ТӘЛІМГЕРЛІК – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ

Жуырда Атырау облысы «Мамандандырылған күзет қызмет басқармасы» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен жас қызметкерлер мен тәлімгерлердің слеті өтті. Басқосуда еңбек жолын жаңадан бастаған мамандарға ардагерлер ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Шараны аталған мекеме бастығы, полиция полковнигі С.Молдашев ашты. Ол өз сөзінде жаңадан тағайындалған қызметкерлердің кәсіби қызметте бейімделуінде тәлімгерлер институтының орны ерекше екенін атап өтті. Ішкі істер органдары қызметкерлерінде азаматтық-құқықтық дүниетанымды жолға қойып, қазақстандық патриотизмді дамыту керектігін баса әңгімеледі. Мекеме бастығының орынбасары Н.Төлешов, кадр жұмысы бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны, тәлімгерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қ.Дүйсенбаев, полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны А.Салқынбаевтар сөйлеп, күнделікті қызметте кездесіп отырған өзекті мәселелерді жас мамандардың біліктілігін арттыруда тәлімгерлердің атқарып отыр-ған істеріне тоқталды.
Слет жұмысында сөйлеген нұсқаушы Ә.Шудабаев тәлімгерлік ішкі істер органдары жеке құрамдағы тәрбие жұмысының, қызметтік тәртібін бекітудегі маңызды бағыттарының бірі екендігін атап өтті. Бәрімізге белгілі, тәлімгерліктің негізі міндеті – қызметке жаңадан қабылданған қызметкерлерді жаңа қызметке үйрету, олардың кәсіптік қалыптасу процесін жылдамдату және жедел қызметте тапсырмаларды сапалы орындау қабілеттерін дамыту. Ар-намыс кодексінің нормаларын айқын орындауға үйрету.
Жиында сала ардагерлері де өз ақыл-кеңестерін жастарға айтып үлгерді. Өйткені, олардың бұл салада жинақтаған тәжірибелері аз емес. Ең бастысы – жас қызметкерлер қоғам алдындағы жауапкершілігі мен таңдаған мамандығына деген адалдығын ұмытпаулары қажет. Олар әр уақытта тәртібімен ерекшеленіп, мінсіз болуы керек делінді. Ал, жас қызметкерлер өз кезегінде айтылған ақыл-кеңесті жұмыс барысында естен шығармауға сөз берді. Мұнан соң республикалық жас қызметкер слетіне баратын жас қызметкерлер мен оның тәлімгерлері іріктеліп, бекітілді.
Шара соңы басқарма қызметкерлерінің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Басқосудан соң жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлері Атырау облыстық тарихи өлкетану мұражайы жәдігерлерімен танысып, Жеңіс алаңына саяхат жасады.

Қ.НҰРҒАЛИҰЛЫ,
Атырау облысы «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» ММ қызметкері, полиция капитаны.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз