітшілік бесігінде тербелуде. Ортақ мақсат, ортақ мүддеге біріккен қазақстандық халық қалыптасты. Еліміздің əл ауқатын жақсарта түсуде жəне Елбасы саясатын насихаттай түсуде де қазақстандықтар бірігіп еңбек ететін болады. Президент бастамасымен еліміздің əр қаласын дамытуға бағытталған көптеген жобалар жүзеге асуда. Рухани, діни келісім мəселесі де қашанда Президент назарында келеді. Рождество мерекесі де толеранттылықтың, рухани келісімнің жарқын үлгісі болып табылады. Барлық дін қайырымдылыққа, ізгілікке бастайды деген облыс əкімі Нұрлан Асқарұлы барша православтарды мерекемен құттықтады.

_eac5005

Рождествоның тарихы осыдан екі мың жыл бұрын Мария ананың Иисус-Ғайса пайғамбарды өмірге әкелген күнінен басталды. Бұл мерекені христиандар 20 ғасыр бойы тойлап келеді. Әр үйдің төріне әсем безендірілген шырша қойылып, адамдар бір-біріне сыйлық жасайды, шаршаны айнала ән салып, би билейді, халықтық серуендер мен карнавалдар мереке сәні.  Рождество мейрамын католиктер 25 желтоқсан, ал православтар 7 қаңтарда атап өтеді.

_eac4982

Екі мың жыл бойы Рождество мерекесі ізгілік пен кешірімділікке, жақсылық пен әділдікке сенімнің символы бола отырып, діндар жамағаттың жүрегін қуаныш пен үмітке толтырып келеді.

_eac5036

Бұл ізгі ойлар мен игілікті қадамдарға бастайтын, көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық жасайтын уақыт. Бұл күндері православ қауымы өзінің жауапты мінәжат дәстүрлерін жалғастыруда. Ол адамдардың сенімін арттырады, рухани қайнарларға бас қоюға үндейді, сөйтіп моральдық қағидалар мен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайта түседі.

Таңда шіркеуде құлшылық ету рәсімі салтанатты түрде өтіп, мереке қарсаңында шіркеуге келуші барлық балаларға арнайы сыйлықтар үлестіріліп, Құдай, Иса пайғамбар туралы уағыз-насихаттар оқылды.

Абай АҚМҰРЗИЕВ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған