КӘСІПКЕРЛІК – МАМАНҒА ЖҰМЫС, ЕЛГЕ ЫРЫС

Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы-2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуХХІ ғасырдағы елімізді индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы екенін баса атап өткен болатын. Себебі, отандық өндіріс экономикамызды шикізатқа тәуелділіктен арылтып, еліміздің өркендеуіне, жаңа мүмкіндіктер ашылуына оң әсерін тигізбек

Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы көптеген кәсіпкер адал еңбегінің жемісін көріп үлгерді. Оның үстіне, бизнес нысанына жоспарсыз тексерулер мен кедергілер азая түсті. Мұндай қамқорлықты жете түсінгендер  шағын болса да өз кәсібін ашуды үрдіске айналдыра бастады. Кеше  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Атырау филиалында өткен «Ашық есік күнінде» біздің осыған айқын көзіміз жетті.

Алдын ала газетімізде хабарланғандай, бизнес бастаушыларға арналған «Ашық есік күні» өткен айда тұсауын кескен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының жаңа ғимаратында ұйымдастырылды. Сондықтан да болар, шараға қатысушылар көп болды. Олардың барлығы да көкейдегі сауалдарын жолдап, жауабын алуға асықты. Мәселен, кәсіпкерліктің «әліпбиін» енді ғана ұғына бастаған Асхат Бағытовтың баспанаға мұқтаж жандарға арнап қолжетімді баспана салу ойы бар екен. Айтуынша, тұрғын үй құрылысы бағытын жандандыру арқылы бірнеше жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар. «Ашық есік күнінен» өзіме мол мағлұмат алдым. Кәсіпкерлік саласы айтуға оңай болғанымен, бәріне тиянақты жоспар құрмасаң, шығынға батуың ықтимал. Сол себепті, барлығына мұқият қарау керек. Бұрын-соңды теледидардан естіп, газет беттерінен оқығаным болмаса, мұндай шараға қатысып көрмеп едім. Банк өкілдерінен түсінікті тілде сұрақтарыма жауап алдым. Ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз»,-дейді ол.

Зейнеткер әрі ІІІ топ мүгедегі Ғарифолла Тәженов отбасындағы бала-келіндерінің жұмыссыз қалғандығын, сондықтан оларды өз кәсіптерін ашуға жұмылдырғанын айтады. Адал еңбекпен ғана мол табысқа қол жеткізуге болатынын жетік түсінген әңгімелесушіміз жекеменшік балабақша салғысы келеді екен. Оған сол бойда қор қызметкерлері кеңес беріп, құқықтық көмек көрсетті.

– Осындай шара қорда ай сайын өткізіліп тұрады,-дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқармасы басшысының орынбасары Роза Байсалықова.– Кәсіпкерлік саласына қызығушылық пен ниет жылдан-жылға артып келеді. Бизнесмендер мен банк өкілдері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандары бір орында жиналып, түсінік жұмыстарын жүргізеді. Таныстырылып жатқан жобаларға 16 екінші деңгейлі банк қызығушылық танытты. Көпшілігі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге несие беріп үлгерді. Қор ашылғалы бері көптеген бизнесмендер құқықтық сауатын жетілдіріп, өз істеріне батыл кірісуде. Мысалы, өткен жылы осындай көмекке жүгінген кәсіпкердің 38 жобасы бекітілді.

Шынымен де, шағын және орта бизнестің біздегі Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының берік экономикалық негізіне айналғаны байқалады. Елбасы Жолдауында жаһандық рейтингіге сәйкес Қазақстан бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіретінін және алдағы уақытта да бұл үрдісті жалғастыра беруіміз керектігін баса айтқан еді. «Кәсіпкерлерді қолдау орталығындағы» «Ашық есік күнінен» Ұлт Көшбасшысы сөзінің шынайылығын айқын аңғардық. Ендеше, іске сәт, кәсіпкер!

Диас НАУРЫЗӘЛІ,

Айбөпе САБЫРОВА. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз