«Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

20190508120839 Жаңалықтар

«Бақытты отбасы» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды Отбасы банк баспасөз қызметі.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу туралы өтінім otbasybank.kz платформасында 20 маусым мен 19 шілде аралығында қабылданады. Ол үшін Отбасы банк клиенті болу қажет және аутентификация кодын алу үшін қолда ұялы телефон болуы керек. Қосымша анықтамалар мен құжаттар қажет емес. Жүйе үміткердің деректерін тексеріп, өтініш қалыптастырады.

Бағдарламаға қатысу үшін жергілікті органда тұрғын үй кезегінде тұру қажет. Өтінім бере алатын санаттар:

– көпбалалы отбасы;

– мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы;

– толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек).

Банктың хабарлауынша, өткен жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтінім берген, алайда баспана алмаған азаматтар биыл өтінімді қайта беруі қажет.

Өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдері автоматты түрде қалыптастырылады. Тізімдерге бөлу кезінде қатысушылардың жергілікті әкімдікте кезекке тұру күні мен санаты ескеріледі. Конкурс нәтижелері otbasybank.kz порталына орнастырылады.

«2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 5 мыңнан астам отбасыға несие беруді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде Отбасы банкке 51 млрд теңге көлемінде қаражат түсті. Биыл лимиттерді бағдарламаға қатысушылар арасында бөлу кезінде басымдық өткен жылдағыдай, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі», деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Айта кетсек, бүгінге дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 14 500 қазақстандық баспаналы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз