САРҒАЙҒАН СУРЕТТЕР СЫРЫ

Бұл суреттер – отты жылдардағы жауынгерлер бейнесінің нақты шежіресі. Жылдар өткен сайын үйіміздің төріндегі анамыздың көне сандығының түбінде сақталған бұл суреттер көзімізге оттай ыстық, жанымызға қымбат жәдігер болып бара жатыр.

«Ат жауырға шыдамайды, ер бауырға шыдамайды» дегендей,  1-інші және 2-інші суреттердегі әскери киіммен тұрған өрімдей жас – анамның туған нағашы ағасы, аға лейтенант Жақыпов Жаролла Әбдірахманұлы. Суреттер 1942 жылы майдан даласында түсірілген.

Жаролла көкеміз (біз бала кезден осылай атайтынбыз) 1915 жылы бұрынғы Бақсай ауданының  17-інші ауылында дүниеге келген. Әкесінің аты – Әбдірахман, анасының аты – Ибаш. Жаролла көкеміз бала кезден зерек болып, 1932 жылы Орал қаласындағы рабфакқа оқуға түскен. 1935 жылы оқуды бітіргеннен кейін институттың физика-математика факультетінде оқуын жалғастырған. 1938 жылы оқуды бітірген бойда Кеңес армиясы қатарына алынған. Ол, өзінің айтуы және тарихи деректер бойынша, 1939 жылғы фин соғысына, 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысына және фашистік Германияны тізе бүктіргеннен кейінгі Қиыр Шығысты милитаристік  Жапониядан азат ету жолындағы Холхин Голдағы ұрыстарға қатысыпты.

1946 жылы елге оралды. Новосибирск қаласында әскери госпитальда емделіп жатқанда танысқан медбике, татар қызы  Сағидамен үйленіп, туған елге жеңгемізді бірге алып келді.  Екеуі елу жыл бақытты өмір сүріп, 1995 жылы 80 жасында дүниеден өтті.

Жаролла көкеміз ұзақ уақыт Махамбет ауданындағы Сорочинко, Сарайшық ауылдарында тұрып, білім беру саласында абыройлы еңбек етті. Қазір Сарайшық селосындағы бір көше оның есімімен аталады.

Ал, 3-інші суреттегі үш қазақ жігітінің оң жақтағысы – анамның туған ағасы, Ұлы Отан соғысына қатынасып, елге аман-есен оралған жауынгер Иманбаев Тәжі Төлегенұлы. Бұл сурет 1942 жылы Грузияның Поти қаласында түсірілген.

Иманбаев Тәжі Төлегенұлы да 1914 жылы бұрынғы Бақсай ауданының 17-інші ауылында дүниеге келген. Маңғыстау өңірінде мектептерде ұстаздық еткен. Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп жүрген кезінде Ұлы Отан соғысы басталып, Кавказ бағытындағы қиян-кескі ұрыстарға қатынасқан. Ол 1946 жылы елге оралған соң, Бақсай ауданындағы №18 ауылда мектеп директоры болды.

Бұл уақыт табынан сарғайған суреттерді жариялауымның себебі – ел басына күн туған шақта тылда еңбек еткен, немере-шөбере сүйіп, 90 жас ғұмыр кешкен аяулы асыл анам Қалықыздың және оның Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көре алмаған бауырларының  рухтарына тағзым еткенім еді. 

 

Нәсіпқали ТӨЛЕГЕНОВ,

«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы»

Атырау музыка колледжінің оқытушысы. 

1-сурет: Рота командирі, аға лейтенант Жаролла Жақыпов.

2-сурет: Рота командирі, аға лейтенант Жаролла Жақыпов жауынгерлерінің ортасында. 1942 жыл.

3-сурет: Жауынгер Тәжі Иманбаев (оң жақтағы) қаруластары ортасында. 1942 жыл.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз