Жеке сот орындаушы: ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМ – ЖАҢАША ТАЛАП

Осыдан алты жыл бұрын жеке сот орындаушылар институтының құқықтық негізі жасалды. Содан бері жүзеге асқан өзгерістер аз емес. Бастысы, бүгінде мемлекеттік сот орындаушылардың қызметі қысқартылып, сот актілері мен атқару құжаттарын орындау біртіндеп жеке орындаушыларға берілуде. Осыған орай бұл салаға қатысы бар біраз адамды сөзге тарттық.

Қалдыбек  САПАРОВ, облыстық   әділет   департаменті басшысының   орынбасары:

– Өзім ұзақ жыл жергілікті сот орындау департаментіне басшылық еткеннен соң құрылымға қатысты жаңалықтар маған жақсы таныс. Сондықтан, оқырмандар назарын мына мәселелерге аударсам деймін.

Қазіргі күні Атырау облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасында 34 жеке сот орындаушысы қызмет атқаруда. Оның саны 2011 жылы жетеу болатын. Келесі жылы оған бес қызметкер қосылды. Осылайша, төрт жылдың ішінде сот орындаушылардың қатары үш есеге өсті. Өткен жылы жеке сот орындаушылардың өндірісіне 26,8 млрд. теңгені құрайтын 25822 атқару құжаты түсті. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Тағы бір тоқталарым, бүгінде заңды тұлғалар мен ұйымдардың пайдасына нақтылы өндірілген соманың көрсеткіші де ұлғаюда.

Облыстық әділет департаментіне былтыр жеке сот орындаушылардан 137 борышкерге қатысты құжаттар түскен еді. Соның нәтижесінде, 37 борышкер әкімшілік қамауға алынып, 37-не әкімшілік айыппұл салынды.

Жеке сот орындаушылар институтын құруды Мемлекет басшысы 2005 жылы өткен судьялардың IV съезінде тапсыр-ған болатын. Бастаманың өміршеңдігін бүгінгі кезең дәлелдеп отыр. 

Еркін  СҰЛТАНҒАЛИЕВ, жеке  сот  орындаушы:

– Бүгінде банктердің алдында бережақ болған кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жетерлік. Біз соларға қатысты соттың шешімдерін орындаймыз. Мұндай тәжірибенің біздің елімізге енгеніне көп бола қойған жоқ. Жеке сот орындаушылар құрылымдары әлемнің 65 елінде бар. Еуропада жеке сот орындаушылар институты өз тиімділігін көрсетіп те үлгерді. Біздің елімізде де жаңа құрылымның қанаты жыл санап қатайып келеді. 

Күләнда  ҚЫСТАУБАЕВА, облыстық әділет департаменті жеке сот орындаушыларының қызметін  ұйымдастыру  бөлімінің басшысы:

– Атырау облысы өңірлік алқасының жеке сот орындаушылары облыс деңгейіндегі екінші деңгейдегі банктермен және бірқатар сақтандыру компаниялары, қаржы ұйымдары және пәтер иелері кооперативтерімен келісімге келді. Меморандум жасақталып, атқарушылық іс жүргізу жүзеге асырылуда. Қазіргі күні жергілікті жеке сот орындаушылары өңірлік палатасында жеке сот орындаушылардың тізімі жасақталып, олардың жұмыс орны мен ұялы телефондары нақтыланды. Осы тұста айта кетерлігі, аймақтың әр ауданына жеке сот орындаушылары бөлініп, олар ендігі уақытта өздеріне тиесілі ауданмен немесе қаламен қызмет жасайды.

Ұлт жоспарында айтылғандай, жеке сот орындаушысына қойылған талап зор. Олар осы жауапкершілікті терең сезініп жұмыс жасаса, келелі мәселелер өз уақытында шешімін табады деп ойлаймын. Жеке сот орындаушылар институтын құрудағы басты мақсат та осы.

Жазып алған:

Азамат  САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз