АҚПАРАТТЫҚ ТОПТЫҢ АТҚАРАР ІСІ КӨП

Жамағат арасында хақ дініміз – исламның құндылықтарын кеңінен түсіндіруде ақпараттық-насихаттық топтардың атқарар рөлі орасан. Арнайы құрылған бұл топтардың құрамында зиялы қауым өкілдері мен ел аға-апаларының болуы оның маңыздылығын еселей түседі.

 

Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен аталмыш топ мүшелеріне арналған семинар-кеңес барысында бірнеше маңызды тақырыптар қозғалды. Басқосуға қатынасқан Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Абдақасов ақпараттық-насихаттық топтардың атқарар жұмыстары жайлы қысқаша тоқталды. Ел ішінде түрлі ауқымдағы кездесу ұйымдастырып, тақырып төңірегінде ой қозғап жүрген топ мүшелерінің құрамында ақсақалдар мен өнегелі аналардың болуы өзгелерге үлгі боларлықтай бастама екендігін де атап өтті.

Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов пен облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кеңесшісі Нұржиян Абдолова сөз алып, отбасылық құндылықтар, жастар тәрбиесі жайлы әңгіме өрбітті.

Облыс әкімінің шақыртуымен өңірімізге келіп қызмет атқарып жүрген теолог мамандардың қатары таяуда Египеттегі  Әл-Азһар университетінің шейхымен толыққан болатын. Осы семинарға қатынасқан Мухаммед Жәмәл әд-Дин Хашим ислами бағыттар, жалпы мұсылмандар білуі тиіс қағидаттар туралы терең де, мазмұнды ой толғады.

Семинарға қатынасқан ақпараттық-насихаттық топ мүшелері де бұл басқосудың маңызы зор, сала туралы түсініктерінің терең болуына септескендігін атап өтті.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз