СОТТАЛҒАНДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

неге өз дәрежесінде жүрмей тұр?

Жуырда облыстық прокуратурада кезекті алқа мәжілісі өтті. Бұл жолғы басқосуда сотталушыларды ақылы жұмыспен қамту мәселесі қаралды.

Облыстық прокуратураның 7-басқарма бастығы Кемел Иманғалиевтың айтуынша, жергілікті түзеу мекемелерінде 700 сотталушы жазасын өтеуде. Соның 48 пайызы ғана еңбекке жарамды, қалғаны әртүрлі себеппен жұмысқа тартыла алмайды  (бірі сырқат, келесісі зейнеткер, енді бірі қатаң жағдайда жазасын өтеп жатқандар, т.б.).

– Нақты еңбекке жарамдыларға келетін болсақ, қазіргі уақытта олардың 64 пайызы немесе 220-сы ақылы жұмыспен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс елімізде алдыңғы қатарда, – дейді басқарма бастығы.

Дегенмен, бұл жағдайдың көлеңкелі тұсы да аз емес болып шықты. Пайыздық көрсеткіш өскенімен, еңбекке тартылған сотталушылардың қатары ұлғаймаған. Керісінше, ол өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға кеміп кетіпті. Мұның себебі неде? Жалпы, бұл бағыттағы проблемалар неліктен шешілмеуде?

Алқа мәжілісінде осы сауалдар көбірек қойылды. Прокурорлар бұл олқылықты қылмыстық атқару жүйесі департаментінің жүктелген міндетті өз деңгейінде орындамағандығымен байланыстырады. Мәселен, оларға түзеу мекемелерінің аумағында өз өндірістерін ашуға ниет білдірген кәсіпкерлерге тиісті құжаттарды рәсімдеу үшін қажетті шаралар жасау (керекті құжаттар үлгісі, рұқсаттамалар алу, тағы басқа) талабы әлі күнге орындалмаған. Электрондық сайт ашып, онда «1000 бизнес идеясы», «Сотталғандардың 100 ісі» кітаптарының электрондық нұсқауларын салу туралы тапсырма да «ұмытылып» қалыпты. Сонымен қатар, түзеу мекемелерінде шығарылған өнімдердің көрмесін өткізу, тапсырыстарды көбейту мәселесі де орындалмаған. Прокурорлардың пікірінше, жазасын өтеп жатқан еңбекке жарамды 340 сотталушының екеуімен ғана (ерлер колониясы) үш жақты келісім-шарт жасалған.  

Осы тұрғыда өзге аймақтардағы оңды істер мысалға алынды. Мәселен, Қызылорда облысындағы қоныс колониясының аумағында кірпіш зауыты ашылған. «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы оған қажетті құрал-жабдықтар алуға 37 млн. теңге бөлініпті. Соның нәтижесінде өндіріс орны пайдалануға беріліп, 61 сотталушы жұмыспен қамтылып отыр. Ал, мұндай жобаны мүмкіндігі жоғары Атырауда жүзеге асыруға не кедергі?

Естігеніміз, бізде «Белый квадрат» дизайн бюросы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғана ерлер колониясында шағын баспахана ашып, жұмыс жүргізуде екен. Ал, өзге бизнестік құрылымдар мұнда төбе көрсетпеген. Шындығында, жергілікті түзету-еңбек колонияларында шаруасын дөңгелетуге кәсіпкерлерге жайлы жағдай бар. Шикізат пен материалдар күзетіледі. Орынжайды жалға алу арзан. Ал, бастысы, жұмысшы-сотталғандарға төленетін жалақының көлемі тым аз, ол орташа алғанда 15 мың теңгені құрайды. «Дегенмен, бизнес өкілдері «салықтық жеңілдіктер жоқ» деп колонияларда жұмыс жасаудан бас тартады» дейді облыстық прокуратураның басқарма бастығы.

Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Данияр Туашев айтылған сындармен келісетінін, одан қорытынды шығаратынын айтты. Алайда, материалдық-техникалық жағдайдың нашарлығы, кадр тапшылығы көп мәселені уақытында шешуге кедергі болып отырғанында жасырмады.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз