«АТЫРАУ» ГАЗЕТІНІҢ ТІЛШІСІ МЕКТЕПТЕРДЕГІ ЭПИДАХУАЛДЫ АЯҚТАЙ БАРЫП АНЫҚТАДЫ (+фото)

2020 12 25 cf33a92f59b8f317fa3009ad99a2052f Жаңалықтар

ДАҢҒАРАДАЙ КЕҢ ДӘЛІЗДЕ ТЕК ТАЗАЛЫҚШЫЛАР МЕН КҮЗЕТШІНІҢ ҒАНА КҮБІРЛЕГЕН ДАУЫСЫ ЕСТІЛЕДІ. ӘДЕТТЕГІДЕЙ МҰҒАЛІМДЕРДЕН ЕСКЕРТУ АЛЫП, ШАУЫП ЖҮРГЕН БАЛА ЖОҚ. АНА ШЕТІ МЕН МЫНА ШЕТІНЕ КӨЗ ЖЕТПЕЙТІН АТШАПТЫРЫМ ДӘЛІЗДЕ АДАМ ҚАРАСЫ АЗ. ТЕК ЕКІ БАҒЫТТА ТҰРҒАН КҮЗЕТШІЛЕР ҒАНА БІЗ СЕКІЛДІ БІРЕН-САРАН КЕЛУШІЛЕРМЕН ЖӨН СҰРАСАДЫ.

МЕКТЕПТІҢ БІЗ КІРГЕН ТҰСЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ САБАҚТАН СОҢ ҮЙЛЕРІНЕ ҚАЙТАТЫН ЖОЛЫ ЕКЕН. СОНДЫҚТАН, ОЛ ЖЕРДІҢ КҮЗЕТШІСІ «ҚАЗІР СІЗДЕР ҮШІН МЕН СӨЗ ЕСТИМІН» ДЕП ШЫР-ПЫРЫ ШЫҚТЫ. ДҰРЫСЫ, ЖАҚТЫРМАДЫ. ӘЛДЕКІММЕН ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ СӨЙЛЕСІП АЛҒАН СОҢ МЕКТЕПТІҢ КЕЛЕСІ ЕСІГІН НҰСҚАДЫ. «МАҚҰЛ» ДЕП, НҰСҚАҒАН БАҒЫТҚА БЕТ АЛДЫҚ. БІЗ БАРҒАН ЕСІКТІҢ АЛДЫНДАҒЫ КҮЗЕТШІ ӘЙЕЛ АТЫ-ЖӨНІМІЗДІ СҰРАП, АРНАЙЫ ЖУРНАЛҒА ТІРКЕГЕН СОҢ «ASHYQ»-ТАН ӨТУІМІЗДІ ТАЛАП ЕТТІ. БЕТПЕРДЕ ТАҒУЫМЫЗДЫ ӨТІНІП, ДЕНЕ ҚЫЗУЫМЫЗДЫ ӨЛШЕП, АУРУ БЕЛГІЛЕРІ АНЫҚТАЛМАҒАН СОҢ ҒАНА ДИРЕКТОРДЫҢ БӨЛМЕСІНЕ КІРУГЕ РҰҚСАТ БЕРДІ.

«Білім алуға кедергі жоқ»

Бұл – Атырау қаласындағы дарын ы балаларды ү ш тілде оқытатын №30 мектеп-гимназиясының ахуалы. Шəкіртінің саны 600-ден асатын өзге де мектептер секілді, мұнда да дəстүрлі жəне қашықтан оқыту форматына көшкен. Мектептен баланы алшақтатқан ковид шынымен білім ұясын көңілсіз күйге түсіріпті. Қалада коронавирустық инфекцияның күрт өршуіне байланысты мұнда мектепалды даярлық жəне І-V сынып оқушылары штаттық режимде білім алып жатса, VI-XI сынып оқушылары онлайн оқиды екен. Балалардың аз болу себебі содан. Əдетте, оқу жылының бел ортасында оқушылар білім ұясына ағылып жатар болса, вирустың өршуі мектептің қайнаған өмірін де шектепті.

– Сыныптарда 25 балаға дейін оқуға рұқсат берілді. Санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, оқу процесі жалғасып жатыр. 106 сыныптың 55-і – дəстүрлі форматта, қалған 51 сыныптың шəкірттері қашықтан оқуды бастады. Нақтырақ айтар болсақ, қазір 1215 оқушы үй жағдайында білім алады. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың, жетім жəне жартылай жетім балалар саны – 45. Барлығы да қажетті компьютерлік құрылғылармен қамтамасыз етілді. Былтырғы оқу жылында интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ оқушыларға қайтарымсыз 20 дана роутер берілді. Бұл санатқа кірмейтін, қашықтан білім алу құралдарын қажет ететін балаларға ноутбуктер бердік. Мұндағы мақсатымыз – балалардың білім алуына мүмкіндік жасау. Қазір мектебімізде онлайн жəне офлайн формат бойынша білім алуға кедергі жоқ. Бар мүмкіндік жасалған, – деді мектеп директоры Гүлфия Есқайырова.

Бәрінен де «Zoom» жүйрік

«Қашықтан оқыту» дегенді бастапқыда ата-аналар да, балалар да каникул іспетті қабылдағаны рас. Басым көпшілігі еркінсіп, ұстаздар оқушылардың бас-аяғын жинай алмай жатты. Тіпті, «Zoom» платформасында қиындық туындап, «WhatsApp» əлеуметтік желісі арқылы сабақ өткізген кездер де болғанын жасырмаған жөн. Қазір де осы желі арқылы əр пəнге арнайы топ ашып, қатысқан баланы түгендейтін, үй тапсырмасын да сол арқылы беріп отыратын мұғалімдер бар. Сонда əлдеқандай етіп «Bilim Land», «Zoom» деп жүрген платформалардың да тиімсіз болғаны ма?!

– Онлайн оқыту кезінде бала мен мұғалім арасында міндетті түрде кері байланыс болуы тиіс. Педагог үшін бұл істе «Zoom» платформасының тиімділігі жоғары. Өйткені, баланы көріп отырып, 10-15 минут болса да жаңа тақырыпты түсіндіруі қажет. Егер басқаша мүмкіндік болмаса ғана «WhatsApp» арқылы тақырыпқа байланысты тапсырма беруге болады. Біздің ұжым көбінесе «Zoom» арқылы «OnlineMektep» бағдарламасын қолданады. Ал, бала себепсіз 10 күннен артық сабаққа қатыспаса ата-анасы мектепке шақыртылып, тиісті шаралар алынады. Оқушы ұзақ уақыт сырқаттанып қалса, қашықтан оқытуды ұйымдастырамыз. Əртүрлі мессенджерлер, электронды пошталар арқылы үй тапсырмаларын жіберіп, оны орындап отыруына көмектесеміз, – деді Гүлфия Сəбитқызы.

Қашықтан оқу жалғаса ма?

«Балалар III тоқсан бойы онлайн оқитын болыпты» деген қауесет ел ішінде желдей есіп жүргені анық. Ата-аналар да соған қарап қам жасай бастағандай. Алайда, бұл – ақиқаттың ауылынан қашық ақпарат. Егер эпидемиологиялық ахуал жақсарса, оқушылар дəстүрлі форматта оқиды. Бұл туралы республика Білім жəне ғылым министрлігі де хабарлады.

Шыны керек, бас мемлекеттік санитарлық дəрігердің жаңа қаулысына сəйкес, қаладағы 600 баладан аспайтын мектептер штаттық, шəкірт саны одан көп болса қашықтан жəне жартылай штаттық оқыту форматында жұмыс жасап тұр. «Жұмыскер» шағынауданындағы Исатай Тайманов атындағы орта мектепке келгенде де алдыңғы мектептегідей нұсқаулыққа сай тəртіп қайталанды. Кіреберістен арнайы рұқсат қағазбен ғана өткізген күзетші карантин кезінде білім ордасына кез[1]келген адамды кіргізе алмайтынын айтып ақталғандай болды. Мұнда да оқушы саны көп емес. Баласын алып кетуге келген ата-аналардың қатары да сирек. Мектеп директоры Гүлшат Хасан əзірге штаттық режимде оқып жатқан оқушылардың ата-аналары тарапынан онлайн оқуға өтініш түспегенін айтты.

– Мектепте 1341 оқушы, 131 мұғалім бар. Барлығы да екпе алған. Енді кезең-кезеңімен ревакцинациядан өтіп жатыр. Дайындық жəне V сынып оқушылары мектепке келіп оқиды. 824 бала – офлайн, онлайн форматта 615 оқушы білім алып жүр. Барлық сыныптар санитарлық құрал-жабдықпен толық қамтылған. Құрал-жабдықтың үш айлық қоры бар. Сынып бөлмелері жылы, екі сағат сайын ылғалды тазалау жұмыстары жүргізіліп, түске дейінгі жəне түстен кейінгі сабақ алдында залалсыздандыру мақсатында кварц қойылады. Тоқсан басталғалы оқушылардан ауру белгісі байқалған жоқ. Мектебіміздегі ахуал тұрақты, – деді мектеп басшысы.

Қиын отбасыға – қамқорлық

Гүлшат Сақиқызының айтуынша, қашықтан оқуға қажетті техникалық құралдарға оқушылар арасында мұқтаждық бар. 2020 жылы 120 оқушы ноутбук, планшетпен қамтылса, былтыр – 110, ал биыл 35 оқушыдан сұраныс түскен. Егер тағы құрал-жабдықты қажет ететін ата-аналар болса, білім ұясында компьютерлік құрылғылар жеткілікті екен. Директор пандемия басталған жылы біраз қиындықтың болғанын жасырмады. Əсіресе, мұғалімдерге платформа арқылы жұмыс жасау ауыр болған. Педагогтардың мұны меңгеріп кетуіне Назарбаев зияткерлік мектебінен келген үйретуші маманның көп көмегі тиіпті. Ал, бүгінде олар қашықтан оқыту жүйесін тəп-тəуір меңгеріп алған. Сондықтан, биыл аса қиын кедергі жоқ. Мұны мектептің қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі Майра Қарабалина да жоққа шығармады.

– Жыл жарымдай уақыт онлайн сабақ беріп, жаңа жүйеге біраз төселіп қалдық. Енді бұл бізге қиындық келтіріп жатқан жоқ. Мектеп бойынша «Bilim Land» платформасы негізінде жұмыс жасаймыз. Оған алдын ала күнтізбелік жоспар бойынша сабағымызды енгіземіз. Сол бойынша оқушыларға тапсырмалар беріледі. Осылайша, балалармен кері байланыс орнатамыз, – деді ұстаз.

Бұл мектепте қиын отбасынан шыққан 13 бала білім алады екен. Бастысы – балаларды мектеп əкімшілігі үнемі назарға алып, бақылауда ұстайды. Əуелі соларға көмек қолын созатынын да жасырған жоқ.

Тазалықшылар да тыным таппайды

Аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағаны мектеп тазалықшыларына да оңайға тимегені көрініп тұр. Олар хлор қосылған сумен күніне бірнеше мəрте еден жуып, есік тұтқасын сүртеді. Біз көзбен көріп қайтқан «Геолог» шағынауданындағы №36 мектеп-гимназиясының тазалықшылары да тыным көрмейді. Шелек толы суды əр қатарға тасып, тазалықты сақтау мақсатында тер төгіп жүр. Коронавируспен күрестегі алдыңғы шепте жүрген ерен ерлердің бірі – осылар. Өйткені, шаң-тозаңды сүртіп, санитарлық талаптардың сақталуына тікелей жауапты. Ал, тазалық бар жерге індет те жоламайды. Мектепке кіре бергеннен-ақ мұндағы ерекше тазалықты көзіміз шалып, қауырт жұмыс үстіндегі тазалықшылар бірден назарымызға ілікті.

– Таңертең ерте келіп, сынып бөлмелеріндегі парта, тақтаны, терезе алдын хлорлы қоспамен тазалап шығамыз. Сосын əр бөлмеге кварц қойылады. Сағат 7 жарымда дайын тұрған барлық бөлмеге оқушылар келіп отырады. Ал, қоңырау соғылып, оқушылар үзіліске шықса, қайтадан ылғалды тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Тазалықты сақтау – біздің басты міндетіміз болғандықтан, қазіргідей жағдайда жұмысымыз екі еселенді, – дейді тазалықшы Қарлығаш Қадырғазиева.

Екі оқушы – карантинде

Бұл мектептегі барлығы 1377 оқушының 581-і бүгінде қашықтан оқуға көшкен. Бірінші жəне төртінші сыныпта оқитын 2 оқушының отбасы – карантинде. Балалардың ПТР талдау нəтижесі «теріс» көрсеткенімен, олар ата-аналарымен байланыста болғандықтан қашықтан оқытылуда. Х-ХІ сынып оқушыларының арасынан 8 бала вирусқа қарсы екпе алған. Мектеп басшысы 12 жастан асқан оқушыларға екпе салдыру мақсатында түсінік жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты.

– Облыстың «қызыл» аймаққа көшуіне байланысты шəкірттер мектепалды даярлық сыныбынан бастап, V сыныпты қоса алғанда штаттық режимде білім алуда. Ал, ахуалға байланысты VI-XI сынып оқушылары қашықтан оқуға көшті. I-IV сынып оқушыларына ыстық тамақ беріледі. Пандемия басталғалы санитарлық талаптарға салғырт қарамайтын болдық. Балалар міндетті түрде бетперде киіп жүреді. Санитарлық құрал-жабдықтар да жетілікті. Мұғалімдердің барлығы екпе алды. Балаларын онлайн форматта оқытуға өтініш беріп жатқан ата-аналар да бар. Эпидахуалға байланысты ата-ана баланы қашықтан оқыта алатынын қаперге береміз. Ондай жағдайда оқушыны өз мұғалімі сол сынып бағдарламасымен оқытады. Онлайн оқытуда ұстаздарымыз «Bilim Land», «Kundelik.kz» платформаларын белсенді қолдануда, – деді №36 мектеп-гимназиясының директоры Зəуре Жолдасова.

Біз барып көрген үш мектеп те карантин жағдайында білім беруге əбден машықтанғанына көз жетті. Коронавирустың бұл салаға да тигізген зияны жоқ емес. Оқушыны ортадан алшақтатып, білім сапасының төмендеуіне де əсер етті. Алайда, қысылтаяң кезде істің тетігін тапқан бұл жүйе қандай жағдайда да білім берудің тоқтап қалмайтынын көрсетті. Əрине, оқушыны қашықтан оқытудың қиындығы, сапаға тигізер салдарын да жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан, балалардың тезірек мектепке оралуына біз де тілекшіміз.

Қала бойынша барлығы 63 мектеп болса, бұл тоқсанда оның 10-ы (бала саны 600-ден аспайтын) штаттық режимде жұмыс жасап жатыр. Қашықтан оқып жатқан балалары бар ата-аналар қажет болса өтініш жазып, мектептен қайтарымды негізде келісім-шарт арқылы компьютерлік құрылғыларды алуына толық мүмкіндік бар. Бұл туралы Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шəңгереева айтты. Оның айтуынша, облыс орталығында онлайн оқуға қажетті құрылғылар саны жеткілікті екен.

P.S.

МЕКТЕПТЕРДЕГІ КАРАНТИН ЖАҒДАЙЫНДА БІЛІМ АЛЫП ЖАТҚАН СЫНЫПТАРҒА ДА БАС СҰҚТЫҚ. БЕТПЕРДЕ КИІП ТҰМШАЛАНҒАН КІП-КІШКЕНЕ БАЛАЛАРДЫ КӨРІП, ЖАНЫМЫЗ АШЫДЫ. БІРНЕШЕ САҒАТ БОЙЫ БЕТПЕРДЕ КИІП ОТЫРҒАН ОЛАРДЫҢ АУЫР ОТАДАН ШЫҚҚАН ДӘРІГЕРЛЕР ІСПЕТТІ ШАРШАҢҚЫ КЕЙІПТЕРІН АҢҒАРДЫҚ. БІРАҚ, БІЗГЕ БАЛАЛАРДЫҢ ПАНДЕМИЯДАН ҚҰТЫЛАР КҮНДІ КҮТКЕННЕН БАСҚА АМАЛЫ ЖОҚТАЙ КӨРІНДІ. ИӘ, БЕТПЕРДЕ БАЛАЛАРДЫҢ ТЫНЫСЫН ТАРЫЛТЫП, АШЫҚ-ЖАРҚЫН АЛАҢСЫЗ ЖҮЗДЕРІН ДЕ ЖАСЫРЫП ТҰРҒАНДАЙ.

Мəлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз