Тегін құқықтық көмек алғыңыз келсе…

whatsapp image 2024 03 19 at 11.59.04 Құқық

Бүгінде банкке бережағы үшін барлық есеп шоты бұғатталған, жұмысқа кіріп, несиесін төлейін десе, шоттың жабық болуына байланысты қызметке де орналаса алмайтындар бар. Оны аштырайын десе, коллектор да ақша сұрайды. Бірақ мұндай жағдайға тап болғандар  тығырықтан шығу үшін де жұмысқа тұрып, қызмет етуі керек. Осы және өзге де қордаланған проблемаларға кезіккен жандарға не істеуі керек? Олар белгіленген заңдылықтар бойынша  қалай әрекет ете  алады?

Көптің көкейіндегі мұндай сан сауалға «AMANAT SERVICE» орталығында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өткен азаматтарды қабылдау барысында жан-жақты жауап берілді.

Аталған мәселеге тап болған тұрғынға заңдылығында жұмысқа тұрғаннан кейін, несие үшін екінші деңгейдегі банк  еңбекақысының 50 пайызын ғана ұстауы тиіс екендігі түсіндірілді. Сонымен қатар бір азамат жұмысқа орналасу үшін  рекрутингті басқарушы компанияға келісім-шарт негізінде 400 мың теңге ақша берген. Бірақ, олар жұмысқа орналастырмағаны өз алдына, қаржысын да қайтармаған. Сот шешімі шыққанымен, сот орындаушысы басқа қаладан, берешекті өндіру бойынша жұмыс жүргізбеген. Бұл сұрақ бойынша Алматы қаласы, Бостандық аудандық сотының төрағасына арыз жазу қажеттігі айтылды.

Мамандардың айтуынша, бүгінде жұмыс іздеушілер арасында осындай делдалдарға сеніп, ақшасын салып, соңында сан соғып, сенделіп қалып жүргендер көп. Сондықтан мұндай алаяқтардың арбауынан қатаң сақтану керектігі баса айтылды. Қабылдау барысында еңбек қатынастарына, мұралыққа, сот орындаушының әрекетсіздігіне қатысты туындаған басқа да мәселелер бойынша кәсіби заңгерлер мен адвокаттар тегін кеңес берді. Екі іс медиациялық қызмет аясында өндіріске алынып, оның шешілу жұмыстары жүргізілетін болды.

Айта кету керек, «Құқықтық көмек» партиялық жобасы өңірде былтыр бастау алып, содан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.  Негізгі мақсат –  халықтың осал топ санатындағы азаматтар үшін кәсіби заңгерлердің, адвокаттар мен сот орындаушыларының, медиаторлардың тегін қызметін ұсыну. Өйткені  кәсіби мамандардың қызметін алуы үшін мұндай санаттағылардың қаржылық жағдайлары көтере бермейді.

– Аталған жоба аясында тек тегін кеңес беріліп қана қоймайды. Кейбір жағдайда «pro bono» қызметі көрсетіледі. Яғни, аз қамтылған, осал топтағы азаматтар мен көп балалы, жетім балалар, мүгедектер үшін сотқа арыз жазып беру, оны сот кабинетіне орналастыру секілді оларды сүйемелдеу жұмыстары да жүргізіледі. Былтыр облыста 30-ға жуық қабылдау ұйымдастырылып, 100-ден аса тұрғынға тегін құқықтық көмек көрсетілді. Көп жағдайда азаматтар сот орындаушыларының әрекетсіздігіне, алимент өндіруге, мүлікті бөлу, мұралық іс, көршісімен келісе алмау, еңбек дауларына қатысты даулар, өндірістік жарақат алудан кейінгі өтемақы мәселелерімен кәсіби мамандардың көмегіне жүгініп жатады, – дейді «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ақтолқын Ахметжанова.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз