«BIRGEMIZ»: 50 мың теңге кімге беріледі?

5e76097e59000 Жаңалықтар

Аtr.kz/5 маусым, 2020 жыл. Тұңғыш Президент-Елбасының бастамасымен әлемдік пандемия жағдайында тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау мақсатында құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы 50 мың теңге көлеміндегі бірреттік қаржылық көмек берудің үшінші кезеңі басталды.

Аталған жұмыстардың Атырау об­лысында атқарылу барысы және бұл жолғы көмектің кімдерге тиесілі екенін түсіндіру мақсатында «Nur Otan» партиясының облыстық фили­алы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев арнайы брифинг өткізді.

Бұған дейін, яғни, аталған көмек түрін облыс бойынша бірінші кезеңде 4495, екінші кезең бойынша 6017 адам алған. І-ІІ транш арқылы негізгі басымдық облыс орталықтары мен ірі қалаларға берілсе, бұл жолы аудандарға назар аударылып отыр. Кеше бастау алған қолдаудың үшінші толқыны арқылы облыс орталығына жақын орналасқан аудандар мен моноқаласы бар аудандарды қамту жоспарлануда. Яғни, Жылыой, Мақат, Махамбет, Исатай ауданындағы бекітілген 7 са­нат бойынша сараланған 5229 адамға 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек беріледі. Ақша аударымдары 10 маусымға дейін жүргізіледі.

– Ең басты айтылатын мәселе, бұл – мемлекет есебінен берілетін жәрдемақы емес. Ол демеушілер арқылы ұсынылатын қайырымдылық қолдау түрі. Аталған 7 санат бойынша жалпы есепте тұрған адамдардың барлығына бірдей беру мүмкін емес. Өйткені, Атырау қаласының өзінде осы топтарға жататын 22 мыңнан астам адам бар. Біз осыған дейін 10512 адамға қаржылық көмек бердік. Қолдау білдіруді қажет ететін адамдар туралы толық ақпараттарды алу үшін әлеуметтік қорғау мекемелері ғана емес, бірнеше атқарушы орындар жұмылдырылды. Білім саласы бойынша мектеп оқушылары туралы мәліметтер жинақтасақ, денсаулық саласындағы базалық мәліметтер арқылы да қажетті ақпараттарды сараладық. Әлеуметтік сала мамандары берген ақпаратты сұрыптау барысында үй кезегінде тұрған жандарға маңыз берілді. Яғни, нағыз мұқтаж адамдарға бердік. Жасақталған тізім арнайы құрылған қамқоршылық кеңесіне жолданды. Ол жерде нақты сараланып, іріктеу жұмыстары жүргізілген соң, сол тізім бойынша «BIRGEMIZ» Атырау аймақтық қоры арқылы қаржы аударылады, – деді Нұрлыбек Жұмахметұлы журналистермен басқосуда.

Аталған көмек түрінің үшінші толқыны аяқталған соң, төртінші кезең жүзеге асырылады. «Бұл транш облыс орталығынан шалғай жатқан аудан тұрғындарына арналады. Яғни, келесі кезекте Құрманғазы, Қызылқоға, Индер аудандарын қамтып, 3904 адамға бірреттік қаржылық қолдау көрсету жоспарлануда» деді Нұрлыбек Ожаев.

Айта кетелік, бұл көмек түрін алу үшін арыз жазудың немесе меке­ме, әкімдікке келудің қажеті жоқ. Сараланған тізімді тиісті құрылымдар өздері жасақтап, мұқтаж азаматтардың алуына мүмкіндік жасайды.

Гүлжан ӘМІРОВА

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-koliktik-baqylau-inspekci%d1%8fsynyn-basshysy-para-alu-kudigine-ilikti/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз