Медициналық сақтандыру: Тұрғындар қайда тіркелуі керек?

Медициналық сақтандыру Жаңалықтар

Елімізде қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі қызу талқыға түсіп отыр. Осы кезге дейін үкімет жарна төлейтін 15 әлеуметтік осал топты анықтаса, Заң нормасындағы соңғы өзгеріске сәйкес енді олардың саны 18-ге жеткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің медициналық қызметке тегін кепілдік беру көлемін және сапасын бақылау бөлімінің басшысы Жаңыл Әмірова айтты.

Медициналық сақтандыру

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударудан босатылған азаматтардың 18 санатына балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар,  I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар, соғыс ардагерлері мен мүгедектер, жұмыссыздар, интернат тәрбиеленушілері, техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар, резидентура  формасындағы жоғары оқу орындарынан кейін білім алып жатқан азаматтар, бала тууға, бала асырап алуға, үш жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағылар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыздар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік қызметтегілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қылмыстық-атқару ұйымдарында сот шешімімен жазасын өтеушілер, уақытша ұстау және тергеу изоляторларындағы адамдар, оралмандар мен шетелдік жұмысшылар (үкімет бір жыл ғана қаржы аударады), мүгедек балаларды бағып отырғандар, шетелде оқып жатқан Қазақстан азаматтары  және дипломаттар жарна төлемейді, – деді Жаңыл Әмірова.

Облыстық  денсаулық сақтау  басқармасы  басшысының орынбасары Түркіменбай Нұржігітовтің айтуынша, міндетті медициналық сақтандыру арқылы мемлекет ендігі кезекте әрбір  тұрғынның денсаулығын қадағалауды өз жауапкершілігіне алады. «Биылғы  жылдың сәуір айынан бастап жаңа жүйенің үшінші кезеңіне өттік. Жұмыс  берушілерге, жұмыссыздарға шілдеден бастап тиісті жарналарды төлеу басталатынын түсіндірудеміз. Бүгінгі таңда тіркеу жұмыстарын жүйелеп,  адамдардың қай санатқа жататынын  анықтаудамыз», – деді ол.

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы  Атырау облыстық филиалының директоры Майра Қашкенова ендігі кезекте әр тұрғын өзінің қай санатқа жататынын анықтап алуы қажеттігін айтты. Бүгінгі күні олар өз мәртебесін анықтамаған болса, ертеңгі күні қорға жарнасы жинақталмауы мүмкін.

– Ағымдағы жылдың сәуір айында басталған «Емханаңа бар да, өз мәртебеңді анықта» акциясы сол үшін жүруде. Қазіргі дерек бойынша, 598 222 халық регистрде тіркеуде тұр. Әлі де облыс көлемінде 147 мың адамның мәртебесі, яғни санаты анықталмаған. Кез келген тұрғын өзінің тұрғылықты жердегі емханасына барып, тіркелуі керек.  Бес күнгі тіркеуде екі мың тұрғын өз санатын емханаға келіп айтқан, – дейді Майра Тұрланқызы.

Брифингте тілшілер тарапынан «Қазақстан аумағынан тыс жерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жиналған жарнаны пайдалануға бола ма? Еліміздегі ірі шетелдік компаниялардың жұмысшыларына беріп отырған медициналық полистерінен оның артықшылығы, не кемшілігі қандай?» деген сауалдар қойылды. Сала мамандарының айтуынша, қорға аударған жарна тек республика көлемінде ғана пайдаланылады. Ал, шетелге шыққанда қандай  да  бір жағдайға душар болып, ауырып қалсаңыз, сол елдегі медициналық сақтандыру компаниясының қызметін пайдаланасыз. Өйткені, Қазақстан бүгінгі таңда барлық мемлекеттің медициналық сақтандыру компанияларымен келісім-шартқа отырған. Қазақстан азаматы деген куәлігің арқылы сол елдің компаниясы емдейді. Емдеудің ақысын Қазақстан Үкіметі аударады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс жасаған кезде шетелдік компаниялар ұсынған медициналық полистер күшін жойып, бұдан былай әрекет етпейтін болады. Олардың бәрі бірыңғай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын пайдаланады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз