Жайықта жүзген жалғыз аққу

акку Қоғам

Жайықта жабайы аққу жүзіп жүр… Жалғыз. Тосын көрініске жұрттың назары еріксіз ауған. Бірі қолындағы жемін ұсынып, екіншісі фотосуретке түсіріп әуре. Ал, киелі құстың ешкімде шаруасы жоқ. Дәмді жеп, өзен үстінде кербез тербеледі.

акку

– Аққудың қала аумағында, Жайықта жүзіп жүруі жаңалық емес. Өйткені, мұндай сәтті мен бұған дейін 1989 жылы Тұрғындар қалашығындағы саяжайдан, 1995 жылы облыстық әкімдік ғимаратының алдынан көргенмін. Бұл олардың қалыпты ортасы емес. Дегенмен, қала аумағында кідірістеуіне түрлі жағдай себепші. Мәселен, мына аққу әлсіреп, тобынан қалып қоюы мүмкін. Түнгі мезгілде электр бағаналарының сымына соқтығысып, денесін жарақаттап алуы да ықтимал. Өзіне өзі келгеннен соң қамысты өзен сағасына орын ауыстырады. Бұл құстың үйреншікті ортасы, әрі оны ол жерде ешкім мазаламайды, – дейді белгілі биолог-аңшылықтанушы, «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субьектілерінің республикалық қауымдастығы Атырау өкілдігінің директоры Александр Ивасенко.

Білікті маманның айтуынша, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауымен Сібір-Шығыс-Африка бағытында ұшатын құстардың негізгі көшу жолы өтеді. Біздің аймақта көктемгі және күзгі маусымда аққудың үш түрі – сұңқылдақ, қиқылдақ және кіші аққу кездеседі. Оның соңғы екеуінің саны өте аз, сондықтан Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

– Каспийге балапан өсіру үшін сұңқылдақ аққу ғана қалады. Олардың саны соңғы кездері күрт өсіп келеді. Күзде жүргізілген ғылыми санақ кезінде құстың осы түрінің бес жүз мыңдайы тіркелді. Шілде айында Масабай және Атаман қолтықтарындағы түлеу кезінде 12 мыңға дейін, Мартыши тоғайлы сай-саласында 20-25 мың шамасында аққу жиналады. Олардың бәрі былайша айтқанда, бойдақ, ұрпақ таратпайды. Атырау облысының көлеміндегі Ембі, Жайық пен Волга өзенаралық аумағында, Каспий теңізінде 20 мыңнан астам сұңқылдақ аққу жұмыртқа салады. Олар негізінен өсімдікпен қоректенеді, – дейді Александр Ивасенко.

Жабайы аққудың Жайықта қашанға дейін жалғыз жүзетіні белгісіз. Дегенмен, қасиетті, киелі деп саналған құстың қаланың ортасына еркін келуі адамдарға

сенгеннен, өзіне қауіп төнбейтінін сезінгеннен шығар. Біз сол сенімнен айырылмасақ жарады

Бек АЙДАРӘЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз