БАР БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ

Облыс әкімі аппаратының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының қолдауымен «Шаңырақ – 2008» үкіметтік емес ұйымы «Өнегелі әулеттер» фестивалін өткізді.

Мәдени шарада Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Киікбай Жаулин сөз сөйлеп, бүгінгі фестивальдің жастарға үлгі-өнеге боларлық отбасылар мерекесіне ұласуына тілектестік білдірді.

Қатысушылар фестивальдің талаптарына сәйкес, отбасымен және өздері ұстанатын ұлттық дәстүрлерімен таныстырды. Сонымен қатар, сүйікті әндері мен билерін орындады. Әр шаңырақтың асүйінде даярланатын ұлттық тағамдардың ерекшеліктері де қамтылды.

Алғашқы болып Голубевтар отбасы ортаға шықты. Людмила Голубева өзінің ата-анасы және ағасы туралы естеліктерімен бөлісіп, отбасылық альбомнан дайындалған бейнекөріністі көпшілік назарына ұсынды. Ол Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау колледжінде оқытушы болып еңбек етеді. Орта буын өкілі. Ұлы Роман Санкт-Петербург қаласындағы Әскери-теңіз академиясында оқиды. Атыраудағы жалғыз жақыны – Любовь Николаевна екеуі бір-біріне әркез демеу болуға тырысады. Бүгін әпкесі жасының егде тартқанына қарамастан оны қолдау үшін бірге келіпті.

Людмила Олеговна іс тоқығанды және бәліш пісіргенді жаны сүйеді. Ал, ән салу оның өмірінің айнымас бөлшегіне айналған. «Россияночка» хорының жетекшісі. Осы ансамбль құрамында отыз жылдан бері ән салып келеді. Бүгінгі фестивальде осы өнер ұжымының мүшелерімен бірге сахна төріне шығып, бірнеше әндерді шырқады.

Бұдан соң татар ұлтының өкілдері Хабибуллиндер отбасы сахна төріне көтерілді. Зейнеткер Иралия Хабибуллинаның үш ұлы және олардан өрбіген алты немересі бар. Бүгінгі шараға ол ұлы Елнурмен және екі немересімен келіпті. Зейнеткер үй шаруасымен айналысады. Қолы қалт еткенде немерелеріне қолөнердің қыр-сырын үйретеді. Қария жасында да ән салып, би билеуден алдына жан салмапты. Бір сөзбен айтқанда, өмірге құштар, белсенді жан.

Қазақстанда тұратын корей ұлтының өкілдері өздерінің еңбексүйгіш қасиеттерімен көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атыраулық корейлер қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүр. Олар бүгінгі фестивальдан да шет қалмады. Ю әулетінің атынан сөз сөйлеп, отбасын көпшілікке таныстырған Валерия Ю: «Кейбіреулер бізді корейлердің салт-дәстүрімен салынған үйде тұрып, ұлттық киім киіп, корей тағамдарын ғана тұтынады деп ойлайды. Ал, шындығында олай емес. Біз көбінесе орыс тілінде  сөйлесеміз. Бешбармақ, борщ сияқты әр ұлттың тағамдары біздің де дастарханымыздан жиі табылады. Бүгінгі фестивальға анам мен әжем және екі сіңлім қатысып отыр. Әкемнің аты-жөні – Анатолий Ю, мамандығы – инженер. Өзім туралы айтар болсам, жасым он тоғызда, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқимын», – деді. Бұдан соң оның отбасы корейлердің жаңа жылды қарсы алу дәстүрін паш етті. Әрмен қарай олар корейше, қазақша әндер орындады.

Шараны қорытындылаған Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» облыстық филиалының төрайымы Нұрлы Әйтиева: «Фестивальға қатысушылар өнерімен, ұлттық киімдері және төл дәстүрімен, сондай-ақ, асүй мәзірімен өздерін жан-жақты көрсете білді. Мұндай үлгілі отбасылар біздің қаламызда көптеп саналады. Бұл да – біздің мақтанышымыз. Бүгінгі шара – студент-жастарға үлкен өнеге» деді. Қатысушыларға арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Отбасылар мерекесіне облыс әкімі аппаратының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспекторы Зәмзагүл Жалмұрзина, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті Жаннат Асабаева, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы, облыстық «Қыз Жібек» қыздар клубының жетекшісі Бақыт Барсай да қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз