АЛҒА НЫҚ ҚАДАММЕН!​ 

d03c725a 81ef 4c95 a928 9e0b7946c862 Саясат

Ел көлемінде сайлау өткізіліп, біз, Қазақстан халқы көптен күткен орасан жұмыстың нәтижесіне куә болдық. 

​Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президенттігіне екі әйел өз кандидатурасын ұсынды. Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының облыстық филиалын ұзақ уақыт басқарған және әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары ретінде мен үшін бұл маңызды дерек. Әрине, атқарылған жұмыстар да аз емес, алға қарай дамыта түсу керек тұстар да жеткілікті. Бірақ, нәзікжандылардың табысты, сенімді, ең қиын істерді мойнына алып, жауапкершілікті көтеруден қорықпайтындығы көп нәрсені аңғартады.

​Кешегі сайлау демократиялық талаптарға сай өтті. Түрлі партиялар мен қозғалыстардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл – Қазақстанда демократиялық сайлау үшін қолайлы жағдай бар екенін көрсететін фактор.

​Сол күнгі Атырауда ауа-райының қолайсыздығына қарамастан сайлауға тұрғындар белсенді қатысты. Біздің ұлттық ұғымымыз бойынша, жауын – жақсы белгі. Бұл – тазарудың символы, жақсылықтың нышаны. Демек, біздің жаңаруымызды ғалам да қолдайды. 

​Науқан күні өз сайлау учаскеме барған кезде, тұрғындардың көңіл-күйі көтеріңкі екенін көрдім. Демек, халық өзгерісті қалайды, сол үшін өз таңдауларын жасады. 

​Саяси шара тәмамдалды, нәтижелер де жария болды. Қасым-Жомарт Тоқаевты президент етіп сайлағанымыз көп нәрсені аңғартады. Қаңтар оқиғасының ең қиын сәтінде ол өз Отаны үшін, елі үшін, барша қазақстандықтар үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Осындай Президентпен қалай мақтанбассың! Қасым-Жомарт Кемелұлы дипломатияның қыр-сырын жетік біледі, бірнеше тілді меңгерген. Оны басқа елдерде қалай қарсы алатынын көріп отырмыз. 

​Биыл алғаш рет, бұл өкілеттілік бір мерзімге және 7 жыл болып бекітілді. Қазақстандықтар Президенттен күтетін өзгерістерді жүзеге асыру үшін жеті жыл жеткілікті. Екі жылға созылған пандемия, одан кейінгі қаңтар оқиғасы біз үшін ауыр сынақ болды. Шындығы сол, ол кезде өте қиын болды. Әсіресе, бүкіл әлем жұртшылығының назары бізге ауды. Тұтастай еліміз үшін сын сағат туындады. Осындай қысылтаяң шақтарда Президент нақты өзгерістерді жүзегеасырды. Алдағы уақытта да бұл игі бастамаларды жалғасытра беру үшін күш пен ресурстар әлі де табыла береді деп ойлаймын. Өйткені, халқымыз жаңарудан үмітті.

​Айта кеткен жөн, сайлау қорытындысы бойынша дауыс берудің демократиялық түрде өткенін атап өткен байқаушылар көп болды. Бұл да – үлкен жетістік. 

​Мен білім саласында жұмыс істейтіндіктен, біздің салада болып жатқан үлкен өзгерістерді атап өткім келеді. Аз уақыттың ішінде білім саласында көптеген жаңалықтар болды. Қазақстандық оқушыларының халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанғаны туралы хабарларды оқыған сайын, саланың дамып жатқанына қуанамын. Бұндай жаңалықтарды жиі екені де жанды жадыратады. 

​Сайлау қорытындысынан мен не күтемін? Ең алдымен, халқымыз үлкен өзгерістердің куәсі болады деп сенемін. Өткен сайлаудың басты мәні – әлеуметтік сектордағы және экономикадағы өзекті мәселелерді шешу жөніндегі жұмыстың құрамдас бөлігі ретіндегі трансформация, оны еңсермей қазақстандықтардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға қол жеткізу мүмкін емес. Бізге елдің адами капиталын дамытудың тұрақты негізін қалыптастыру керек.

Нұрлы ӘЙТИЕВА, 

Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры, 

қоғам қайраткері

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз