«ҰРПАҚ БАҚЫТЫ – ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНДЕ» дейді алтын алқалы ана

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген бір керемет сөз бар қазақта.Талай қиыншылықтарды бастан өткізсе де, жан дүниесінің сұлулығымен қабаттас әсем келбеті сақталған әжелерімізді көргенде осы бір қанатты ұғым ойға еріксіз орала береді.

Қалықыз Өтегенова алғашқы еңбек жолын Ескене кенішіндегі мәдениет үйінде кітапханашылықтан бастады. Жасынан елгезек, қандай істі болмасын тындырымды жасайтын жас қыз сөрелердегі кітаптарды жиі қолына алатын. Шығармалардың әр кейіпкерімен жақынындай сырласа жүріп, ол үлкен өмірге бейімделді. Қазақ қызына тән ибалылықты, қайсарлықпен қабаттас мейірімділікті бойына сіңіре білді. Кейін балабақшаға жұмысқа ауысып, бұл қызметтің өзінің табиғатына сай екендігін түсінді. Сөйтіп, өндірістен қол үзбей жүріп, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының «Педагогика және бастауыш білім беру әдістері» мамандығы бойынша оқып, жоғары білім алды. Балабақша меңгерушісі, балалар комбинатының меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерді атқарып, ел құрметіне бөленді.

Сөйтіп, ғұмырының 40 жылдан астам уақытын мұнайшылардың балаларын тәрбиелеуге арнады. Сонымен қатар, осыншама жыл мұнайшы болып жұмыс жасаған жолдасы Тұрғали екеуінің бауырынан сегіз бала өрді. Ғалия, Мұрат, Болат, Нұрлан, Нұртас, Ерлан, Ернар, Светлана – барлығы да әке жолын жалғастырып, мұнайшы мамандығын таңдады. Бүгінгі күні барлығы да – Қазақстан мұнай саласының өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген мамандар.Тұрғали ағамыз бен Қалықыз апамыздың тұңғышы Ғалия:

– Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөз бар. Ата-анамыз бізді жастайымыздан еңбекке, үлкенді сыйлап, кішіні қамқорлауға үйретті. Қара суықтың өтінде, аптап ыстықта еңбек етіп, қиыншылыққа қажымаған асыл әкеміздің қасиеттерін біз бойымызға сіңіре білдік. Сол себептен болар, барлығымыз да мұнайшы мамандығын меңгердік. Болашақта әке салып кеткен киелі соқпақпен ұрпақ сабақтастығы жалғасын табады деп сенемін. Анамыздың жауапты қызметімен қабаттас бізді дүниеге келтіріп, тәрбиелеп, «өмір» атты үлкен жолға салуға қаншалықты тер төккенін мен, шынымды айтсам, өзім балалы-шағалы болғанда ұққандаймын. Көпбалалы болғандықтан ба, біздің шаңырақта ауызбіршілік, бауырмалдық қалыптасқан. Осы күнге дейін ата-анамыздың бойымызға сіңірген қасиеттерінің арқасында барлығымыз да өмірден өз орнымызды таптық. Тілегіміз – әулетіміздің алтын діңгегі – анамыздың амандығы, ел-халықтың тыныштығы, – дейді ағынан жарыла.

Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, жиырмадан астам немере көріп, шөберелерінің қолынан су ішкен Қалықыз апай сексеннің сеңгіріне аяқ басса да тың, көзі қарақты, қоғамдағы өзгеріс-жаңалықтардан хабардар. Әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болса да балаларына әлі күнге жөн сілтеп, ақыл-кеңесін беріп, қажет жерінде «ұрсып» алады.

 «Асыл анамызды қажымас қара нардай көреміз. Ол кісінің ортамызда жарқырап отырғанының өзі – біз үшін қол жетпес бақыт. Әрқайсысымыздың өз отбасыларымыз бар. Бірақ, анамыз отырған қара шаңырақта жиі бас қосамыз. Ол кісінің ақылға, мейірімге толы әрбір сөзі бізді қуаттандырып, жігерлендіріп отырады. Өмір бойы баламен жұмыс жасағандықтан ба, әсіресе, немерелеріне дегендегі көзқарасы ерекше. «Әжемін» деп еркелетіп қана қоймай, кішкентайларының өмірге бейімделулеріне де жіті көңіл бөледі» дейді балалары асқан сүйіспеншілікпен.

Қалықыз Оразғалиқызы «бала бағбаны» атана жүріп, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүрген. Ұйымдастырушылық зор қабілеті, қажет жерінде қамқорлығын аямайтын жомарттығы оны үнемі айналасының құрметіне бөледі. Оның шырқата салған әндерін көзі көргендер әлі де тамсана еске алады.

«Қаншама жыл артта қалды десеңізші. Мына бастан не өтпеді дейсің. Қызықты да, қиыншылықты да көрдік. Халықтың басынан өткен заман ауыртпалықтарын да ел-жұртпен бірге бөлістік. Міне, енді бақытты заманда, бала-шағаның ортасында қызықты кәрілік өмірді өткізіп жатқан жайым бар. Бір өкініштісі, отағасының өмірден ерте кетіп, осы беймарал тірлікті көре алмағандығы. Оған да шүкіршілік деймін. Балаларымыз өмірден өз орындарын тапты. Алған білімдерінің жемісін көруде. Абыройлы. Әке атына кір келтірген жоқ. Ана үшін осыдан басқа ештеңе керек емес деп ойлаймын.

Еліміз тыныш, халқымыз бақуатты – мен осыған қуанамын. Көгімізде көк байрағымыз желбіреп, Тәуелсіз ел болып, Қазақстанды дүние жүзі танитындай дәрежеге жеткеніне мақтанамын. Жастарымыздың білім алып, ертеңгі күндеріне сеніммен қарайтындай жағдай жасалғанын көріп шүкіршілік етемін. Осының барлығы – Елбасының, халықтың ауызбіршілігінің арқасы. Лайым, осы күйден тайдырмасын». Қалықыз апа тереңнен толғай сөз бастады да, бір сәт ой құшағына енгендей үнсіз қалды.

Қалықыз ана мігірсіз еңбек етті. Білімі мен күш-қайратын адал еңбекке арнады. Біздің қоғамда ерен іс елеусіз қалмайды. Кезінде апай да тиісінше бағасын алды. Бірнеше дүркін социалистік жарыстардың жеңімпазы атанып, ұзақ жылғы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан зор еңбегі үшін «Қазақ ССР халыққа білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін иеленді. Осының барлығы – Қалықыз ананың өмір жолының өнегесі.

Қазақтың ата дәстүрін дәріптейтін Қалықыз Оразғалиқызы кенже ұлы Ернар мен келіні Ақмаралмен, олардан тараған бес немеремен бірге тұрады. Балалары айтқандай, алтын діңгекті бәйтерек тектес ана балалары туралы айтқанда ақ  сары жүзі нұрланып, аса мейірленіп кетеді. Нағыз бақыт, біздіңше – осы.

«Тәуелсіздік – бабаларымыздың талай жыл аңсап, қол жеткізген ұлықты мереке. Аллаға шүкір, еліміз еңселі, мәртебеміз биік. Жасым сексенге келсе де қоғамда болып жатқан өзгерістерді үнемі теледидардан қарап, біліп отырамын. Заман сатыларының барлығын көрген ұрпақтың өкілімін ғой. Тәуелсіздік таңын көру бұйырып, күннен-күнге жарқырай-жайнай түскен Қазақстанымыздың келбетін көріп жүрегімді қуаныш билейді. Барша халыққа аналық жүрегіммен тек жақсылықтар тілеймін».

Иә, бұл – ананың ақжарма тілегі. Ал, ана тілегі қашанда қабыл!..

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз