Ғасыр ғаламаты

jana jobalar Жаңалықтар

Келешек кеңею және Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобалары «Теңіздің» қуатын еселегелі тұр. Қазір «Теңізшевройл» жылына 28 млн. тонна мұнай өндіреді. Жүйелі жұмыс жүзеге асса, оның көлемі 39 млн. тоннаға дейін ұлғаяды. Үшінші буынды зауыттың бұрынғы өндірістен айырмашылығы – оның құрылымында. Мұнда дайын модульдер қолданылады. Өндірістің аумағы да үлкен. Бастысы, жер қабатындағы қысымды сақтау үшін газ кері айдалады. Бұл күкірт қорының жинақталмауына себепші болмақ.

jana jobalar

Үлкен жобаларды қаржыландыру туралы шешім екі жыл бұрын қабылданыпты. «Теңізшевройл» серіктестерінің өндірістің қуатын арттыру, мұнай өндіру көлемін өсіру мақсатындағы ұйғарымы бүгінде нақты жүзеге аса бастады.

– Келешек кеңею жобасы – ғаламдық жоба. Оны іске асыруға әлемнің көптеген мемлекеті қатысуда. Қазіргі күні инфрақұрылымдық жұмыстарға, теңіз модульдерін тасымалдауға баса назар аударылып отыр. «Теңіз» кенішіндегі құрылыс жұмыстары белгіленген уақытта аяқталады деп жоспарланған. Келешек кеңею жобасына қажетті модульдер Қазақстаннан өзге, Корея мен Италияда дайындалуда, – дейді «Теңізшевройл» ЖШС-нің өндіріс жөніндегі бас менеджері Имир Боннер.

Келешек кеңею және Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобаларының құрылысы бір уақытта қолға алыныпты. Бұл қаражатты үнемдеу, тиімділікті арттыру мақсатын көздеген шара екен. Жобаны жүзеге асыру үшін 11 мемлекеттің аумағында орналасқан 19 орталық жұмыс жасайды. Мәселен, инженерлік-техникалық шаралар Атыраудан өзге, Фарнборо, Алматы, Нью-Дели, Хьюстон қалаларында атқарылуда.

Бұдан бұрын Маңғыстау облысының «Ерсай» өндірістік алаңында құрастырмалы модульдік эстакадаларды жасау қолға алынған еді. Қазір оның алғашқысы кемеге тиеліп, жүк тасымалдау бағдары терминалына түсірілген. Италиядағы өндірістік жұмыстардың көлеміне газтурбиндік генераторлардың модульдерін жасау кіреді. «Теңізшевройлдың» үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінен алған ақпаратқа сүйенсек, Италияның Авенца қаласында «Фрейм 9» газ турбиндік генераторы жасалып, алғашқы бөлігі кемеге тиелген. Модульдерді шетелдік өндірістік алаңдардан Қара және Балтық теңіздеріндегі базаларға жалға алынған ірі жүк кемелері тасымалдайды. Вьетнам мен Румынияда модульдер мен құрама модуль эстакадаларын жеткізетін 20 кеме құрастырылып жатыр. Бұған қоса, Каспий теңізі арқылы модульдерді жеткізуге арнайы салынған буксирлер қолданылады.

Ірі жобалар аясында жаңа жүк тасымалдау бағдары салынуда. Бұл нысан Ресейдің ішкі су жолдары жүйесі арқылы шетелдік өндірістік алаңдардан жеткізілетін модульдерді түсіріп, Теңіз кен орнына дейін жөнелтуге арналған. Модульдер Прорвадағы терминалдан Теңіз кен орнына қарай жаңа ауыр жүк тасымалдау жолы арқылы жеткізіледі.

– Алғашқы құрастырмалы модульдік блогтар мұхит кемелеріне тиеліп, Оңтүстік Кореядағы өндірістік алаңынан Теңіз кен орнына қарай жөнелтілді. Аталған блогтар бұл елден жеткізілген алғашқы жүк болды, – дейді ТШО-ның өндіріс жөніндегі бас менеджері.

Бұл жобалар ел экономикасына ерекше серпін береді. Қазірдің өзінде 42 мыңнан астам отандасымыздың жұмысқа тартылғаны белгілі болып отыр. Олар қос жобаны жүзеге асырушылардың 92 пайызын құрайды. Ал, жобалау, сатып алу және модульдерді дайындауда отандық мамандарға үлкен міндет жүктелген. Қазір еліміздің 2 мыңнан астам кәсіпорны алдын-ала іріктеуден өтіп, соның 300-мен келісім-шарт жасалыпты. Шетелдік компаниялардың өкілдері 150-ден астам қазақстандық кәсіпорынның нысандарын аралап, өндірістік әлеуетін зерттеп көріпті.

Жаңа жобаларға 36,8 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі қаржы жұмсалады. Демек, келешекте Теңіз кен орнынан өнім өндіруді еселейді. Атап айтқанда, Келешек кеңею жобасы өндірістің қуатын жылына шамамен 12 млн. тоннаға немесе тәулігіне 260 мың баррельге дейін арттырады. Осылайша, мұнай өндірісінің жылдық көлемін 39 млн. тоннаға дейін (тәулігіне 850 мың баррель) ұлғайту көзделуде. Ал, Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы атқылайтын ұңғылардың ернеулік қысымын төмендетеді. Сонымен қатар, қолданыстағы алты кешенді технологиялық желінің кіре берісіндегі қысымды арттырады. Осы арқылы Теңіз кен орнындағы зауыттардың толық қуатында жұмыс жасауын қамтамасыз етеді деп жоспарланып отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз