Тарих болашақ үшін жазылады

bez imeni 8 Ұлттық құрылтай

Жаңа Қазақстан құру жолындағы өзгерістердің бірі – халықтың беделді және салиқалы өкілдерінен құралған Ұлттық құрылтайдың жыл сайын өткізілуі және оның кезекті отырыстарының Астанада емес, әр облыстың орталығында кезектестіріле ұйымдастырылуы. Биыл Құрылтайдың батыс өңірінде, соның ішінде Атырауда өткізілуі тегін емес. Себебі қойнауы қазына-байлыққа толы, «қара алтынның» отаны, ел бюджетін ұлғайтуға зор үлес қосып отырған, ал халқы рухани байлыққа ие, кезінде хандардың қонысы болған киелі мекен Атырау ғой. Өзім де саналы ғұмырымды Алматыда өткізіп жатқаныма қарамастан, Атыраудың түлегі ретінде бойымды мақтаныш сезімі билеп, өзімше құрылтайда айтылған кейбір мәселелерге тоқталып, ой бөліскенді жөн көрдім.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты сөзінің басында Атырауға тоқталып Сарайшықты, ондағы хандарды еске алуы болашаққа деген бағдарламаларына, іске асыратын жобаларына солардың рухы қолдасын дегендіктен болар. Ал, жалпы Құрылтай тәжірибесі бізге дейін де болған. Әріге бармай-ақ өткен ғасырға тоқталсақ Орынбордағы І қазақ құрылтайында «Алаш» партиясы құрылып, ІІ құрылтайда Алаш автономиясы жарияланғаны тарихтан белгілі. Сонымен қатар, 1992 жылы

Алматыда өткен қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайын да еске сала кетейік. Оған алыс-жақын шет мемлекеттер, соның ішінде Түркия, Германия, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Аустрия, басқа да 33 елден 800-ден астам өкіл қатысқан еді.

Осындай тарихы терең құрылтай жалғасын тауып жатыр десек қателеспейміз. Әрине, Қазіргі Ұлттық құрылтайдың жөні бір бөлек. Ол – Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталаған, қоғамдағы жаңашыл өзгерістерді халыққа жеткізіп, олардың өздерінің де қоғам өміріне белсене араласуын іске асыратын жалпыұлттық жиын. Мұнда қоғамдағы көптеген өзекті мәселелер ортаға тасталып, оның болашақта қалай шешілуі туралы айтылады.

Бұл жолғы құрылтайдың, Президенттің өзі айтқандай, жылдағыдай жазда емес, жылдың басында – ораза айында, Наурыз мейрамының қарсаңында өтуінің ерекше мәні бар ғой деймін. Қатысушыларды көрісу күнімен құттықтап, «Наурыз мейрамын осы күннен бастап тойлағанымыз дұрыс» деуі елді бірлікке шақыру деп білемін. Шынында да бұл өте орынды, Кеңес заманының өзінде де біздің батыста көрісу күні – жыл басы деп 14 наурызды алып, сол күні ауылдың, ағайынның үлкендеріне көрісуші едік. Үлкендер «Жасың құтты болсын!» деп бата беруші еді, яғни осы күні туған күніңе қарамай жасқа толдың деп есептелетін. Егер көріспесек ол үлкен айып саналатын. Негізінен алғанда ескі стиль бойынша 14 наурыз – 1 наурыз ғой. Себебі Ресей елінде 1918 жылғы 26 қаңтарда Батыс Еуропа күнтізбесін енгізу жөніндегі жарлық шыққанан кейін, күнтізбе 13 күнге кейінге жылжыған еді.

Қарап отырсақ, Құрылтай Парламенттегі депутаттардай емес, ұлттың өмірлік тәжірибесі мол, көргені көп, сыйлы өкілдерінен құралған. Әрине, бұл өте құптарлық жағдай, тек олардың қолында еліміз үшін, халықтың жағдайына лайықталған заңдарды дүниеге әкеліп, қабылдау құқығы жоқ демесек.

Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы мен салмағының жылдан жылға артып келе жатқанын көзіміз көріп отыр. Онда елдің ойындағы біраз мәселелер айтылады, талқыланады. Соның нәтижесінде елдің болашағына жандары ашитын азаматтарға, әсіресе зиялы қауым өкілдеріне зор жауапкершілік жүктелген. Әрине, біз солардың айтқаны, ауыздарынан шыққан лебіздеріне елеңдеп құлақ түреміз. «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, қоғамды елең еткізу үшін бір нәрсені қойып қалмай, ойлы, салмақты сөз күтетініміз анық. Қазақ халқы сөздің салмағын, құдіретін түсінген, сөзге тоқтаған. Ата-бабамыз сол сөз арқылы, түйіні қиын дауларды ың-шыңсыз шешіп, болайын деп тұрған соғысқа, қақтығыстарға жол бермеген. Ұлы даланың қасиеті, заңдары да осыны білдіріп тұрған жоқ па?! Сондықтан зиялы қауым өкілдерінен күнделікті күйкі тірліктен басқа, дастархан басындағы саясаттан аулақ осындай қомақты ақыл, терең әңгіме күтеміз.

Жақында әлеуметтік желіде «Тарих саясаттың қолбаласы ма?» деген тақырыпта белгілі саясаткер Дос Көшім мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институның директоры, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Зиябек Қабылдиновтың сұхбатында осы мәселе тілге тиек болған екен. Олардың «егер Абылай мен Кенесары «сатқын» болса, қазақта тұлға қалмайды» деуі өте орынды. Шындығында, архивтегі құжаттардан белгілі бір бөлігін тауып алып, соны жаңалық сияқты көпшілікке тарату етек алып барады. «Қазақты сатқан қазақ» деген сөз қанатты сөзге айналып бара жатқандай. Сонда біз кім болғанымыз?!

Қайраткерлерді бірі-бірімен салыстырып, оларға сол арқылы баға беру де келеңсіз. Әр тұлға өз заманының қайраткері, оған сол заман тұрғысынан баға берілгені дұрыс. Өтіп кеткен заманға, сол кездегі халықтың бас көтерген, қазіргіше ұлттың зиялы өкілдеріне қазіргі күн тұрғысынан баға беретін болсақ ол бір жақты болған болар еді. Әр қайраткердің жақсылығы да, кемшілігі де болатыны даусыз ғой, қазірде де солай. Не асыра мақтап, не барынша даттауға болмайды. Екі жағын тең ұстаған дұрыс.

Ал, тарих қалай жазылуы керек? Тарих толығымен қайта жазылмайды, ол – ақиқат. Тарих бұрыннан жазылып келеді, жазылып та жатыр. Бірақ сол тарихтың кейбір тұстарына қайтадан қарап, кең ауқымды баға бергеніміз жөн. Ұлттық тұрғыда, шынайы жазылуы тиіс. Қазір ерінбегеннің бәрі тарихшы, жазушы да, журналист те, тіпті экономист, инженерлер де жазады. Түп деректерге сүйенбеген, күмәнді ақпараттарды жариялау оқырманды адастырады. Сондықтан тарихты жазғанда мұқият болған дұрыс. Біздің жүріп өткен жолымызда оғаш ештеңе жоқ, жақсы болсын, жаман болсын, өткен жолымыз, ұлттық тарихымыздың жақсысын қалдырып, жаманын алып тастауға болмайды.

Кеңес кезеңіндегі жазылған тарихты қайта қарап, жаңаша жазу керек деп жатырмыз. Ол кезең туралы қазір аз жазылып жатқан жоқ, кезінде Коммунистік партия тарихынан диссертация қорғап, ғылыми еңбек жазғандар қазір сол кезеңді жамандаудан алдарына жан салмайды. Сондықтан ұлттық тарихымызға оралып, оны шынайы, болашақ ұрпаққа үлгі болатындай тұрғыда жазуымыз керек.

2010 жылдары бес томдық «Қазақстан тарихы» көпшілікке ұсынылған еді. Кейін 10 томдық жазуды да қолға аламыз дегенбіз, бірақ не себептен екені белгісіз, ол аяқсыз қалды. Енді жеті томдық «Қазақстанның академиялық тарихы» қолға алынып жазылып жатыр, біраз істер жүзеге асырылды. Мен авторларға өзіміз куә болып отырған қазіргі заман туралы жазғанда аса мұқият болған жөн дер едім. Қазіргі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды, еліміздегі болып жатқан күрделі өзгерістерді ешқандай саясатқа бейімдемей, шынайы тұрғыда жазған жөн. Себебі ол болашақ ұрпақ үшін жазылады. Қазір оған жауапсыз қарасақ, өмір тоқтамайды, біраз уақыт өткесін тағы да тарихтағы ақтаңдақтар пайда болмай ма?!

Жастарға жол беру керек, дұрыс екен. Оларға жол берілмей жатқан жоқ қой, беріліп те жатыр. Тек білімі мол, іс-тәжірибе жинаған, тек баюды көздемей, ұлтқа жаны ашитын жас болғаны дұрыс емес пе? Байбек, Бишімбаев, тағы басқаларға жол бердік қой. Тек қолындағы билікті жеке басының мүддесіне арнамай, елінің, ұлтының қамын алға қоятын жастар болсын. Бірақ оларға өмірлік тәжірибесін үйрететін, ұлттың қадірлі ақсақалдарын үлгі ету керек, кезінде олар да осындай жас болды ғой. Жастардың өмір жолына дұрыс бағдар беру – аға ұрпақтың еншісі. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет» деуі біраз нәрсені аңғартады.

Осынау азды-көпті ғұмырымда менің алдымнан жаны жайсаң, кішіге қамқорлығы мол, қызғанышы, іштарлығы жоқ жақсы адамдар көп кездесті. Солардың ықылас-пейілі мен ақыл-кеңесі маған әлі күнге дейін жолбасшы болып келеді. Қол жеткізген жетістіктерім болса, солардың тәрбиесінің арқасы деп білемін.

Мектеп пен жоғары оқу орнында дәріс беріп, білім нәрімен сусындатқан ұстаз деген ұлы атқа лайық оқытушыларыммен қатар, еңбекке араласып, қызмет жасай бастаған кезімде өміріме жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп, азамат болып қалыптасуыма әсер еткен, әлі күнге дейін педагогикалық қызметпен айналыссам да, өзіме ұстаз тұтатын адамдар бар. Солардың ішінде туған елі «Өзағаң» деп еркелеткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың орны ерекше. Ол кісінің аз күн болса да жанында жүріп, әңгімесін тыңдап, тағылымынан сусындап, іссапарларға бірге шығуым мен үшін үлкен өмір мектебі.

Мемлекеттік тілді ешкімді мәжбүрлемей дамытайық деген пікір орынды айтылған. Тіліміз күнделікті қажеттілікке айналса, ертең-ақ тұғырға қонады, қазіргі мектепте білім алып жатқан балалар қазақ тілінде еркін сөйлейді, ал олар – елдің болашағы. Сондықтан тілімізге ешқандай қауіп төніп отырған жоқ. Тіл мен кітап бір-бірімен тығыз байланысты. Кітап – жан азығы, әсіресе қазақ тіліндегі кітаптарды оқу керек, біздің тіліміз өте бай. Мысалы, қара сөздің қас шебері Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында ғана 16983 сөз қолданған, ал Уильям Шекспир өз шығармаларында 15000, Мамин-Сибиряк «Приваловтар миллионы» романында 11283 сөз қолданыпты.

Биыл 1-2 наурыз күндері киелі Түркістанда «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» атты симпозиумда тілге байланысты біраз нәрсе ортаға тасталып, талқыланды. Тіліміз дамысын десек, жастар қолындағы смартфонындағы өтірік-шыны аралас ақпараттарға қарай бермей, бойына кітапқұмарлықты дамыту керек. Кітапты оқысаң, ондағы оқиғаға жан-тәніңмен еніп, жанды дауыста ән тыңдағандай күйге енесің.

Менің тілегім Ұлттық құрылтай «Күлтебенің басында күнде жиын» дегендей мағынасысыз жиын болмай, онда елдік мәселелер көтеріліп, жиналған жұрт та өз ойын ортаға салып,  қазіргі қоғамды алаңдатып жүрген мәселелерді мемлекет басшысымен ашық талқыласа деймін. Оны орындау, орындату – тек Президенттің шаруасы емес, сол залда отырған адамдардың халыққа бас болып, жүзеге асыруына байланысты.

Тұрақтылық жақсы, тоқырау жаман. Ұлттық құрылтай мүшелерінің халықтың алдында беделі бар, ұлтқа жаны ашитын адамдар екеніне дауым жоқ, бірақ бір адамдарды үнемі отырғызып қоймай, құрамын ретімен жаңартып отырса қоғамның тыныс-тіршілігінен толық мағлұмат алған болар едік. Әрине, олардың санын есепсіз көбейтудің керегі жоқ, тек құрамын ретіне қарай жаңа мүшелермен өзгертіп отырса деп ойлаймын.

Бұл жолы біраз мәселе ортаға тасталды. Енді осы келелі жиында айтылған бағыт-бағдардан ауытқымай, көрсетілген мақсаттарға абыроймен жетейік.

Болат ЖҰМАҒҰЛОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ҰПУ профессоры,

«Құрмет» орденінің иегері

Алматы қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз