ЖЫР ДОДАСЫ – АҚҚЫСТАУДА

Аудан әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен  «Арманы асқақ Аққыстау» атты облыстық ақындар айтысы  өтті.

 

Шараның ашылуында  сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры, облыстық ақындар айтысының ұйымдастырушысы  Қойшығұл Жылқышиев облыстағы айтыс өнерінің дамуына тоқтала келе, осы жолда атқарылып жатқан іс-шараларды атап айтты. Оның айтуынша, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов аймақтағы айтыс өнерін дамыту мақсатында арнайы ақындар мектебін аштырып, оған үш қызметкерлік штат бөлдіріпті.

Төл өнерді төрге шығаруға негізделген игілікті жұмыс үстіміздегі айдан бастап өз қызметін бастайтын көрінеді.  Қазақ хандығының 550 жылдығы және халық батыры Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл толуына орай өткізілген  айтыста ақындардың алдына ұлт тарихын жырға арқау ете отырып,  мемлекетіміздің негізін қалап, нығайтқан тарихи  тұлғаларды насихаттау, елдің азаттығы мен Тәуелсіздігі, сол жылдарда ел болып қол жеткізген әлеуметтік жағдайларды жарқырата көрсету  міндеті қойылды.

Ақындардың сөз саптауын саралап, олардың орамды ойлары мен сәтті тіркестері, жұмыр жолдарына  баға берер қазылар алқасының құрамында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жәниба Қарасаева, дендерлік Мұрат Таласов, құрманғазылық Мүтиғолла Ғани, аққыстаулық Шынарбек Қабиев пен қамысқалалық  Саадат Нұрманов  болды.

Алғашқы айналымның қорытындысы бойынша ақтық сынға төрт жұп шықты. Қамысқалалық Серікбол мен Әнуарбек аға мен інінің айтыс үлгісін көрсетті. Сырымбек пен Нұрбейбітке де көрермен үлкен қошемет білдірді. Ал, алғашқы қарқынынан танбаған тұщықұдықтық Нұрболат келесі айналымда да дендерлік Жәнібекке бой бермеді. Алғашқы сәтте қарсыласын ауылдың, елдің мәселесін айтуға шақырған Жәнібектің ол тапсырмасын артығымен орындаған Нұрболат өз кезегінде құрдасын қағытып отыруды да естен шығарған жоқ. Шалқарбай мен Әсел де көпшілікке әзілге толы әсем айтыс сыйлай білді.

 Қазылар алқасының ұйғаруымен мақаттық ақын Нұрбейбіт Нұғманов Нұралы Әжіғалиев атындағы арнайы сыйлықты иеленді.  Оны ақынның жары Қорлығайын Дүсіпова өзі тапсырды. Ал, үшінші орынға  Серікбол Панабердиев, Сырымбек Сәрсенбаев, Жәнібек Садыровтар  ие болды. Шалқарбай Ізбасаров пен Әсел Таушанова екінші орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, бірінші орын қызылқоғалық Әнуарбек Садықовқа бұйырды. Айтыстың бас жүлдесіне басқалардан оқ бойы озық келген исатайлық Нұрбейбіт Нұғманов (суретте) қол жеткізді. Айтыскерлерге  қатысқаны үшін қаржылай сый-сияпат берілді. Жүлдегерлерге   ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Фархат БАЛҒОЖИЕВ.

Суреттерді түсірген

Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз