Қаржылық сауаттылықты қалай арттырамыз?

2023 05 18 terminator 17 05 2 Қоғам

Былтыр басталған «Қарызсыз қоғам» пилоттық жобасы өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, оның игілігін барша халық көруі керек деген еді. Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтетін Жол картасын және жобалық кеңселердің жұмысы туралы ережені дайындады.

Атырау облысында халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл да жалғасуда.

– Партия бірінші кезекте әр азаматтың өмірін жақсартуға, қоғамдағы проблемалық мәселелерді шешуге ұмтылады. Бұл мақсатта жыл басынан бері «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 1000-нан астамөңір тұрғыны оқудан өтті. Жалпы, бұл жобаға қызығушылық танытқандар саны көп. Өйткені, жоба несиеден құтылуға, ақшаның басын қосып кәсіп бастауға үйретеді. Ал, тіркелу немесе қосымша сұрақтар үшін тұрғылықты жердегі ауылдық әкімдікке және «AMANAT» партиясының кеңселеріне хабарласуға болады. Оқу офлайн форматта жүргізіледі, – «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсенің меңгерушісі Жаңылсын Қадырғалиева.

Жылыой аудандық филиалына қарасты «Қара-Арна» бастауыш партия ұйымының төрайымы Шолпан Оңғарбаеваның айтуынша, жобалық кеңселер азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді.

– «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша ауылда оң шешімін тапқан мәселені айтайын. Ауыл тұрғыны такси қызметімен табыс тауып жүрген еді. Алайда, несиесін уақытыл төлемегесін оның жүргізуші куәлігіне сот шешімімен тыйым салынды. Жоба сарапшылары сотпен келісе отырып, міндеттемелер бойынша төлемнің оңтайлы мөлшерін есептеуге көмектесті, – деген төрайым ауыл тұрғынының мәселесі шешілгенін айтты.

Айта кетейік, бес күнге созылатын тегін қаржылық сауаттылықты меңгеру курсында қатысушылар отбасылық бюджетті жүргізу, шығындарды басқару, несиелік қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу бойынша ұсыныстар алуды, депозит және тиімді шарттармен несие таңдауды, ірі сатып алуларды жоспарлауды меңгеріп шығады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз