ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ: КЕҢ ӨРІСТІ КЕЛІСІМДЕР

Бұдан кейін, президенттер ХІІ форумның пленарлық отырысына қа­тысты. Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің мү­шелері, өңірлердің басшылары жиналған бұл отырыста Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президентіне шара­ның жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылғаны үшін алғысын біл­діріп, Қазақстан тарапы форумға зор мән беретінін атап өтті.

 

– Елдеріміз арасындағы тауар айна­лы­мының негізгі көлемі өңірлер арқылы іске асырылады. Бұл дәстүрді, әсіресе, қазір, әлемдік дағ­дарыстың әсерін се­зініп отыр­ған кезде жалғастыру қажет. Шараның гипержобаға айнал­ған, болашақ ұрпақ үшін жұмыс істеп, пайда әкелетін Со­чиде өтуінің символдық нышаны бар, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті сон­дай-ақ, әлемдегі ең тұрақты ва­люта азық-түлік екенін атай отырып, форум тақырыбының маңыздылығын сөз етті.

– Біздер аграрлық-өнер­кәсіптік ел­дерміз, сәйкесінше, осы салада зор мүм­кін­діктеріміз бар. БҰҰ деректері бойынша, 2050 жылға қарай Жер бетіндегі халық саны 9 миллиард адамға жетеді. Сондықтан, азық-түлік қауіпсіздігі бұдан әрі қарай жаһандық дамудың өзекті мәсе­лесіне айналады. Қазақстан мен Ресей баға жетпес байлыққа – жал­пы аумағы 435 миллион гек­тар болатын алып ауыл шаруа­шылығы жерлеріне, іргелі аграр­лық ғылым тәжірибесіне ие. Табиғиклиматтық аймақтардың әралуандылығы, құнарлы топы­рақ бізге көптеген аграрлық сала бойынша бәсекеге қабілетті болу­ға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан мен Ресейдің агроөнеркәсіп кешені біре­гей экспорттық әлеуетке ие екенін де жеткізді.

– Қытай, Үндістан, Каспий маңы мен Ор­талық Азия елдері­нің жиынтық импор­тының өзі ғана 170 миллиард АҚШ дол­лары­нан асады. Біздің елдері­міздің әлемдік азық-түлік нарығында жетекші рөлге ие болу үшін қажетті әлеуеті бар. Ресей қазірдің өзінде астық экспорты бойынша әлемде үшінші орын алады. Бүгінде біздің ел де осы нарықтың бір бөлігі болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінде аграрлық саланың мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отырғанына да көңіл аударды.

– Біздің елдерімізге сүт өн­дірісінің тек 6 пайызы, сиыр етінің 3 пайызы тиесілі. Еңбек өнімділігі Канада мен Қытайға қарағанда 8-10 есе төмен. Қа­зір жағымсыз экономикалық үрдістер елдеріміздің дамуына қысым көрсетіп отыр. Сонымен бірге, бұл жағдай өсімнің, соның ішінде, ауыл шаруашылығы саласындағы өсімнің ішкі резерв­терін ашуға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған байланысты Қазақстан Пре­зиденті елдеріміздің аграршылары мен өңдеушілері арасындағы өндірістік кооперацияны кеңейту қажеттігіне тоқталды.

– Бүгінде елдеріміз Еу­ра­зиялық экономикалық одақта болса да, аграршылардың жұ­мысы әрқилы екенін байқап отырмыз. Ресей 1,5 миллион тонна ет импорттайды, соның ішіндегі 600 мың тонна сиыр етін үшінші елдерден әкеледі. Қазақстан қазір осы нарықты игеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, өйткені, бізде мал шаруашылығы саласында зор әлеует бар. Республикамыз қазір жылына 4 мың тонна сиыр етін өндіреді. Біз бұл көрсеткішті ұлғайтуға дайынбыз. Еліміздің оңтүстігінен жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін Ресей нары­ғына жеткізу көлемін ұлғайтуға қажетті айтарлықтай ресурс бар және біз Түркиядан, Польшадан, Қытайдан келетін импортты алмастыра аламыз, – деді Мем­лекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назар­баев тағы бір басымдық ретінде өнімнің құрамын нақты жазу бөлігіндегі жаңа стандарттар мен техникалық регламент талаптарын әзірлеу мәселесін айтты.

Бұдан бөлек, Қазақстан Пре­зиденті ауыл шаруашылығында инновациялар енгізудің маңыз­дылығына да қаты­сушылардың назарын аударды.

– Аграрлық сектор жаң­ғыр­туды, озық технологиялар енгізуді қажет етеді. Израильді мысалға келтірейін, бұл елдің іс жүзінде құнарлы жері жоқ болса да, әлемдік нарыққа жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін шығарады. Сондықтан, елдері­міздің ауыл шаруашылығы ми­нистрліктеріне бірлескен агроинновация орталықтарын құру жөнінде ойланған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өз­а­ра инвестициялар, трансшекаралық бірлескен кәсіпорын­дар құру, өндірістік тіз­бек­тер түзу, сапалы көлік-логистика инфра­құ­рылымын қамта­масыз ету саласындағы ынты­мақ­тастықтың пайдалы екендігін де сөз етті.

– Қазақстан Ресей арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі құ­ры­лысын аяқтауға таяды. Осының арқасында біз азық-түлік жеткізу мөлшерін ұлғайту жөніндегі орталықтар құра алар едік. Бұл үшін Еуразия даму банкінің ресурстарын пайдалануға бола­ды. Мәселен, банктің биыл қар­жы­ландырылған 12 жобасының 10-ы ауыл шаруашылығына тиесі­лі болды, – деді Қазақстан Пре­зи­денті. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев келесі Қа­­зақ­стан мен Ресейдің өңірара­­лық ынтымақтастық форумын Астанада өткізуді және оны көлік-логистикалық салаға бағыт­тауды ұсынды.

Елбасы сөзінің соңында Еу­ра­­зиялық экономикалық одақ­тың артықшылықтарын пайдалану және мүше елдердің эконо­микалық мүдделерін бірле­сіп қор­ғауды қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсетті.

– Қазір ЕАЭО күрделі кезді бастан өткеруде, тауар айналымы 20-25 пайыз­ға төмендеп кетті. Бірақ мәселе интегра­цияға емес, сыртқы ықпалдарға, соның ішінде, әлемдік нарықтағы тұрақ­сыздыққа байланысты болып отыр. Біз қиын кезеңді еңсеруге тиіспіз. Кез келген дағдарыстан соң өсім болады, сондықтан тың серпіліске дайындалуымыз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, жиын кезінде Елбасы Ресейдің Свердлов облысының және Урал фе­дералдық университетінің бас­шы­лығымен кездесті.

жиында қа­ты­сушылар назарына «Агро­­өнеркәсіп кешені саласын­дағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының келешегі» атты көрме ұсынылды.

Шарада Қазақстанның агроөнер­­кәсіптік кешенін дамыту барысы­мен таныстыру мақсатында көрме павильонының ортасы елдің агро­өнер­кәсіптік кешенінің негізгі макро­эко­номикалық көрсеткіштерін көрсетуді көз­дейтін ұлттық ақпараттық стендке ар­налды. Бұған қоса, «ҚазАгро» хол­дин­­гінің инвестициялық қызметін көр­се­­тетін ақпараттар да көрме төріне ілінді.

Негізінен, көрмеге еліміздің тарапынан Алматы қаласы мен 9 облыстан келген ауыл шаруашылығы саласының 60 кәсіпорны қатысты (Атырау – 5, Қостанай – 3, Павлодар – 4, Батыс Қазақстан – 5, Оңтүстік Қазақстан – 15, Шы­ғыс Қазақстан– 4, Алматы – 6, Ақ­төбе – 2, Солтүстік Қазақ­стан – 13, Ал­ма­ты қаласы – 3 кәсіп­орын). Ал Қызылорда облы­сының өкілдері атал­­ған аймақтың Ресей Феде­ра­ция­сы­мен ті­келей қарым-қатынасы туралы көр­сет­кіштер жазылған арнайы стенд ұсынды.

Осы арада ауыл шаруа­шы­лығы саласында қарқынды дамуымен ел назарына ілігіп жүрген, өз өнімдерімен атал­ған көрменің шырайын келтірген қазақстандық бірқатар кәсіпорындарды атап кеткеніміз жөн. Мәселен, ша­раға Атырау облысы атынан қатыс­қан 5 құры­лымның арасындағы «Сарай­шық» бірлескен кәсіпорны ерекше дайындықпен келіпті. Влади­мир Розметов жетекшілік ететін шаруа­шылықтың тыныс-тіршілігі талайды қызықтырып жүргені белгілі. Бүгінде бұл кәсіпорында қой, ешкі, түйе, жылқымен қоса, 10 мың бас қаз, 1 мың бас шошқа өсірілуде. Әсіресе, голландиялық асыл тұқымды 800 бас ешкі бірлескен кәсіпорынның маңызын арттырып отыр. Қазір бұл ешкілерден тәулігіне 500 литр сүт сауы­лу­да. Тағы бір айта кетер жайт, 700 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық бүгінде ірімшік, сүзбе, май, сүт, йогурт секілді 12 түрлі азық-түлік өнімдерін шығарып, оларды еліміздің ішкі нарығы мен Ресейдің Волгоград облысы және Татарстан Рес­пуб­ликасына жөнелтуде. Вла­димир Розметовтің сөзіне қарағанда, шаруа­шылық келер жылы өндірісін екі есеге дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондықтан ол осы форум мен көрмеге қатысу арқылы жаңа әріптестер тауып, сол арқылы құрылымның экспорттық ба­ғытын кеңейтуді көздеуде.

Жалпы, Атырау облысы балық өңдеу компанияларымен де кеңінен танымал өңір. Мәселен, «Аманкелді» ӨК 2014 жылы 6 мың тонна өз өнімдерін экспорттаған. Балық пен оның қайта өңделген өнімдерінің көптеген түрлері Ресейге, сондай-ақ, Еуропа елдері – Фран­ция мен Германияға жеткі­зілуде. Ал биылғы жылдың осы уақытына дейін бұл бағыттарға 4 мың тонна өнім шығарылыпты.

Көрменің тағы бір белсенді қа­тысушысы – Оңтүстік Қа­зақ­стан облысынан келген «Ор­дабасы құс» ЖШС болды. Мұрат Тағаев басқаратын құс шаруашылығы кешені – Қазақ­стандағы күркетауық еті мен оның қайта өңделген өнімдерін шығаратын ірі өндіруші ретінде танымал.

Шара барысында Павлодар облысының мұздатылған жар­тылай дайын өнімдердің өндірушісі – SMAK PV ЖШС-нің тауарлары да көрмеге қаты­сушылардың назарын аудара білді.

Негізінде, көрмеге қатыс­қан қазақстандық өзге кәсіп­орындардың тауарлары да жоғары баға алып, жұртшылық тарапынан лайықты мақтал­ғанын атап көрсетуіміз керек. Қазақстандық тауар­лардың, әсіресе, экологиялық таза­лығы, сапасы, құнары және басқа да та­лаптарға сай келетіні ерекше сөз етілді.

Көрме барысында белгілі бол­ған­дай, Қазақстанның ауылша­руашылық өнім­дерін өнді­рушілері Ресей Феде­ра­ция­сының аймақтық нарықтарында өз өнімдерін экспорттау үшін ресейлік әріп­тестерімен байланыстарын кеңей­туге дайын әрі мүдделі.

Форум қорытындысы бой­ынша мем­лекетаралық серік­тестікті терең­детуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Батыс Қазақстан облысы әкім­­дігі Волгоград облысының әкім­­шілігімен (Ресей), ал Пав­лодар облы­сы әкімдігі Удмуртия Респуб­ликасының (Ресей) және Ом­бы облысының үкіметтері­мен, Ақтөбе облысы әкімдігі Ульянов облысының үкіметімен (Ресей) сауда-экономикалық, ғылы­ми-тех­никалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімдерге келді. Бұған қосымша, Батыс Қазақстан облы­сының әкімдігі, Саратов облы­сы үкіметі және «Букет» компаниялар (соңғы екеуі – Ресей) тобы өзара ирри­гация­лық жүйелер мен суармалы егін­ші­лікті дамыту бағы­тында мемо­рандумға қол қойды.

Бұған қоса, «БИПЭК АВТО Қазақ­стан» АҚ мен «АВТОВАЗ» ААҚ (Ресей) арасындағы стра­тегиялық әріптес­тікті дамыту туралы келісім бекі­т­ілді. Сол сияқты, «Тобыл» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Агрокомплекс «Чурилово» ААҚ (Ресей) өзара уағдаластық жө­нінде меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ, жиын аясында екі ел іскерлік кеңесінің оты­рысы және Қазақстан-Ресей жас­­тары­ның ІІІ форумы ұйымдастырылды.

 

(«Егемен Қазақстан» газетінен ықшамдалып алынды,

17 қыркүйек, 2015 жыл.)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз