ЕЛ ТАТУ БОЛСА АЛЫНБАЙТЫН ҚАМАЛ ЖОҚ

logo Ұлттық құрылтай

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент мемлекеттің ұлттық идеологиясын қалыптастыру, саяси-әлеуметтік салалар алдында тұрған аса маңызды міндеттер мен мақсаттарды анықтап, айқындап берді.
Сөзсіз, идеологиямыз мықты болатын болса, адамдардың өмір сүру сапасының жақсаруына зор себепші болады. Егер олардың тұрмыс деңгейі жоғары болатын болса, әр азаматтың ынталы түрде жұмыс істеп, ел экономикасының көтерілуіне ықпал ететіні түсінікті.


Алдыңғы аға буын мен зиялы қауым өкілдерінің білімдері мен біліктері кейінгі ұрпаққа өте қажет. Олар қоғамдағы мәселелерді, теріс түсініктерді қалай түзеуге болатынын назардан шет қалдырмауы тиіс. Олар, екінші жағынан, билік пен халықтың арасында алтын көпір болуы керек. Өмірден түйгендері көп, тірліктің түрлі салаларында еңбек еткен азаматтардың жастарға айтатын ақылдары қашан да маңызды. Президент айтқандай, аға буын өзінің көзқарасы мен дүние танымына, өз дәуірінің мүддесіне қарай қызмет етті. Енді солардың кейбірін біріне-бірін қарсы қою ұлттығымызға сын болатын келеңсіз жағдай. Сондықтан оның барлығын сол қалпында қабылдау үлкен толеранттықты, парасатты қажет етеді.
Қазақ елі көшпенді халықтың мұрагері. Қазақстан мен Алтын орда деген екі ұғым қатар жүруі керек. Тарихи мұраларымызды терең зерттеуіміз керек. Еліміз көне ескерткіштер мен тарихи орындарға өте бай. Сондықтан осының бәрін терең зерттеп, қазақ халқының сонау замандардан бері келе жатқан тарихы, өркениеті зерделенуі қажет. Бұл үлкен алдағы күндердің маңызды міндеті.
Сонымен қатар, көп жастардың діни ағымдарға шырмалып, олардың киім үлгілерін киюде әсірелеп жататынын да аңғарамыз. Президент бұл туралы да өте дұрыс айтты. Дін ұстанамын деп еліктеушілікке жол беруге әсте болмайды. Жастарымыз бәсекеге қабылетті болып, білім мен ғылымға бет бұрсын десек, біздер оларды осы теріс ағымдардың әсерінен шығарып, көмек беруіміз қажет. Мектеп оқушыларының да ерте жастан, тіл мен білімді игеретін шақтарында дінге бой ұрмаулары үшін ата-ана, педагогтар мен мектеп ұжымы бірлесе атсалысулары керек. Жалпы, өркениетті ел боламыз десек, мектеп оқушылары мен студенттердің мешітке баруына шектеу қою, тіпті тиым да салу қажет деп ойлаймын.
Президент озық ұлт болуы үшін қажетті құндылықтармен бірге кесел болатын зиянды дүниелерді де атап өтті. Ең алдымен есірткі саудасы, насыбай ату, лудомания, вандализм, ысырапшылдық секілді әдеттерден құтылуымыз қажет.
Жаңашылдыққа бет бұрған, көшбасшы елдердің қатарына қосылу үшін өзіміз тәуелсіздігіміз бен отанымызды, баға жетпес мұрамызды бағалай білуіміз тиіс. Қаншама ұлт өзінің туған отанынан алыста жүр, өз алдына бөлек шекарасы жоқ елдер қаншама. Қазақстан халқы кең байтақ жердің үстінде жүріп, өзін өзгеге сыйлата білуі керек. Ол үшін әрбір азамат отанға деген сүйіспеншілікті сөзбен емес, іспен көрсетуі ләзім. Тағы бір баға жетпес құндылығымыздың бірі – бірлік пен ынтымақ. Біз бір болсақ, ел тату болса алынбайтын қамал жоқ. Бұл түсінік талай мәрте дәлелденген дүние. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елді жау алмайды. Әр азамат қарашаңырағының тағдыры өз қолында тұрғандай көріп, жақсылыққа ұмтылуы керек.
Сонымен қатар, әділдік пен жауапкершілік деген баға жетпес қасиеттер болса еліміздегі барлық салада әлеуметтік теңдік, татулық болады. Келісімдеріміз нығаяды. Мемлекет басшысы бұған дейінгі жолдауларында «Әділетті Қазақстан» деген ұғымды айтып келеді. Заң алдында әр азамат бірдей болса, оны жете түсіне білсе, қоғамның дамуы өте жоғары деңгейде болады. Әрбір адам өзінің жасаған теріс әрекеттері үшін жауап беретінін түсінуі керек.
Сондай-ақ, әр азамат еңбекқорлық пен кәсіптік біліктілікті де негізгі ұстаным етіп қоюы керек. Кез келген адам адал еңбек етсе табысқа қол жеткізетіні түсінікті. Кезіндегі шаруашылықтар тарағаннан кейін де кейбір адамдар өз алдына мал өсіріп, егін егіп атакәсіптерін жүргізіп келеді. Солардың мысалынан көріп отырғанымыздай, әр адам өз кәсібін жақсы меңгеріп, ұмтылып еңбек ететін болса, оның әрдайым табысқа жететініне күмән жоқ.
Қазіргі жедел өзгеріп жатқан әлемде жаңашылдыққа құмар болып, білімін жетілдіруге тырысуы керек. Әлемдегі IT технологияларды игеруге күш салу керек. Заман ағымына ілесе алмасақ біздің ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Сондықтан, ертеңгі күні елімізді басқаратын ұрпақ – жастар үшін жаңашылдық пен жасампаздық, бастамашылық ең негізгі шарттардың бірі болуы тиіс.
Құрылтай «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деп аталды.
Ал бұл үш таған кездейсоқ емес, оны табысқа жетуші елдің басты критерийі деп айтуға болады. Себебі, адам адал болса, адал еңбек етсе, адал табыс тапса мемлекетіміз дамып, еліміз өркендеп әлемдегі озық елдердің қатарына қосылатынымыз кәміл.
Халқымыздың сан ғасыр бойғы қилы тарихы да бұған куә. Қоғамдық институттар мен билік бір мақсатта ұйыса білсе ғана, біз, болашағы жарқын, қуатты мемлекет құра аламыз. Құрылтайдың берер мақсаты мен бағдары осы деп білемін. Еліміз үшін ұлттық идеологияның бағыттарын айқындап берген бұл басқосудың талай жаугершілік пен терең тарихтың куәсі болған, «жайлы қоныс, жақсы мекен, байы мен жарлысы, жабағысы мен тайы теңескен, жас тайлағы жардай нар болып, жатып қалған тоқтысы жайылып мың қой болған»- деп Қазтуған жырау толғағандай, Еділ мен Жайықтың алқабындағы біздің өңірде өтуі өте маңызды болды, ол Құрылтайға жиналған қауымға ұмытылмас әсер қалдырды деп ойлаймын.
«Ауыл» партиясының да ұстанымы Президенттің жоғарыда айтылған ойлармен ұштасып жатқанын, ел бесігі, еліміздің дәстүрі мен мәдениетінің алтын ошағы – ауылды дамыту, өркендету партия алдында тұрған басты меже екендігін атап атап өткім келеді.

Қадыржан АРЫСТАН, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз