БҮЛДІРШІН ЖҮРЕГІНІҢ БОЯУЛАРЫ

ЮНЕСКО-ның шеңберінде «Балалар әлемді суреттейді. Қазақстан» атты жоба жүргізіліп келеді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, үштен он жеті жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер республикалық сайыста бақ сынауда. Жуырда қазылар алқасы іріктеу сапарының соңғы нүктесі болған Атырауға ат басын бұрды. Мұнда көршілес Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарынан да қатысушылар келіп, туындыларын ұсынып жатты.

Қазылар алқасын Әбілхан Қастеев атындағы бейнелеу өнері мектебінің директоры Ханзада Есенқызы бастап келді. Бірінші іріктеу туры жергілікті білім беру мекемелерінде, екінші тур облыс орталықтарында өтеді. Ал, 1 маусым – балаларды қорғау күні қарсаңында Алматыда байқау өз мәресіне жетпек. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар авторлар жұмысы халықаралық маңызға ие жинаққа енеді.

Мәскеудегі Ресей Академиясының көркем білім институтында 1924-1980 жылдар аралығындағы балалар суреттері сақталған құнды мұрағат қоры бар. Онда қазақстандық балалардың да 1945 жылы салынған еңбектері кездеседі. Сол суреттер байқау барысында көрмеге қойылды. Сондағы балалар – қазір сексен-тоқсанды алқымдаған қариялар. Сұрапыл соғыс жылдары майдан мен қараша үйдің кем-кетігін жамап, балалық дегеннің не екенін білмей өскен балалардың суреттеріне көз жүгіртсеңіз, соғыстың бейнесі тұрмақ, қарасын да көрмейсіз. Соғыстан кейінгі бейбіт күнге кіршіксіз сенген олар тек жайма шуақ жаз бен тату отбасы тірлігін бейнелеген.

– Суреттерде бір тамшы қан жоқ, қайран қалмай көріңіз! Ал, керісінше, қазіргі балалардың жұмыстарында атыс-шабыс, қырғын-жойқыннан басқа ештеңе аңғармайсыз. Шындығына келгенде, суретші тек өз көзімен көріп, қолымен ұстаған немесе жүрегімен сезіп, санасымен түйсінген дүниесін ғана бейнелеуі керек, – дейді Х.Есенқызы.

Амандық АБДОЛ.

Суреттерді түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз