Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ұстаздармен жаңарған мектеп бағдарламасын талқылады

Уа ытпен ндес Білім

Атырауға жұмыс сапарымен келген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Атырау» мәдени кешенінде сала қызметкерлерімен кездесті. Министр 2016-2019 жылдарға арналған негізгі мектептік бағдарлама төңірегіндегі мәселелерді ұстаздармен бірге ашық түрде талқылап, министрліктің стратегиялық бағытын түсіндірді.

Уа__ытпен __ндес

Балабақшаны кім таңдайды?

Ең басты талқыланған мәселе – мектепке дейінгі білім беру. Соның ішінде балабақшаға орналастыру проблемасы кеңінен айтылды. Ерлан Кенжеғалиұлының айтуынша, күні бүгін еліміз бо-йынша 3-6 жас аралығындағы 167 мыңнан астам сәби балабақшаға кезекте тұр. Дегенмен,  қазіргі уақытта балабақшамен қамту көрсеткіші 82 пайыздан артық. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019-2020 жылдары балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізуді нақты тапсырған болатын.

– Осы бағытта Астана, Алматы қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы жасақталған бағдарлама өз тиімділігін көрсетіп отыр. Яғни, енді облыстық, қалалық, аудандық білім бөлімдері мамандарының қатысуынсыз ата-ана осы жүйе арқылы баласын кезекке орналастыра алады.  Қазіргі таңда нормативтік құжаттар дайындалуда. Алдағы аптада облыстарға талдауға, талқылауға жібереміз. Ал, нақты шешім бір-екі айдың ішінде қабылданады деп күтілуде, – деді министр.

Тағы бір жаңалық – енді мемлекет қаржыны балабақшаға емес, жолдаманы алған балаға береді. Бұл жерде баланың кез келген балабақшаны таңдауына жағдай жасалуда. Сол арқылы  мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру көзделіп  отыр. Өйткені, енді балабақшалар балаларды  қабылдауға  ынталы болмақ.

Бастауыштағы оқу бірыңғай болады

– Алдымызға қойып отырған басты мақсатымыз – балабақшадағы тәрбиенің сапасын көтеру, мектеп табалдырығын алғаш аттаған барлық  бүлдіршінге бірдей платформа беру, – деп атап өтті министр.

Бүгінгі таңда мектепке келген баланың 70-80 пайызы оқуды немесе жазуды үйреніп келеді. Ал, балабақшаға бармаған бүлдіршін әріпті де танымайды. Сол себепті, Ерлан Сағадиев балабақшалар мен мектепалды даярлық топтарына бірдей бағдарлама енгізіліп жатқанын хабарлады. Аталған жүйе мектепте білім алуды бірдей «стартпен» бастауға септігін тигізбек.

ҰБТ: жаңа форматтың жаңалығы

Биыл елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өтеді.  Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев түлектердің қорытынды аттестациясының өткізілуі және жоғары оқу орындарына түсу принциптерінің ерекшеліктері туралы  кеңінен түсіндірді.

Оның айтуынша, жұртшылық бұрын ұлттық бірыңғай тестілеуді тек қана жоғары оқу орнына түсу емтиханы ретінде қабылдап келді.

– Жүйе енгізілген алғашқы жылдан бері бұл тестілеу қорытынды аттестаттау ретінде өзінің функциясын орындамай отыр. Себебі, ешқашан түлектердің 100 пайызы аталмыш тестілеу сынағына қатысқан емес. Жыл сайын ҰБТ-ға қатысудан бас тартатын түлектер саны отыз пайызға жетеді. Осыған байланысты министрлік бұл емтиханды екіге бөлу жағдайын қарастырды. Яғни, мектепті бітіру және жоғары оқу орындарына түсу үшін екі емтихан өткізілмек. Оның біріншісі – мектепте, екіншісі жоғары оқу орындарында тестілеу негізінде ұйымдастырылады, – деді министр.

Нақтырақ айтсақ, алдымен, енді түлек бітіру емтиханын мектепте тапсырады. Кейін жоғары оқу орнына түсу үшін тестілеу негізінде білім сынағынан өтеді. Содан кейін оқушылардың өздері қызығушылық танытып, жоғары оқу орнына, грантқа түсуге ниет білдірсе, өз қалауымен ҰБТ тапсырады. Мемлекеттік гранттарды тағайындау екінші сынақ қорытындысы бойынша жүзеге асырылады.

Министрлік ҰБТ құрылымын өзгерту барысында ауқымды талдамалы жұмыстар жүргізген.

– Бұл өзгерістерді енгізуге түлектерді білімдеріне сай бағалай алмай отырғанымыз, ұлттық бірыңғай тестілеу оқушылардың есте сақтау қабілетін жетілдіргенімен, таза білімін анықтауға мүмкіндік бермейтіні себеп болды. Сондай-ақ, мектеп түлектерінің сынаққа толық қатыспауы – ҰБТ қорытындысы бойынша еліміздегі орта білімнің сапасы туралы тұжырым жасауға болмайтынын анық көрсетті, – деп түсіндірді Е.Сағадиев.

Ал, тестілеудегі сұрақтар бойынша қандай жеңілдіктер бар? Осы сауалға министр: «Бұрын Ұлттық  бірыңғай  тестілеуде 125 сұрақ болса, жаңа форматта бес пәннен 120 сұрақ болады» деп жауап берді.

Сондай-ақ, колледж бітірушілер үшін жаңа әдістеме енгізілген. Кәсіптік орта білім алған түлек өзінің бұрынғы мамандығын таңдап, жоғары оқу орнына түсуі үшін тестілеуде алпыс сұраққа жауап береді. Ал, мәселен, қазақ тілі мамандығын тәмамдап, жоғары оқу орнында заңгерлік сала бойынша білім алғысы келсе, 120 сұраққа жауап беруіне тура келеді.

P.S. Екі сағат жарым уақытқа созылған кездесуде білім беру саласына   қатысты басқа да мәселелер сөз болып, қатысушыларды толғандырған сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді. Соның ішінде мұғалім мәртебесі, жаңартылған білім беру, үштілділікті енгізу, ҰБТ, электронды журнал мен күнделік, қосымша білім беруді ұйымдастыру сияқты келелі мәселелерге қатысты ой қозғалып, пікірлер алмасты. Ұстаздар қауымын қуантқан басты жаңалық – енді мектептердің аттестаттаудан өтпейтіндігі. Бұл мұғалімдерді қағазбастылықтан сәл ғана болса да арылтуға септігін тигізері сөзсіз.

Уа__ытпен __ндес __рд¦с

«Әліппені» қайта оқимыз

Жаңыл ЖОНТАЕВА,

министрліктің мектепке дейінгі орта білім беру департаментінің

директоры:

– Мектепалды даярлық топтарына «Әліппе» енгізіледі. Күні бүгін оның жобасы дайын. Жоба депутаттармен, ұстаздармен талқыланды. Оқулық орталығынан сараптамадан өтті. Қазіргі таңда республикадағы мыңнан астам балабақшадан да  ұсыныстар түсіп жатыр. Жобаны жүргізуге ниет білдірген балабақшалардың, даярлық топтарының барлығына «Әліппені» енгізуге мүмкіндік бар. Бұл жоба балалардың бірінші сыныпқа жақсы дайындықпен келуіне зор септігін тигізетіні белгілі.

Ал, 2019 жылы бірінші сыныптарда оқытылатын «Сауат ашу» оқулығы екіге бөлінеді: «Әліппе» – мектепалды даярлық топтарында, ал, «Ана тілі» – бірінші сыныптарда.

Cұрақ азайды, уақыт көбейді

Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВ,

Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

– Мектеп бітірушілердің жаңа форматтағы ҰБТ-ға дайындығын анықтау, олардың білім деңгейлерін тәуелсіз бағалау мақсатында 11-сынып оқушылары үшін Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz. сайтында  онлайн тест тапсырмалары енгізілді.

Байқау сынағынан өту барысында оқушы ҰБТ-да пайдаланылатын тест тапсырмаларымен танысуға және таңдаған пәні бойынша білім деңгейін тексеруге мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, мектеп бітірген соң ҰБТ тапсыра алмай қалған оқушыларға тамыз айында қайта тапсыруға екінші рет мүмкіндік беріледі. Егер оқушы тамыз айында тапсырған тестіден де өте алмай қалса, шартты келісім бойынша қаңтар айына дейін оқу ақысын төлеп, жоғары оқу орнында  оқуын бастай беруіне болады. Кейін бірінші курстың екінші жартыжылдығында қайтадан үшінші рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндік алады.

Биылғы жаңа форматтың тиімділігі сол – сұрақ азайып, уақыт көбейді. Ең жоғары балл 140 болса, шекті деңгей бұрынғы күйінде (50 балл) қалды. Жалпы алғанда, сынақ тапсыруға 3 сағат 50 минут беріледі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз