Snimok 1

Омыртқаны ошақ басына іл!

Жаңалықтар СарапTime Қоғам Ұлы даланың жеті қыры

Atr.kz/19 тамыз, 2019 жыл. Қазақ халқының даналығы оның ырым-тыйымдарынан анық көрінеді. Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлтымыздың құндылықтарын түгендейтін кез туғанын айтып, тапсырма беріп отырған тұста ел арасында сирек те болса кездесіп қалатын көне ғұрыптарды ұрпақ жадына оралтуды парыз санағанымыз рас. Ұлттық код деп жүргеніміз де ықылымнан бүгінге жеткен салт-сана екені әмбеге аян. Бағзы заманнан тыныс-тіршілігін төрт түлік малмен байланыстырған халқымыз сойылған малдың сүйектерін шашау шығармай, тіршілікке мән беретін тағылымға айналдырған. Бүгінгідей еңбектеген баладан, еңкейген жасқа дейін телефонға телміріп, интернеттен ақыл сұраған тұста сонау көне түркі заманынан бері қарай көнермей жеткен рухани ырым-тыйымдардың өзіміз естіген, білетін тұстарын оқырман назарына ұсынуды жөн деп тауып, «Аты­рау» газетімен үзбей байланыс жасайтын оқырмандардан аталған тақырыпқа пікірлерін сұраған болатынбыз. Сонымен, бүгінгі біздің әңгіме ауыз омыртқа турасында болмақ.

 Ғафу САФИҚЫЗЫ,

ардагер ұстаз:

 – Біз – көзін мал­мен ашқан қазақпыз. Нарын құмын ен жайлаған ата-бабаларымыз алдына мыңғырған мал айдап, айналасына имандылық нұрын шашқан адамдар болғанын с о л төңіректегі үлкендер біледі. Менің ұстазым – қарт шешем, қазіргі тілмен айтқанда, әжем мен анам. Әсіресе, қарт шешемнің жа­нында көп болғандықтан, ол кісінің айтатын өсиет-ақылы әлі күнге дейін есімде. Соның бірі ауыз омыртқаға қатысты еді. Қазақы ауылда әр үйдің алдында тамақ пісіретін ошақ болады.

Қазанға ет асылады, тамақ пісіріледі, та­бамен нан көміледі. Бүгінгі ұрпаққа осының бәрі таңсық, тіптен, орта жастағы адамдар да бұның бәрін біле бермейді. Сол ошақтың маңына ауыз омыртқаны пышақ пен тіс тигізбей тазалап, іліп қоятын. Сондағы ай­татыны: «Ауыз омыртқаны ошақ басына, қазан жанына ілсең, үйден құт- береке арылмайды» дейтін. Келе-келе өз ұлтымыздың көне ғұрпы ұмытылып бара жатқаны мені қынжылтады. Келіндер ауыз омыртқаны тамақ пісіретін жерге ілсе, тоңазытқышқа сақтаса, сол үйдің берекесі кіріп, дәулеті артады деп ойлаймын. Өзім үнемі осылай жасаймын.

 Самал ТӨЛЕПОВА,

жас ұстаз:

– «Отыз омыртқа, қырық қабырға, бәрін ұстап тұрған – ауыз омыртқа» деген жұмбақты бала кезімізде үлкен кісілер көп жасыратын. Оның шешуі – шаңырақ. Шындығында, бүкіл мойын омыртқаны, қабырғаны біріктіріп тұратын ауыз омыртқа болса, киіз үйді ұстап тұрған – шаңырақ емес пе? Осы тұрғыдан келгенде ауыз омыртқаның қасиетін аталарымыз, әжелеріміз жақсы білген. Сондықтан да жоғарыдағы ауыз әдебиеті үлгісінде ауыз омыртқаны шаңырақпен шендестірген. Менің анам бізге «Ауыз омыртқаны сақтаған адамға Қыдыр дариды. Отбасы береке- бірлікте болады» деуден бір танбайды.

Бүкіл отбасындағы мүшелердің татулығына, ырыздық-несібесіне септігін тигізетін ауыз омыртқаны қоқыс жәшігі маңынан көргенде көзімнен жас ыршып кететінін қалай жасырайын? Ерінбей еңкейіп алып, жоғары көтеріп қоямын. Кім не ойласа да өзі біледі, бірақ, ұлттың рухани құндылығына мән берме­сек кім болғанымыз?

 Жәмилә ОТАРБАЕВА,

қазақ тілі мен

әдебиеті пәні мұғалімі:

 – Қазақ фольклорында да ауыз омыртқа туралы айтылады. Тіптен, бір ертегіде үйін қарақшылар қорыған үлкен қария ауыз омыртқаны төрге іліп, кәрі жілікті екі босағасына байлап қояды. Сол кезде қырық қарақшыға ауыз омыртқа үйде, қақ төрде дастарханды айнала қоршаған адамдар болып, ал, кәрі жілік босағаны күзеткен күзетші болып көрінген екен деседі. Әрине, мұның бәрі халық қиялынан туған, деген­мен де оның астарын­да үлкен мән бар екені даусыз.

 Абай ҚАСЫМОВ,

физика пәнінің мұғалімі:

 Ауыз омыртқаның қасиеті мен киесі туралы үйдегі үлкендер үнемі айтып отыра­ды. Мен мойын омыртқа туралы айтсам деп едім.

 Бас сүйекті қаңқаға жалғастырып тұратын ауыз омыртқаның рөлі ерекше екені рас. Ауыз омыртқамен тығыз байланысып тұрған мойын омыртқаның қаңқаны ұстаудағы қызметі одан қалыспайды. Бір сөзбен айтқанда, дене сүйектерінің әрқайсысының өз орны бар, оны басқа ешнәрсе ауыстыра алмайды. Қазақ мойын омыртқаға үлкен мән берген. Мәселен, жаңа туған шарананың мойны бекісін деп қалжаға сойылған қойдың мойын омыртқасын бұзбай, сол күйінде іліп, қатырып қойған. Бұл ырымның астарында сәбидің дені сау болып, мойны тез бекиді деген ұғым бар. Кезіндегі «Алпамыс батыр», «Ертөстіктер» дәл осы ырыммен өскен балалар емес пе?

Өз ұл-қыздарымыз әдет-ғұрпын ұмытпайтын, адал сүт емген балалар болуы үшін де осынау ырым-тыйым­дарды сақтауға тиіспіз. Ұлттық код дегеніміз де – осы!

 P.S. Тәуелсіздіктің тұғырына бас сүйеп, өткен- кеткенімізді түгендеп жатырмыз. Алмағайып дәуірлердің дауылы ұйтқып, бұрқасынды бо­раны бұрқыраған кез­де «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген­дей, тұс-тұсқа босып кет­кен халқымызды Елбасы біріктіріп, Күлтегін мен Білгенің «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға кірісті. Осы бір басымызға қонған бақ құсын аялап, ұлтымыздың құндылығын ұлықтай білетін кез жетті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған