Ерліктің рухы өшпейді

532 Ұлттық құрылтай

ІІІ Ұлттық құрылтайда адамзат өркениетінде өшпес із қалдырған әйгілі Алтын Орданың астанасы Сарайшық орналасқан Атырау өңірінде бас қосуымыздың тарихи маңызы зор.

Біз ХХ ғасырда бірнеше тарихи оқиғаны бастан кештік. Солардың бірі – ІІ Дүниежүзілік соғыс. Бүгінде мемлекеттің бейбіт заманда өмір сүруі – қан майданда от кешкен, фашистерге қасқайып қарсы соғысқан майдангерлердің арқасы.

Бұл қанды шайқас Отанды қорғаудың, нағыз қайсарлықтың үлгісі болды. Сондықтан қатыгез жауды елден, жерден қайтарамыз деп қасық қаны қалғанша шайқасқандардың жауынгерлік ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Бүгінгі қоғамда Отан үшін соғыспақ түгілі, санасы уланған бәзбіреулер қаһарман майдангерлердің нағыз ерлігін жоққа шығарғысы келеді. Мұндай жаңсақ пікірлерге жол берсек, бұл тарихымызға жасалған қиянат, батырлардың рухына деген құрметсіздік болар еді.

Солардың сөзіне ілессек, фашистерді жоюда жан тәнімен алысқан Төлеген Тоқтаровтың, батыр қыздарымыз Мәншүк пен Әлияның, отқа оранған ұшағымен жауға қарсы шапқан Нұркен Әбдіровтің, жүздеген фашисті жойған Исатай Сүйенбаевтың, Мәскеуді қорғаған 28 гаврдияшы Панфиловшылардың ерлігі қайда қалады?!

Мұның барлығы – Отанды қорғаған, қасқайған адал ерлердің нағыз ерлігі. Осынау қанды соғыс еліміздің әрбір отбасына қасірет пен қайғы әкелді. Біздің әулетіміз де оның зардабын шеккен болатын. Қанды соғыста әкеміздің екі ағасы хабар-ошарсыз кетіп, олардың сүйегінің қайда қалғанын әлі күнге дейін білмейміз. Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған, миллиондаған адамның өмірін жалмаған, талайдың тағдырын талқан еткен ІІ Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына келесі жылы 80 жыл болады. Бұл маңызды датаның біздің елге тікелей қатысы бар.

Соғыс басталған кезде қызыл әскер қатарында 178 мың қазақстандық болған екен. Соғыс кезінде 1 млн. 200 мыңдай адам шақырылып, оның 600 мыңнан астамы ұрыс даласында қалды. Қазақстаннан шақырылған әрбір екінші майдангер қаза тапты. Ұлы Отан соғысында 271 мың қазақстандық із-түзсіз жоғалып кеткен. Ал, оларды іздеу үшін тиісті ақпарат алатын Қазақстанда әлі күнге дейін электронды платформа жасақталмаған.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде елде майданнан оралмаған ата-бабаларын іздеушілердің саны 2 миллионнан асады. Бірқатары Ресейдің дерекқорларын пайдаланып, іздеу жұмыстарын жүргізуде. Бірақ,  қазақстандықтар туралы деректер табу өте қиын. Қазір бұл бағытта мемлекеттік деңгейде зерттеу жұмыстары мүлдем жүргізілмейді. Іздеу шараларымен тек үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер ғана айналысады. Бұл жұмыс бізге жеткіліксіз. Сондықтан аталған зерттеуді мемлекеттік деңгейде жүргізіп, соңғы боздақтың сүйегі табылғанша жұмыс жасалуы керек. Өйткені, ерліктің рухы ешқашан өшпеуі тиіс. Оны ұлықтау – бізге парыз.

Еділ ЖАҢБЫРШИН,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз