Сырттай оқуды жаңа жүйе алмастырды

studentter Білім

Бұдан былай сырттай бөлімге студенттер қабылданбайды. Енді Қазақстанда жоғары оқу орындары сырттай оқуға ешкімді қабылдамайды. Себебі, олар білім алу кезінде күндізгі оқу бағдарламасының тек 65%-ін меңгереді. Ал, бұл өте аз. Білім және ғылым министрлігі осындай қадам арқылы мамандардың сапасын арттырмақ.

студенттер

«Егер қолында дипломы бар маман жауапты қызметке келіп, қате шешім қабылдаса, ол адам өміріне қауіпті болуы мүмкін. Ұстаз болсын, инженер болсын, айырмашылығы жоқ. Егер ол өз міндетін жетік білмесе, қоғамның дамуына кері әсерін тигізеді», — деді еуропалық құқық және адам құқығы жөніндегі сараптамалық институттың директоры Марат Башимов.

Сырттай оқудың баламасы ретінде part time жүйесі қарастырылып жатыр. Ол оқу кестесінің ыңғайына қарай қойылады. Мысалы, жұмыстан кейін немесе демалыс күндері. Бұл таңнан кешке дейін қолы босамайтындар үшін қолайлы болмақ. «Part-time институты білім беру саласына өте қажет. Сол үшін құқықтық актілері дайындалып жатыр. Осы бағдарлама бойынша оқығысы келетіндер қатары да артуда. Мұндағы басты талап, студенттер мемлекеттік бағдарламада көрсетілген 100 процент білімнің 65 пайызын ғана емес, толықтай меңгеруі тиіс. Екіншіден, қашықтықтан оқыту жүйесін қолға аламыз», — деді ҚР білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов.

Бұдан өзге оқу ақысының көлемі мен білім қызметін көрсету шартын оқу орындары өздері бекітеді. Ал қай семестрде қанша сабақ оқу керектігін студенттің өзі таңдайды. Яғни оқу ақысы қаншалықты ұзақ оқығанына байланысты болады. Ал осы күнге дейін сырттай оқуға түсіп үлгергендер бұрынғы жүйе бойынша оқуын жалғастыра алады.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз