Отанға деген сағыныш

Отанға деген сағыныш Жаңалықтар
Қиындыққа тосқауыл бола алмады

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол». Бұл – тағдырдың айдауымен бір кездері Өзбекстан жерінде туып-өсіп, елге оралған қандасымыз Шахарман Ерсейітованың өмірлік ұстанымы. Қилы-қилы тағдырды бастан кешірген оның ата-бабалары жүріп өткен жолды қазақтың тұтас тарихы десек те болады. «Бәзбіреулер, әдетте, материалдық байлықты өмірдің басты құндылығына балап жатады ғой. Мен олай ойламаймын. Себебі, өзбек жеріндегі дәулеттілердің қатарында менің де отбасым болды. Бірақ, туған елге деген сағыныштың қасында ол байлықтың еш мәні болмай қалды. Отаныма оралғаныма қуанамын» дейді кейіпкеріміз.

Отанға деген сағыныш

Дүрбелең

Шахарман – арғы атасы Құрман болыстың ұрпағы. Құрман болыс Қызылорданың тумасы екен. Кеңес Үкіметі құрылғаннан кейін қазақ даласын түрлі сынақтардың зертханасына айналдырған биліктің «жаппай конфискациялау» деген идеяны ойлап шығарғаны белгілі.

Тұтас ауылды асырап отырған қазақ байларын, ауқатты, орта дәулеттілердің мал-мүлкін талан-таражға салып, соңы қуғындаумен аяқталған науқан Құрман болыстың да шаңырағынан аттап өтпеді. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен кер заманда қуғынға ұшыраған қазақтың алдында ұрпақты сақтап қалу міндеті тұрды.

«Сол кезде атам көп ойланбай, әжемнің жанына сенімді деген адамдарын қосып, өзбек шекарасына асырып жіберіпті. Байғұс әжемнің қарсы келуге шарасы болмаған. Себебі, ішінде сәбиі  бар еді. Ересектеу балалары «әкемізді жалғыз тастамаймыз» деп, елде қалған екен» деді көңілі босаған кейіпкеріміз.

Тағдырдың ауыр сынағын қасқайып тұрып қарсы алған Құрман болыс ересек балаларымен елде қалып талай зобалаңды бастан кешеді. Олардың кейінгі өмірі қалай аяқталғаны белгісіз. Еш хабар болмайды. Десе де, Құрман қарт білген екен. Өзбекстан шекарасына асуға мәжбүр болған жұбайы түйенің үстінде толғатып, ер бала өмірге келеді.

«Осылайша, Құрман болыстың ұрпағынан қалған жалғыз тұяқ – менің әкем Әбілқасым болды. Әкем жоғары білім алды. Өзбекстанның Үргеніш қаласында жауапты қызметтерді атқарды. Есепші болатын. Анамыз екеуі он екі баланы өмірге әкелді. Бір қызығы, бар өмірі жат елде өткеніне қарамастан, әкеміз  қазақтың   дәстүрін, мәдениетін сақтаған кісі болды. Өзбекстанда жүріп, қазақтардың этномәдени қоғамын да ашты. Қолға түсе бермейтін киіз үйді құрып, қазақтың мәдениетін дәріптейтін шараларды кәдімгідей мерекеге айналдырып жіберетін. Оны жергілікті халық «Әбілқасым қазақ» деп атайтын болды. Әкемнің ұлтжандылығы оның нақты істерінен көрінді. Қазақ мектебін ашты. Сегізжылдық мектепте көптеген қазақ балалары білім алды.

Әкем түздің адамы болғандықтан, біздің тәрбиемізге негізінен әжеміз араласатын. Әжемнің көзінше орысша бір ауыз сөз айтуға именетінбіз. «Үй ішінде қазақша сөйлесіңдер. Тілдеріңді, ұлттарыңды ұмытпаңдар. Себебі, сендер – қазақсыңдар» деп отыратын. Туған жерге деген махабаттымызды оятқан да осы сөздер деп ойлаймын.

Отанға деген сағыныш-2

Күншуақ

«Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жыл біздің әулетіміздің өмірін түбегейлі өзгертті. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жас мемлекеттің басшысы ретінде теледидар арқылы сөйлеп жатқанын көрген кезде Әбілқасым әкем қатты қуанды. «Маңдайы жарқыраған адам екен. Болашақ – Қазақтың елінде. Мен арманыма жете алмадым. Бірақ, балаларымның өз елімде өсіп-өркендегенін  қалаймын» деген әкем көзіне жас алды. Осы бір толқынысты сәт біз үшін шешуші кезең болды. Араға бір жыл салып, Өмірбек атты інім Қазақстанға көшіп келді. Бұл әке аманаты болатын.

1992 жылы елде жағдай оңай болған жоқ. Квота бөлу тұрмақ, тұрақты жұмыс табу арман еді. Осындай қиын кезеңде інім жас отбасымен бірге Құлсары қаласына көшіп келді. Ұзақ уақыт пәтер жалдап тұрды. Мамандығы экономист-бухгалтер болатын. Бастапқыда Құлсарының жергілікті әкімдігінде есепші болды. Кейін облыс орталығындағы Салық инспекциясына ауысты. Інім елге сіңіскен соң барлық бауырларым Қазақстанға көшіп кетті.

Мен Ташкентте тұрмысқа шықтым. Мемлекеттік әлем тілдері университетінде ғылыми кітапхана директорының орынбасары болып қызмет еттім. Балаларым мектеп жасында еді. Сондай күндердің бірінде бауырларым мені жиі іздеп келе бастады. «Өзбекстанда жағдайымыз жаман болған жоқ. Бірақ, өз елімізде тұрудың жөні бөлек екен. «Қазақпын» деп айтуға қысылмайсың. Өз жеріңнің қожасы болғанға не жетсін?!» деп, кәдімгідей еміреніп отырғанда  көңілім түсініксіз күй кешетін. Ол Отанға деген сағыныш еді.

Алакөңіл болып жүрген күйімді отағасы да сезді. Бастапқыда қарсы болды. «Ташкент – ата-бабаларымыздан қалған өз қазағымыздың жері» деп, қайын жұртым мүлде кесіп тастады. Олар Ұлы жүзден шыққан Сырғалы руынан еді. Ойлап қарасақ, бұл сөздің жаны бар екен. Ташкентте әлі күнге дейін қазақтың руымен аталатын көшелер бар. Айтып-айтпай не керек, отбасымызбен бәрібір елге көшіп келдік. Бұл 2007 жыл болатын.

Оңай болды дей алмаймын. Бірақ, біз болашаққа сендік. Себебі, мемлекетіміз бізді құшақ жая қарсы алды. Квота алдық, көп ұзамай Тасқаладан жер телімі берілді. Кейін үй тұрғызып алдық» деген Шахарман қазақ халқының дархандығына ерекше ризалығын білдірді.

«Қазақстанның ең басты жетістігі – халық арасында өзара келісімнің болуында» деп ойлаймын. Біз өте мейірімді елміз. Ұлтына, дініне қарай кемсіту, бөлу деген мәселенің жоқтығы бүгінгідей бейбіт өмірге ұластырып отыр. Шет елдерден мұндай кеңпейілдікті байқау қиындау» дейді ол.

P.S. Қарапайым ғана қазақ әйелінің әсерлі әңгімесінен Отанға деген сүйіспеншіліктің шынайы үлгісін көргендей болдық. Сыртта жүрген қандастарымыздың ата-баба жеріне деген сағынышын сезіндік.

С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде кітапхана меңгерушісі болып еңбек ететін Шахарман Ерсейітова – қазақтың  дәстүрін насихаттап жүрген бірегей тұлғалардың қатарынан. 2013 жылы ол «Хиуаз» қоғамдық бірлестігін ашты.

«Қазақтың ұлттық киіміне Наурыз мерекесінде ғана киілетін костюм ретіндегі көзқарас қатты қынжылтатын. Сол ойдың жетегінде жүріп, «Әжелер ансамблін» өмірге әкелдім. Оның құрамындағы он алты әженің барлығы – «Алтын алқалы» ардақты аналар. Біздің ансамбль ұмыт болып бара жатқан қазақ әндерін шырқайды. Қолөнер бұйымдарын да жасаймыз. Елбасынан алған Алғыс хатымыз да бар. Ал, бірлестікке Хиуаз Доспанова апамыздың есімін беру – қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қызға, Халық Қаһарманына деген құрмет  дейді кейіпкеріміз.

Қоғамдық бірлестік құра тұра, бірде-бір рет мемлекеттен грант алуға жұмыстанбаған кейіпкеріміз бірбеткей тұлға екендігін көрсетті. «Қазақтың өткенін насихаттау арқылы қоғамның дамуына үлес қосқым келді. Мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Себебі, қазір қазақтың ұлттық нақыштағы киімдері отандық брендке айналды. Мен үшін бұл нәтиженің құны миллиондардан да қымбатырақ» дейді ол.   

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз