Ұлттық құрылтай – халық мінбері

logo1 Ұлттық құрылтай

Бұған дейін Ұлытау мен Түркістанда алқалы жиындары өткен Ұлттық құрылтайдың  мұнайлы мекенде ұйымдастырылуының өзіндік мәні зор. Өйткені, бізде жеті ханның ордасы Сарайшық бар.

Өткен құрылтайларда ел дамуына қатысты көптеген мәселе сөз болған еді. Бастысы, құрамы барлық өңірдегі қоғамдық кеңес мүшелері мен белсенді азаматтардан жасақталған бұл басқосу билік пен бұқара арасындағы берік байланыс орнатудың тетігі іспетті.

Ұлттық құрылтайдың жаңадан қосылған мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев Ұлттық құрылтай мүшелерінің кездесуінде алқалы отырыстың халықтың мінберіне айналуы қажеттігін айтады. Өйткені, бұл құрылымның мүшелері қоғамның әр санатынан іріктеліп алынды емес пе? Ол құрылтай шақыру ата дәстүр екенін алға тартып, қазақ қоғамында маңызды мәселелердің осындай жиындарда талқыланғанына назар аударды. Мұнда келелі мәселелер қаралып, орынды ұсыныс-пікірлер айтылған.

– Біз қазір тарихи  кезеңде тұрмыз. Конституциялық реформаларды терең түсініп, сол бағытта тұрақты жұмыс жасауымыз қажет. Қалай жұмыс жасаймыз? Оның қажеттілігін тереңдей ұғып және халықтың қолдауымен жүзеге асырған дұрыс. Сондықтан көпшілікті көбірек тыңдаған жөн. Сонда ғана реформаларымыз жүзеге асады,-деген Нұрлан Әуесбаев бұл институт өз қызметінде  идеологиялық тұжырымға сүйенетінін айтады.

Оның пікірінше, Ұлттық құрылтайдың мемлекет тарихындағы рөліне көңіл бөлінеді. Сонымен қатар Ұлттық құрылтай ұлтты ұйысуға шақырады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, құрылтайдың жеті хан жерленген жерде өтуі бекер емес.  

Ұлттық құрылтайдың секцияларында талқыланған өзекті мәселелер алқалы жиында бұл жолы да қоғам назарындағы түйткілдер талқыланатынын аңғартады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» емес пе?!

Мұнда  жергілікті маңызға ие мәселелерге де баса назар аударылады. Ұлттық құрылтай мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мақсым Ізбасовтің пікірінше, осынау алмағайып сәтте елді толғандырған мәселелерді құрылтайда елге танымал тұлғалар көтеріп, шешу жолын қарастырғаны бірлігімізді арттыратын бағыттардың бірі. «Алдағы уақытта бұл институт еліміздің ұзақмерзімді даму перспективаларын анықтайтын құрылымға айналады деп сенемін» дейді ол.

Құрылтай дала демократиясының ажырамас бөлігі саналады. Бағзы заманда да тарихымызда ел басына күн туған заманда ұлттың бетке ұстар азаматтары жиналып, құрылтайда елде туындаған мәселелерді көтеріп, дер кезінде шешіп отырған.

Сарапшылар Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы мен салмағы жылдан жылға артып келе жатқанын айтып отыр. Салмақты жиында мәселе айтылып қана қоймайды, оны шешудің жолдары да қарастырылады. Байқағанымыздай, ол азаматтардың ұсыныс-пікірлерін айтатын ашық алаңға айналып келеді. Бұл ретте, әсіресе, зиялы қауым өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктелетіні айтпаса да түсінікті. 

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз