255695.p

Жаңа жылға не киесіз?

Қоғам

Асыға күтетін осынау мереке қарсаңында санамызға сап ете қалатын алғашқы сауалдың қандай екенін білесіз бе? Бұл – «Мерекеге  не кисем екен?» деген ой. Осындайда біреулер бір ай бұрын шет елдерден киім әкелуге сатушыларға алдын-ала тапсырыс беріп қойса, енді бірі қайталанбас образ үшін тігіншілерге жүгінеді. Дүкен сөрелерін түгендейтін тағы бір топ бар.

Сонымен…

255695.p

«Іздегенің алдыңнан…»

Тігінші демекші, оларға ертерек тапсырыс беріп қоймасаңыз, қысылтаяң уақытта дайын болмай қалуы әбден мүмкін. Себебі, мейрам күндері тігінші, такси жүргізушісі, сатушы, аспаз, даяшы дегендердің дәурені жүріп тұрады емес пе? Олар сізге бұл кезде  мойын бұрып та қарамайды.

Қазір қандай қажеттілік болмасын, іздемей-ақ табылады. Әрине, баршылықтың, тоқшылықтың болғаны жақсы ғой. Әрі, өркениет көші ілгері ел бәсекеге де қабілетті болады. Бірақ, бұл орайда қанағат-рақымды да ойлап қойған жөн. Неге дейсіздер ғой? Айталық, «өзгелерден озамыз» деп импорттық тауарларға тапсырыс бердік дейік. Мұндай жағдайда, біз терлеп-тепшіп тапқанымызды бір-ақ сәтте сыртқа тепкендей болмаймыз ба? Себебі, қалтамыздағы қаражат қазынаға түспейді, бөгде елдердің бюджетін толтырады. Міне, осы жағын да ескеріп жүрген артық етпейді.

Мүмкіндік мол

Екіншіден, шетелдің жылтырағын өзіміздің отандық өнім де алмастыра алады емес пе? Қазір технологияның таңдай қақтырған заманы. «Анау бар, мынау жоқ» деген сөз келмеске кетті.

Бәлкім, кінә өзімізден болар? Егер жоғарыда айтқан киім-кешекті сырттан тасымай, іштен іздесек, жағдай түзелер. Өйткені, ішкі нарықта тапсырыс көбейсе, сұраныстың артатыны заңдылық емес пе? Ұлыстың Ұлы күнінде ұлттық нақыштағы киім-кешегімізді  қалай кисек, Жаңа жылда да отандық өнімге оранып алайық. Әрі өзге елдер үшін де жап-жақсы жарнама болар еді.

«Мені ал!»

Бүгінде киім кию кәдімгі бәсекеге айналған. Әйтеуір, бір-бірінен асып түсетін қызылды-жасыл, жылтырақ киімдер көздің жауын алады. Әрқайсысы әр жерден «оны алма, мені ал!» дегендей менмұндалап тұр. Сауданың нағыз қайнайтын орны – базар. Онда қазір бикештерге арналған кешкі сән көйлегі 20-50 мың теңгеге бағалануда. Одан арзанырақ киімді де табуға болады. Тек біраз уақыт жұмсап, табандылық пен төзімділік танытыңыз.

Ал, баласына келер жылдың кейіпкері – доңыздың немесе аты жер жарған мультфильм кейіпкерінің киімін алғысы келетіндер 8-15 мың теңгеден артық ақша алып шығуы керек. Себебі, бұдан төмен бағада сапалы киім табу қиын. Бірақ, биылғы Доңыз жылына дайындалған жұрт қаржы дағдарысына қарап жатқан жоқ. Керісінше, дүкендерде киім іздеп, ерсілі-қарсылы сапырылысқан халықта есеп жоқ. Ал, тігіншілер болса, желтоқсанның жиырмасынан кейін тапсырыс алуды тоқтатып тастапты.

Гүлдана Серікова, Геолог емханасының медбикесі:

– Әдетте жаңа жыл таяп қалғанда, дүкен аралап кететініміз жасырын емес. Мен үнемі жаңа жылға киімді арнайы дүкендерден таңдап аламын. Саудагерлердің жаңа жыл жақындаған сайын бағаны шарықтатып жіберетінін білсем де, мейрамға үш-төрт күн қалғанда барамын. Жалпы, өзім  қымбат киімдерді ұнатамын. Мейрамды құрбыларыммен бірге өткізетіндіктен сәнденіп киіну мен үшін маңызды. Киімді ешқашан тіктіртіп киген емеспін. Қандай баға болса да, сатып алуға дағдыландым.

Алтын Батырова,тігінші:

– Жақсы киінуді жаны сүйетін жастар, әсіресе, бойжеткендер, міне, Жаңа жылда көп тапсырыс беретін де солар. Олар ғаламтор желісінде ұсынылған жаңа киім үлгілеріне назар аударады. Тапсырыс берушілер де, талғамы биік тұтынушылар да жетерлік. Тігіншілік қызметіме өзім дән ризамын. Қолымнан келетін іс осы болғандықтан, бос отырғанша көпке көмегім тисін деймін.

Арайлым Ерболатқызы, «Felicita» ателье мектебінің директоры:

– Жаңажылдық тауарларға тапсырысты бір-екі апта бұрын аламыз. Мүмкіндік болып, уақыт тапсақ, екі-үш күнде бітіріп беруге тырысамыз. Ал, бағалар қашан да тапсырыс беруші ұсынған матаның сапасына  байланысты болады. Алдыма келген адамның көңіліне, талғамына үлкен мән беремін. Өз еңбегімді қымбатқа бағаламаймын. Қиыла өтініп тұрған тұтынушыны көргенде, тапсырысты қалай қабылдап алғанымды да аңғармай қаламын.

Жағдайларын түсіндіріп, жай-жапсарын айтып жатса, өздері ұсынған бағаға тігіп беремін. Бірақ, «тұтынушы ұсынды екен» деп кез келген киімге тапсырыс қабылдай бермейміз. Мәселен, кішкентай қыз балаға өзінің жас ерекшелігіне сай тігеміз.

Гүлдана Жамбозова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған