Isatay BALMA  AMBETOV

Медициналық сақтандырудың тиімділігі неде?

Жаңалықтар Медицина Шаһар шырайы

Елбасы тапсырмасымен қолға алынған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың маңызы қандай? Оның тиімділігі неде? Жарнаны кім, қалай төлейді? Осы және өзге де сауалдар аясындағы мәселелер «Atyraý» облыстық қоғамдық-саяси газеті редакциясында ұйымдастырылған «дөңгелек үстелге» арқау болды.

Мемлекеттің негізгі байлығы саналатын ұлт денсаулығын сақтаудағы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын талқылауға арналған басқосуға аталған газеттің бас редакторы Исатай Балмағамбетов модераторлық етті. Ашық пікір алаңына «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гүлнафис Таңбаева, облыстық аурухананың директоры Сайын Шомыров, Атырау қалалық №7 емхананың директоры Сағытжан Айдаралиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының басқарма басшысы Нұрлыбек Спуғалиев қатысты.

????????????????????????????????????

 Адам саулығы – басты байлық

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

Елбасының Ұлт жоспары негізінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заң қабылданып, өзгерістер енгені баршамызға белгілі. Оның негізінде арнайы қор құрылып, әр аймақта филиалдары қызмет етуде. Бүгінде осы қор аясында тұрғындарды қолжетімді медициналық көмекпен теңдей қамтамасыз ету, жұртшылықты медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғау мақсатындағы жұмыстар қалай жүргізіледі? Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігі неде? Әңгімемізді алдымен осыдан бастасақ…

Байтолла ҒАЗИЗОВ:

–Елбасының Ұлт жоспары негізінде арнайы Заң қабылданып, коммерциялық емес акционерлік қоғам құрылды. Бүгінде қор аясында дайындық жұмыстары басталды. Заңға енген өзгерістерге сәйкес МӘМС 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылады. Мұндағы басты мақсат – Қазақстанның сақтандырылған барша азаматтарының жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне және табыстарына қарамастан медициналық көмекке қолжетімділікке кепілдік беру. Өткен жылдың шілдесінен бастап тегін кепілдендірілген медициналық көмектің операторы болып та қызмет атқарудамыз. Бірінші кезеңде жоспарлау, одан кейін медициналық қызметтерді көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын және үшіншіден, көрсетілетін қызметтерді сатып алу келісім-шарттарын жасақтау, төртінші, көрсетілетін медициналық қызметтің сапалы жүргізілуіне мониторинг жүргізу бағыттарын көздейді. Қор инфрақұрылымды сүйемелдеу немесе жекеменшік секторды дамыту үшін емес, ең бастысы адамдардың саулығы мен мүддесін қорғауға бағытталған.

Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға облыс бойынша 80 денсаулық сақтау субъектісі тіркелді. Оның 35-і мемлекеттік, 45-і жеке меншіктегілер. 2018 жылға медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемін алуға 62 денсаулық сақтау субъектілері өтініш берді. Оның 34-і мемлекеттік, 28-і жеке меншіктегілер. Қазір олармен қоян-қолтық қызмет атқарудамыз.

Қор емдеу мекемелерімен мемлекеттік тапсырыс бойынша халыққа кепілдендірілген тегін көмек көрсету жөнінде де келісім-шарттар бекіткен болатын. Бүгінде оның жалпы сомасы – 22,8 млрд. теңге. Жұмыс кестеге сай жүруде. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті.  Ал, Медициналық сақтандыру жүйесін іске асыруға қорға жиналған қаражат еліміздің Ұлттық банкінде жинақталуда. Ол 2020 жылдан бастап қана пайдаланылады.

 Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Қордың денсаулық сақтау басқармасымен ара-қатынасы қалай үндеседі? Медициналық сақтандыру аясында облыста қанша денсаулық сақтау ұйымы осы қызметті атқаруға дайын?

Байтолла ҒАЗИЗОВ:

Аталған басқармамен қоян-қолтық жұмыс жасаудамыз. Өйткені, кейбір денсаулық сақтау субъектілеріне коммуналдық шығын, күрделі жөндеу секілді жұмыстарға қосымша қаражат денсаулық сақтау басқармасы арқылы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бұл ретте денсаулық сақтау мекемелерінде мұндай демеушіліктер биыл да жасалуда. Ал, біздің қордан кепілдендірілген тегін медициналық көмекті жүргізуге жұмсалған қаражат туралы ақпарат аталған басқармаға беріледі. Олар жасалған жұмыстарға талдау жасап, әрбір қызметті бақылауда ұстап отырады.

Screenshot_1

Санатты анықтау маңызды

Гүлнафис ТАҢБАЕВА:

Облыста Міндетті  әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлген қаражаты негізінде барлық денсаулық сақтау ұйымы жұмыс жасауда. Ал, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бұл мекемелер жұмыс беруші ретінде өздерінің осы қорға белгіленген еңбекақысынан 1 пайыз бөлді. Биылдан бастап бұл жарна  көлемі еңбекақының 1,5 пайызына көтерілді.  2020 жылы 1 қаңтардан бастап барлығы қор арқылы  медициналық көмекті ала алады. Мұның ішінде әуе жолы арқылы көрсетілетін көмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында жүргізіледі. Сондай-ақ, алғашқы санитарлық көмек те осы КТМК негізінде көрсетіледі. Жедел жәрдем көмегі де, полиативті емдер де бар.

МӘМС қоры негізінде көрсетілетін қызметтерді халыққа түсіндіруде құзырлы органдармен біріккен жұмыстар атқарылуда. Биыл жыл басында 54688 адамның статусы белгісіз еді. Бүгінде 22922-сі  сәйкестендірілді. Ал, студенттер, белгілі бір тұрақ жайы жоқ адамдар, елімізден көшіп кеткендер, қайтыс болғандар үшін уақытында анықтама алмағандарын қоса есептегенде 31746 адамның санаты белгісіз. Қазір сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте емханаларға халықты тіркеу жұмыстары атқарылды. Азаматтар емханаға жеке бас куәлігі мен ЖСН арқылы тіркеліп, статусын анықтай алады. 1167 адамның зейнетақы жарналарынсыз жұмыс жасайтыны белгілі болды. 5216-сы  тіркелмеген жұмыссыздар, 16478-і өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 8560-ы басқа санаттағы азаматтар болып табылады.

Адамның денсаулығына тек ақ халаттылар ғана емес, әркімнің өзі жауапты болуы қажет. Әрбір азамат өз ауруларын басқара алатын жағдайда болуы маңызды. Осы тұрғыда еліміздің азаматы міндетті түрде тіркеуде болып, санатын анықтауы қажет. Осы жұмыстарды жүйелеуге бізге 2020 жылға дейін уақыт берілді.

Screenshot_2

 Гүлболат АМАНҒАЛИЕВА:

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында азаматтардың санатын анықтауда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы да жүктелген міндетті атқаруда. Облыста мәртебесі анықталмаған 54 697 азаматтың ішінде бүгінде 32897-сі орталық дерек қорларымен сәйкестендірілді. Ал, біздегі мәлімет бойынша, мәртебесі анықталмаған 21800 адам бар. Оның ішінде 10 пайыздық зейнетақы жарналарынсыз жұмыс жасайтыны – 336 адам. Бұрын бұл көрсеткіш 4-5 мың болды.  Қала, аудан әкімдіктері мен салық органдары осы азаматтармен жұмыс жасауда. Оларға жұмыс берушілер міндетті түрде зейнетақы жарналарын аудару қажеттігі айтылуда. Сондай-ақ, мәртебесі анықталмаған адамдар ішінде 1467-сі – формализациялаудан бас тартқандар. Олар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан да бас тартып отыр. Мұндай азаматтардан қолхат ала отырып,  мәртебесі анықталмаса, 2020 жылдан бастап медициналық қызметті толық ала алмайтындықтарын айтып, түсіндірудеміз. Бұдан басқа, 3848 адам тіркелмеген жұмыссыздар болып анықталды.

Сайын  ШОМЫРОВ:         

– Облыста 600 мың тұрғын бар. Ал, оның бүгінде 21800-інің ғана санаты анықталмаған болса, 2020 жылға дейін барлығын жүйелеуге әбден болады. Халық ішінде 14 топқа жататын санаттағыларға жарнаны мемлекет төлейді. Бұл ретте біздің облыс халқының қанша пайызына жарнаны мемлекет төлейтінін де анықтау маңызды. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш белгілі болғаны жөн.

Screenshot_3

Байтолла ҒАЗИЗОВ:

 – Статистикаға сүйенсек, республика бойынша 18 млн. халықтың 10 млн. тұрғыны үшін жарнаны мемлекет төлейді. Алдағы уақытта мұндай талдауларды біздің облыста да жүргізу қажет.

Гүлболат АМАНҒАЛИЕВА:

–Азаматтардың санатын анықтауда арнайы жоспар жасақталды. Тіркелмеген жұмыссыздар шақырылып, жұмысты қажет ететіндер есепке алынып, жұмыстан бас тартқандарынан қолхаттар жинақталуда.  Жалдамалы қызметкерлер мен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандармен келісім-шарт жасасу, жеке кәсіпкер ретінде тіркету және «Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер» санатына бөлу жұмыстары жүргізілуде. 6560 жұмыссызды жұмыспен қамту жоспарланды. Күні бүгін жоспардың 58 пайызы орындалып, 3776 адам жұмыспен қамтылды.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

Қызметкерлер үшін жарнаны жұмыс беруші  төлейді. Ал, сақтандыру жарнасы жұмысшылардың жалақысына әсер ете ме? Сондай-ақ, азамат өзінің медициналық сақтандырылғаны туралы қалай, қайдан  білуіне болады?

Байтолла ҒАЗИЗОВ:

Сақтандыру жарнасы жұмыскерлердің жалақысына еш әсер етпейді. Оған күмәндануға негіз жоқ. Өйткені, 2018 жылдан бастап үкімет әлеуметтік салықты 1,5 пайызға дейін төмендетті. Бұған  дейін бұл көрсеткіш 3 пайыз болған еді.  Әрбір жұмыс беруші жарнаны ай сайын тұрақты аударып отыруы тиіс. Аудармаған жағдайда жұмыс беруші өсімпұл төлейді. Егер сіз жұмыскер болсаңыз, онда заңнамаға сәйкес жұмыс беруші ай сайын, келесі есепті айдан кейінгі айдың 15-ші күнінен кешіктірмей ұсталған және аударылған  жарналар туралы мәліметті ұсынуға міндетті. Сондай-ақ, бұл ақпаратты  өзіңіз тіркелген емханадан білуге болады.

Screenshot_4

Нұрлыбек СПУҒАЛИЕВ:

–Жарнаның аударылғанын немесе аударылмағанын http://egov.kz порталы арқылы да анықтайды. Ол үшін жеке азаматтың электронды қолтаңбасы болуы қажет. Азаматтың медициналық сақтандыруы бар-жоғын білу үшін медициналық ұйымның қызметкері бірыңғай электрондық деректер базасына азаматтың ЖСН-ін енгізеді. Егер аударымдар жүргізілсе, онда жүгінуші сақтандыру ұсынатын барлық қызмет спектрін пайдалануға құқылы. Ал, заңды тұлғалар үшін мемлекеттік корпорация мемлекеттік монополияға жататын мынадай қызмет түрлері көрсетіледі: жеке сәйкестендіру нөмірлері негізінде аударымдарды және жарналарды есепке алады және мемлекеттік кіріс органдарымен аударымдардың немесе жарналардың түсімдерін салыстырады. Аударымдар мен жарналарды қорға банктік үш күн ішінде толық немесе уақытылы төлемегені үшін өсімпұлдардың қате есепке жатқызылған сомаларын қайтаруды жүргізеді.

Еліміздің заңнамалық актілерінде көзделген жағдайлардан басқа, аударымдар мен жарналардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығы қамтамасыз етіледі.      

Сайын ШОМЫРОВ:

Қордың есептеуінше, 2020 жылға дейін  шамамен қанша қаржы жиналады деген жоспар бар?

Байтолла ҒАЗИЗОВ:

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бүгінгі күнге дейін 18 млрд. 064 млн. теңге Ұлттық банктің қорына жиналды. Соның ішінде  Атырау облысы бойынша 7 млрд.  442 млн. теңге бар. Еліміз бойынша жиналған соманың 92,7 пайызы  жұмыс берушілер есебінен болса, 7,3 пайызы – жеке кәсіпкерлердің төлеген жарнасы. Біздің облыстан жарнаның 4 пайызы жеке кәсіпкерлерден, қалғаны жұмыс берушілер тарапынан төленді. Жалпы, республика бойынша қордағы қаржы сомасының 40 пайызын Атырау облысы құрайды. Осы есеппен 2020 жылға дейінгі толық жиналатын қаржы көлемін шығаруға болады.

 Сағытжан АЙДАРАЛИЕВ:

–Бұл статистикаларға сүйенсек, жеке кәсіпкерлердің жарна аударуда жауапкершіліктері төмен. Атырау қалалық №7 емханасы жұмыс беруші ретінде әр айда  қызметкерлер үшін жалақысының 1,5 пайызын тұрақты аударып келеді. 239 қызметкерге ай сайын жарна  аударылуда. Былтырдан бастап қазірге дейін емхана қорға бес миллион теңге қаржы аударды. 14 зейнеткер, 5 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс жасайды. Оларға жарна мемлекет тарапынан төленуде. Жеке кәсіпкерлер де неге осылай аудармасқа? Міндетті әлеуметтік  сақтандыру жүйесі мемлекеттік болып енгізілгеннен кейін халықтың мүддесі үшін оған әрбір жұмыс беруші де, жеке кәсіпкерлер де жауапты болуы қажет. Мұндай жауапкершілік болмағаннан кейін бұл қордың жұмысына кері әсер етеді. 2020 жылға аз ғана мерзім қалды. Көзді-ашып жұмғанша бұл уақыт келіп қалады. Сондықтан, жарнаны аударуға әрбір жұмыс беруші мен кәсіпкер жауапты болуы тиіс.

Елбасының алға қойған тапсырмасы негізінде халыққа сапалы, қолжетімді қызмет көрсетуде бұған бейжай қарауға болмайды. Сондықтан, әрбір денсаулық сақтау ұйымы  халыққа сапалы қызмет ұсынатындай болуы қажет. Медициналық көмек көрсетуге арналған ең үздік емханалар қатарына қосылып, тұрақты қаржыландырылуы маңызды. Жаңа медициналық технологиялар енгізіліп, қызмет көрсету сапасын жақсарту тиіс. Осы бағытта біздің емханада бірқатар жаңашылдықтар бар. Емхана облыс бойынша озық үлгідегі тәжірибесі бар орталық болып анықталды. 2020 жылы МӘМС жүйесі толық іске асқанға дейін біздегі денсаулық сақтау ұйымдары өз жағдайларын жақсартып, халыққа сапалы қызмет көрсете алатын жан-жақты мүмкіндіктерін жасап алғаны жөн.

Сайын ШОМЫРОВ:

Бүгінде көпшілік арасында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруда санаты анықталмай, жарна төленбесе де медициналық қызмет көрсетіледі береді» деген түсінік бар. Бұл тұста әрбір адам мына нәрсені ажырата білуі маңызды: Мәртебесі анықталмаған, ол үшін жарна төленбеген азамат тек қана «жедел  жәрдем» және санитариялық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезіндегі медициналық көмек, шұғыл жағдайлар кезіндегі медициналық көмек, профилактикалық егулерді ғана ала алады. Ал, МӘМС жүйесіне қатысушы амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек, стационарды алмастыратын көмек, жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету, оның ішінде қымбат оталарды да пайдалану құқығына ие болады.

Ауруды ерте анықтау – емделуге кепіл

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

Қазір науқастардың ауруханаға жатып ем алуы қиындап кеткені рас. Яғни, портал бойынша біраз уақыт жоғалтып, құжат жинап әлек болады. Одан әрі ауруханада орын босағанша оның кезегін күту мәселесі тағы бар. Осы орайда халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуде порталдың тиімділігі неде?

Сайын ШОМЫРОВ:

–Жасыратыны жоқ, бұрын ауруханаға таныс-тамыр арқылы жата беретін болды. Қазіргі жүйе бойынша науқас ауруханаға міндетті түрде  порталға тіркеліп, жатқызылады. Ал, науқастың жағдайы аса ауыр, шұғыл түрде дәрігерлік көмекті қажет етсе, әрине, «жедел жәрдем» арқылы қабылданады. Портал бойынша жүргізілсе науқас бізге дейін стационарлық дәрігердің қарауынан өтеді. Анализдерін тапсырып, дәрігерлік тексеріс жүйелі жүргізіледі. Елбасы айтқандай, стационарда 24 сағаттық күтімді қажет ететін ауыр науқастар ғана жатуы керек. Сондықтан, сырқат адам алдымен жергілікті емханасынан тексерілуі қажет. Оның ауруына сол орынның әлі жетпей жатқан жағдайда ғана ауруханаға жатып ем қабылдау қажеттігі шешіледі.

Әрбір адам ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын іздеуі маңызды. Бұл ретте өз денсаулығына баса мән беріп, ауруханада ем алатын жағдайға жеткізбегені дұрыс. Осы тұрғыда емханада тұрақты дәрігерлік тексерістен өтіп, өз саулықтарын қадағалауы тиіс. Қордағы қаржыны денсаулық сақтау ұйымдарына бөлгенде ең алдымен, емханаларға басымдық беріледі. Бұл ауруды асқындырмауды, оның алдын алуды көздейді. Өлім-жітімді азайтуды мақсат етеді. Шетелдерде кез келген ауру бойынша еңбекке жарамсыздық бетшесі ашылмайды немесе оған ақы төленбейді. Израильда бүкіл ел үшін 40 орынға арналған туберкулезді емдеу орталығы бар. Бұл – адамдардың саулығына аса жауаптылықпен қарай білгенінің көрінісі.

Гүлнафис ТАҢБАЕВА:

–Бүгінде халықаралық деңгейде 500-ден аса ауру болса, қазір соның бірқатарын қысқартып, тізімде жүз шақты ауру түрін қалдыру қажеттігі қаралуда. Қазір «жедел жәрдем» көмегі тегін болғаннан кейін адамдар күндіз емханаларға бармай, жұмыстан соң басы шаншыса да жедел жәрдем шақыртуға құмар. Бұл ретте шақыртулар ауру жағдайына байланысты алты санатқа бөлінді.                                    

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

Аудандық емханада тіркеуде тұрған адам облыс орталығында жұмыс жасайды. Ауырып қалған жағдайда қаладағы денсаулық сақтау ұйымдарына тегін тексеріле ала ма? Медициналық сақтандыру толық жүзеге асқанда бұл жағдай қалай болады?

Сағытжан АЙДАРАЛИЕВ:

Мұндай жағдайда өзіне жақын емханаға барып медициналық көмек ала алады.  Бұл адамға үш күнге дейін уақытша еңбекке жарамсыздық бетшесі ашылады. Осы уақыт ішінде аурудың жағдайы жақсармаса, ауруханаға жіберіледі.

Тобықтай түйін:

Жиынды қорытындылаған газеттің бас редакторы Исатай Балмағамбетов әрбір адам денсаулығына аса жауаптылықпен қарауы қажеттігін баса айтты. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толық іске асқан кезде санаты анықталмағандарға науқастанған кезде оған дәрігерлік тексерістен өту, сапалы қолжетімді медициналық қызметтерді пайдалану қиынға соғады. Сондықтан, алдағы уақытта алуан сауалдар аясында мәселе, дау туындамауы үшін әрбір азамат бүгіннен бастап өз құқығы аясында санатын белгілеуі қажет. Оны жан-жақты халыққа түсіндіріп, жеткізу – бізге міндет. Өйткені, адам саулығы – қашан да маңызды» деді Исатай Құндызбайұлы.

 

Жазып алған: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған