Әлемді әлдиімен тербеген…

VE8UbXO2Zbk Жаңалықтар

Atr.kz/7 наурыз, 2019 жыл. Шұғылалы көктемнің шырайлы мерекесі мұнайлы өлкеде ерекше атап өтілді.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атыраулық әйел-аналар мен қыз-келіншектерді Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қабылдап, шынайы лебізін білдірді. Мерекелік шараға еліміздің, өңіріміздің дамуына үлес қосып келе жатқан нәзік жандар қатысты.

1394365 tulpany kartinki 8 marta 1

– Елбасының тікелей бастамасымен мемлекет әйелдерге үлкен қолдау көрсетіп, қамқорлық шараларын жасап келеді. Мемлекет басшысының «Әйел – өмір тірегі ғана емес, әйел – өмірдің өзі» деп атап өтуі, біздің қоғамдағы әйел-аналарға деген қамқорлықтың биіктігін көрсетеді. Әйел – тек отбасының береке-бірлігін сақтаушы тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өміріне және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Қоғамдық сана «әйел – кәсіпкер», «әйел – саясаткер», «әйел – қоғам қайраткері» деген сияқты жаңа мәртебемен, бай мазмұнмен толығуда, – деген өңір басшысы әлемді әлдиімен тербеген нәзік жандардың қоғамдағы орнына айрықша тоқталды.

«Мемлекеттің ана мен балаға көрсетіп отырған қамқорлығы мен қолдауының арқасында, тұрмыстың жақсаруына байланысты халық саны өсуде. Елбасы кешегі «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде көп балалы отбасыларға аса үлкен маңыз беріп, олардың әл-аухатын көтеру үшін тапсырма берді. Әйел-анаға деген қамқорлық бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғаса береді» деді Нұрлан Асқарұлы.

Жиын барысында Елбасының Жарлығымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін жеті анаға салтанатты жағдайда алқа табыс етті. Атырау қаласынан үй шаруасындағы Тұрсынгүл Баймағанбетова, Назымгүл Қайырсалихова, Салтанат Үрбісіноваға «Алтын алқа» тағылды. Ал, «Атырау энергосату» ЖШС бақылаушысы Мейрамгүл Біләшоваға, балабақша тәрбиешісінің көмекшісі Динара Дінішеваға, «Атырау су арнасы» мекемесінің зертхана меңгерушісі Алмагүл Зайдуллинаға және «Уорли Парсонс Казахстан» серіктестігінің маманы Гүлзада Қарабалиеваға «Күміс алқа» табыс етілді.

Тағы бір жаңалық, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Сондай-ақ, бүгінгі дейін еңбегімен ерекшеленіп, жетістікке жеткен бірқатар сала қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің директоры Айжан Қарабаева, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Дина Бекпанова, Атырау қалалық №1 емханасының жалпытәжірибелік дәрігері Салтанат Берліғожина, Н.Жантөрин атындағы филармонияның әкімшісі Мауия Бөлтекова, «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жобасының жетекшісі Ирина Горбаченко бар.

Бұдан басқа, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Камила Жапалова, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Гүлмира Исқалиева, №43 «Арман» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Бәтима Қабдырашева, жеке кәсіпкер Лолохан Дендемұратова және әріптестеріміз – «Прикаспийская коммуна» газеті редакторының орынбасары Зәмзагүл Нұрғалиева мен «Атырау» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің шеф редакторы Ләззат Өтепова да осындай марапатқа лайық деп танылды. Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз