АҚШАЛАЙ АЙЫППҰЛ САЛУ

оның мөлшерін төмендетудің мүмкіндігі бар ма?

Елімізде көлік жүргізу-шілеріне салынатын айыппұлдың көлемі көп. «Аюға әріп үйреткен – таяқ» десек те, қатаң шара халықтың қалтасына салмақ түсіруде. Оның үстіне айыппұлдың өндірілуі де мәз емес. Сондықтан, «Атырау» газетінің тілшісі облыстық прокуратураның соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқармасының бастығы Бағытжан Қалиевке осы бағыттағы прокуратураның әрекетіне қатысты сұрақ қойған.

– Бұл сауалдың көпшілікті мазалап отырғанын түсінемін. Сондықтан, оқырман назарын алдымен мына мәселеге аударсам деп едім. Жаңа ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің (2014 жылдың 5 шілдесінде) негізгіжасақтаушысы Әділет министрлігі болып табылады. Аталған құжатты бір жылдан астам пайдалану барысында, шындығында, Сіз айтқандай, жекелеген құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік айыппұлдардың мөлшері жоғары екендігі, оған халықтың тұрмысы сәйкес келмейтіндігі анықталды. Сондықтан, бұл мәселе қазіргі күні Бас прокуратура деңгейінде талқылануда, – деді сұхбаттасушымыз.

 Айта кетейік, бұған дейін еліміздің Бас прокуратурасы жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұлдың көлемін азайтуды ұсынды. Оған халықтың табысының кемуі себепші болуда. Екіншіден, айыппұл сомасы елдегі орташа жалақының деңгейімен сәйкес келмейді. Мәселен, 2001 жылдан бері айыппұл 25 есеге, 15 мыңнан 400 мың теңгеге дейін өссе, сол уақыт аралығындағы жалақының өсімі жеті есеге, яғни 17 мыңнан 124 мыңға дейін артқан.

Бас прокуратура басқа елдердің тәжірибесін зерттеп көріпті. Байқаса, Батыс елдері мен Ресейдегі жол қозғалысы ережесін бұзғандарға салынатын айыппұлдың көлемі аз болып шыққан. Мәселен, жылдамдықты асырғанға салынатын айыппұлдың ең жоғарысы Люксембургте 45 мың теңге, Ресейде 22 мың болса, Қазақстанда 80 мың теңге екен. Бұл есепшінің жалақысына немесе күзетшілер мен жүргізушілердің екі айлық жалақысына тең көрінеді.

Ең бастысы, жоғары айыппұл жол ережесін өрескел бұзатындардың әрекетіне тосқауыл болмай тұр. Және ол ұлғайған сайын ереже бұзғандар айыбын өтеуден жалтаратын көрінеді. Орташа есептегенде 396 мың теңге көлеміндегі ең жоғары айыппұл салын-ған 100 адамның 17-сі ғана оны төлейді. Бұл өте өрескел ереже бұзушыларға – мас жүргізушілер мен жүргізуші куәлігі жоқтарға салынатын айыппұл. Оларды қамауға алуға да болмайды. Айыппұл көлемі ұлғайған сайын оны төлеу мүмкіндігі де азаяды. Осы себепті, Бас прокуратура бұл мәселені заң шеңберінде өзгертуге қам жасауда. 

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

Биылғы өзгеріс қандай?

Оқырман назарына өмірде жиi кездесетiн әкiмшiлiк айыппұл мен жаза түрлерiнiң 2016 жылғы мөлшерiн назарларыңызға ұсынып отырмыз:

Мемлекеттiк нөмiрi көрiнбейтiн көлiктi жүргiзгенi үшiн – 10 605 теңге;

Мемлекеттiк нөмiрi жоқ көлiктi айдағаны үшiн – 21 210 тг;

Рөлде телефонмен сөйлессеңiз – 10 605 тг;

Белгiленген жылдамдықты асырсаңыз:

сағатына 10-20 шақырым – 21 210 тг;

сағатына 20-40 шақырым – 31 815 тг;

жылдамдық сағатына 40 шақырымнан асса – 63 630 тг;

Қауiпсiздiк белбеуiн тақпағаны үшiн –

10 605 тг;

Көше тоғысынан өту ережесiн бұзғаны үшiн:

көше қиылысына кептелiс кезiнде шықсаңыз – 21 210 тг;

көше қиылысындағы қозғалыс басымдығына қатысты ереженi бұзғаны үшiн – 31 815 тг;

Маневр жасау ережесiн бұзу:

қозғалыс алдында, бұрылу және тоқтау кезiнде ескерту белгiсiн қосу талабын орындамасаңыз – 10 605 тг;

тыйым салынған жерден бұрылу немесе артпен жүрудiң құны – 21 210 тг;

Жолаушылар жолымен жүрсеңiз – 31 815 тг;

Жол жүру ережесіндегі тыйым салынған жерде қарсы бағыттағы жолға шығып кеткенi үшiн 1 жылға жүргiзу құқынан айырады;

Тыйым салынған жерде тоқтап, көлiктi қойсаңыз – 21 210 тг;

Тротуарда және балалар алаңқайына тоқтап немесе көлiгiңiздi қаңтарғаныңыз үшiн –

31 815 тг;

Өзге көлiктiң қозғалысына кедергi келтiрудiң құны – 42 420 тг;

Бағдаршамның немесе жол бағытын нұсқаушының тыйым салған белгiсiн елемегендерге – 21 210 тг;

Көлiктi алкоголь iшiп, есiрткi тұтынып немесе токсикомандық мас күйiнде жүргiзгендердi 3 жылға жүргiзу құқығынан айырады;

Құқық қорғау қызметкерiнiң көлiктi тоқтатуға байланысты заңды талабын орындамасаңыз 1 жылға жүргiзу құқығынан айырады;

Жүргiзушi құқығынан айырылған немесе ондай куәлiгi жоқ адамға көлiгiн жүргiзуге берудiң айыбы – 42 420 тг;

Қоғамдық орындарда былапыт сөйлегендер, ластағандар, жалпы қоғамдық тәртiптi бұзып, адамдардың мазасын алғандар – 21 210 тг;

Түнгi уақытта шуласаңыз (түнгi 23:00 – таңғы 6:00) – 10 605 тг;

Қоғамдық орындарда алкогольдi iшiмдiк iшу және мас жүру – 10 605 тг;

Тыйым салынған жерлерде темекi шексеңiз – 6 363 тг.

zhasalash.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз