МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – ЖАУАПТЫ МІНДЕТ

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті  тың бастама көтеріп отыр. Аталған құрылымның жетекшісі Марат Ахметжанов облыстық «Атырау» газетінің оқырмандарымен тікелей байланыс жасауды ұйғарды.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа байланысты қоятын сауалдарыңыз болса, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің әлеуметтік желідегі мекен-жайына (Mail.ru: anticorruption_atyrau@mail.ru, Faсebook: Антикоррупционная служба Атырау, Вконтакте: Антикоррупционная служба Атырау) және 71-75-06 телефон нөміріне немесе облыстық «Атырау» газеті редакциясының atyrau_gazeti@mail.ru электронды поштасына жолдауларыңызды сұраймыз.

Сұрақтың мәтіні анық жазылуы, әрі автордың аты-жөні, қай ауданнан, қаладан екендігі толық көрсетілуі қажеттігін қаперіңізге береміз.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас

жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Атырау облысы бойынша департаменті.

 

 

Осыған орай редакцияға жұртшылықтан сұрақ көп түсуде. Бүгін соның бірқатарын аталған құрылым өкілдерінің жауабымен бірге оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Сұрақ: – Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тартудың мерзімдері қандай?

Жауап: – Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелері ҚР Президентінің  1999 жылғы 31 желтоқсандағы №321 Жарлығымен бекітілген ҚР-ның мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану қағидаларымен реттеледі. Қағиданың 48-тармағына сәйкес, тәртiптiк жаза терiс қылық анықталған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады. Сондай-ақ, осы қағидалардың 49-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiп қолданыла алмайды.

Ал, 49-тармағына сәйкес, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықты жасағаны үшiн тәртiптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және терiс қылық  жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолданыла алмайды. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолданыла алмайды.

Сұрақ:Мен Атырау облысындағы мемлекеттік орынға конкурс арқылы үш ай сынақ мерзіммен әкімшілік мемлекеттік қызметші болып қызметке қабылдандым. Қазіргі уақытта үш ай сынақ мерзімім аяқталуына байланысты, тек сол жұмыс беруші орынның шешімі бойынша жұмыстан босатыламын ба? Осы мәселе бойынша түсінік берсеңіздер.

Жауап: ҚР-ның 1999 жылғы 23 шілдедегі № 453 «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 15-бабына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет немесе қызметін тоқтатқаннан кейін жаңадан қабылданған, сондай-ақ жоғары дәрежелі санаттағы мемлекеттік лауазымға қабылданған азамат үшін үш айға дейінгі мерзімге сынақ белгіленуі мүмкін. Мемлекеттік әкімшілік қызметші дәлелді себептермен қызметте болмаған кезең сынақ мерзіміне есептелмейді. Мемлекеттік әкімшілік қызметші сынақ нәтижесі қанағаттанғысыз болған жағдайда уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісе отырып, сынақ мерзімінен өтпеген адам ретінде жұмыстан шығарылуы мүмкін. Егер сынақ мерзімі өтіп, мемлекеттік әкімшілік қызметші мемлекеттік қызметті жалғастыра берсе, ол сынақтан өткен болып саналады және сынақ мерзімі мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі. Одан кейінгі жұмыстан босатуға ҚР заңдарында көзделген негіздер бойынша ғана жол беріледі.

Сұрақ: Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер бір бөлімнің ішінде ауысу тәртібімен ауысқан жағдайда аумақтық департаменттің келісімі талап етіле ме?

Жауап: – ҚР Президентінің 2000 жылғы 10 наурыздағы №357 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызмет өткеру тәртібі туралы» ережесінің 20-тармағына сәйкес, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасу мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның немесе оның аумақтық  бөлімшелерінің келісімімен жүргізіледі. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі «Б» корпусының дәл сондай, мемлекеттік органның сол құрылымдық бөлімшесіндегі басқа мемлекеттік лауазымына ауысқан жағдайда мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімі талап етілмейді.

Сұрақ: – Тестілеудің бірінші бағдарламасы бойынша шектік мәннен төмен балл жинасам, басқа бағдарламалар бойынша тест тапсыра аламын ба?

Жауап: – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2013 жылғы 11 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, тестілеуден өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған «Б» корпусына үміткерлер қайта тестілеуді алдыңғы тестілеу өткізілген күннен бастап үш айдан кем емес мерзімнен кейін өтеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз