Садақада «сандық ашу» – салт па, әлде…

7770ee8827c978ce383419dfd279388f Жаңалықтар

«Әр елдің салты басқа…» демекші, шет мемлекеттерді сөз етпегеннің өзінде, Қазақстанымыздың әр аймағын мекен еткен халықтың ұстанатын салт-дәстүрі әрқалай. Расымен де, оларда өтетін той да, садақа да бір-бірінен едәуір өзгеше. Бұл бұл ма, өзіміздің алақандай Атыраудың ішінде де той-садақа өткізудегі естіп-білмеген қаншама жөн-жоралғы бар десеңізші.

7770ee8827c978ce383419dfd279388f

Биылғы наурыз айында абысыным қайтыс болып, Жылыой ауданына бардық.

Айман апамыздың үлкен күзеті. Үй толы кісі. Садақаға басшылық жасап жүрген Ермекбай бауырымыз ер адамдарды көрші үйлерге жіберіп жатыр. Байқаймын, қазақы үйдің кең бөлмесінде бір-біріне жанаса отырған әйел затынан көз сүрінеді. Олардың арасында қырықтың қырқасынан асқан әйелдер мен сексен-тоқсандағы кейуаналар да бар. Кенет ортаға су жаңа сандық әкелінді де, қақпағы ашылды. Қарасам, іші толы көйлек-көншек, мата, кәжекей, камзол, басқа тартатын шархат, жібек орамалдар…

Шынымен түкке түсінбеген мен жанымдағылардан: «Бұл не?» – деп сұрадым. Сөйтсем, бұл жылыойлықтардың өміріне жаңадан ене бастаған «Сандық ашу» атты жаңа салт екен. Бұрын біз ұзатыла келген қыз – жаңа түсіп жатқан келіннің ғана сандығын ашатынын көріп жүрсек, енді о дүниеге аттанып бара жатқан ақжаулықтың артында қалған әйел затына арнаған сандығын ашқанға куә болдық.

«Айналдырған ауру алмай қоймайды» демекші, дерті әбден меңдеп, бетінің бері қарамасын сезген ана жанына сіңлісі Сұлу мен қыз-келіндерін шақырыпты. Сонсоң көзі кеткеннен кейін ішіне кіріп, пәктейтін әйелдердің тізімін жаздыртқан. Үлкендер жағының кішілерге қамқор, қандай жағдайда да, бәрінің ауызбірлікте болуын мықтап тапсырған. Терең тыныстап алып:

Зейнетақыма дүкеннен жаңа сандық сатып алыңдар, оның ішін су жаңа мата-жаулық пен кәжекей-камзолға толтырыңдар. Әйтеуір, маған да, артымда қалатын сендерге де сөз келмесін. Ақтық сапарға ақ тілекпен аттанайын…  – деген. Қайтсін, аналарының соңғы өтінішін бала-келіндер мен қыз-күйеулер құп алады. Осылайша жаны алқымына келсе де, «жұрттан ұят болады» деген ойдан арыла алмаған тағы бір қазақ әйелі өмірден озады…

Асыл абысынымның сұрауы бойынша бір сандық киім-кешек барша ақжаулыққа таратылды. Біреу разы болар, біреу разы болмас, бірақ, әңгіме басқада. Ол – біздің ұлттың садақада да тойдағыдай шашылатынында, қайдағы жоқ ырым, жөн-жоралғы, әдет-ғұрыпты жандарына серік қылатынында. Бір сөзбен, «жұрт сөйтіп жатыр ғой» деп, қандай жағдайға да елп ете қалатынында. Бәрінен бұрын, қуанышты жағдай емес, қаралы үйде «сандық ашудың», мұнша ысырапшылдықтың қажеті не?! Осының бәрін көзбен көріп отырған мен жанымда отырған үлкен апайлардан: «Бұл өзі қайдан келген дәстүр?» деп сұрадым. Сонда олар бір-бірімен жарыса: «Білмейміз. Әйтеуір, соңғы жылдары осындай пайда болды. Бәріміз де бір-бір сандығымызды дайындап отырмыз…» десті.

Рас, қайтқан адамның бұрын ұстап-тұтқан дүниелері мен киген киімдерінің, таққан әшекей бұйымдарының өзінің ет жақын адамдарына таратылатынын көріп жүрміз. Ал, мынадай дәстүр – садақада «сандық ашуды» көріп тұрғанымыз осы. Шынында, 40-50 мың теңгеге сандық сатып алып, оның ішін жүздеген мың теңгенің киім-кешегіне толтырғанша, сол қаражатты марқұмның мәңгілік мекенін тұрғызуға, құлпытасын жасатуға жұмсаса болмас па?! Қайтейін, қайран, қазағым-ай…

Лиза Сейтімова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз