Атырауда ассамблея ұжымы Абайды ұлықтады

Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/7 ақпан, 2020 жыл. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен  Атырау энергетика және құрылыс колледжінде «Абай ­– ұлттың рухани гиппократы» тақырыбында «дөңгелек үстел»  өткізілді.

Ұлы ойшыл, ағартушы, кемеңгер, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған танымдық-тағылымдық шараны «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жанынан құрылған «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы ұйымдастырды. Онда студенттер дана да дара Абайдың балалық және жастық шағы, өскен ортасы, өмірі мен шығармашылық жолы, жүректерге бойлаған жақұт жырлары мен құлақтан кіріп бойды алған сырлы саздары, өсиет пен өнегеге өрілген қасиетті қара сөздері жөнінен мол мағлұмат алды.

Бұлар жайындағы әңгіменің тінін Абай сынды қайталанбас тұлғаның шығармашылығын жан-жақты зерттеп, зерделеп, жалпақ жұртқа танытып жүрген ғалым-ұстаздар тарқатты. Олардың қатарында Білім беру ісінің құрметті қызметкері Гүлзухра Бидәулетова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік универсиетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин,  жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Бөкен Жаулы және басқаларын атауға болар еді.

Айта кету керек, ұлы Абайды ұлықтаған шараға қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының филология және философия кафедраларының ұстаздары, олардан тәлім алып жүрген талапты шәкірттері шақырылып қатыстырылды. Өз кезегінде, №8 қалалық кітапхананың  меңгерушісі Айсұлу Мұқанғалиева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына мазмұны мен маңызына тоқталса, студент жастар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Ал, Атырау энергетика және құрылыс колледжі жанындағы жастар ұйымының жетекшісі Рүстем Темірғалиев бір сәт Абай әлеміне саяхат жасап, әдеби мұрасының мұхитына сүңгуге мүмкіндік берген шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Замандастары атынан аға буын өкілдеріне алғысын арнады. Жастарды Абайдың еңбектерін оқып, оның әлі де құпиясы көп, сыры ашылмаған, рухани қазына аралы іспетті әлемін тани түсуге шақырды.       

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *