ЗАҢДАСТЫРУ ТАЛАПҚА САЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Алдымыдағы күзде елімізде тағы да мүлікті заңдастыру науқаны өтеді. Тағы да дейтініміз мұндай шара сонау 2006-2007 жылдардың шілдесінде де ұйымдастырылған-ды. Сол кезде оған біраз адам бастапқыда тосырқай қарағанымен, кейін берілген мүмкіндікті пайдаланып, шаруаларын реттеп алған. Жалпы, мамандардың пікірінше, дамыған мемлекеттердің өздерінде де мұндай мүлікті заңдастыру ара-тұра болып тұратын көрінеді. Өйткені, қалтасы қалың азаматтар қайткенде де қаржысының бір бөлігін шетелдік банкілерде сақтауға құмар. Ендеше, соны кері қайтарып, өз игілігіне, халық мүддесіне жұмсаса, несі айып? Ел бюджеті де толығып қалар еді.

Енді осы шара бұл жолы қалай өтпекші? Алдыңғысынан нендей өзгешелігі бар? Қандай заңдылықтар басшылыққа алынады? Осындай және өзге де сауалдармен Атырау облысы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары Айгүл Рзағұловаға хабарласқан едік.

– Айгүл Серәліқызы, алдымен нендей нәрсенің заңдастыруға жататындығын және бұл шараның дәл қай уақытта өтетіндігін білгіміз келеді.

Біріншіден, ақша, құнды қағаздар мен заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлесі. Екіншіден, лайықсыз кісіге рәсімделген құрылыс нысаны. Үшіншіден, құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетін, жекешелендіру құқығымен заңдастыруға жататын жер телімдеріндегі мақсатты салынған нысандар. Төртіншіден, Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі жылжымайтын мүлік-тер. Міне, қазіргі заң жобасы бойынша осыларды заңдастыруға болады.

Ал, бұл шара биылғы 1 қыркүйектен алдымыздағы жылғы 31 желтоқсанға дейін созылады. Демек, азаматтардың осы уақытқа үлгергендері жөн.

– Үкіметтің жоспарынша осы мүлікті заңдастыру нәтижесінде көлеңкелі экономикадан қандай көлемде қаражат шығарылады?

– Экономикалық зерттеу институты сарапшыларының есептеуінше, ақшаны қоса санағанда екі триллион теңге немесе 12 млрд. АҚШ доллары заңдастырылуы күтілуде. Міне, осы қомақты қаражат еліміздің экономикасына қызмет етіп, даму үрдісімізге нақты септігін тигізсе, өте жақсы болмас па?

– Мүлікті заңдастыру шарасына кімдер қатыса алады? Мәселен, оған мемлекеттік қызметкерлер құқылы ма? Және жемқорлық қылмыс нәтижесінде алынған мүлікті заңдастыруға бола ма? Әсіресе, соңғы сауал жұртшылықты жиі мазалайды.

– Ендеше, мен де бірден айтайын, қазіргі заң жобасының талаптарына сәйкес жемқорлық қылмыс және заңсыз алынған мүлік заңдастыруға жатпайды.

Ал, заң жобасының талаптарына сай Қазақстан азаматтары, оралмандар және республикада тұруға құқы бар адамдар мүліктерін заңдастыруға болады.

Бұл шараға мемлекеттік қызметкерлер де қатыса алады. Мәселен, солардың кейбірі мемлекеттік қызметке келер алдында жеке бизнеспен шұғылданып, біраз мүлік пен қаржы жинақтауы мүмкін ғой. Ендеше, соны заңды негізде қажетіне жаратуға мүмкіндік туғызылып отыр.

Сонау 2006-2007 жылдары да мүлікті заңдастыру шарасы өтті. Соның нәтижесін тағы да еске түсіруге бола ма?

– Мұның еш құпиясы жоқ. Сол шара 2006 жылғы 3 шілдеден 2007 жылғы 31 шілде аралығында өткен-ді. Тура бір жылдан сәл ғана асатын уақыт. Соның нәтижесінде жекелеген азаматтар мен заңды тұлғалар жалпы құны 845 млрд. теңге немесе жеті миллиард АҚШ доллары тұратын мүлкі мен ақшасын заңдастырды. Бұл 2006 жылғы ішкі жалпы өнімнің 8,3 пайызын құрады. Соның ішінде 540 млрд. теңге заңды айналымға шығарылды. Бұл барлық заңдастырылған мүліктң 63,7 пайызын құрады. Сонымен қатар, ел ішіндегі жалпы құны 240 млрд. теңгенің жылжымайтын мүлкі көлеңкелі экономикадан күнгейге бет алды.

– Мүлікті заңдастыру қалай ұйымдастырылады? Ол үшін не істеу керек? Бұған дейін заңдастырылмаған жылжымайтын мүлікке қандай кешірім бар?

– Қазіргі ұсынылып отырған механизм бойынша ақша, алдымен екінші деңгейдегі банкілерде ашылған арнайы жинақтау есепшоттарына аудару арқылы заңдастырылады.

Одан әрі, осы қаржыны сонда бес жыл бойы сақтауға болады. Бұл ретте нарық бағасымен тиісті сыйақы алуға да мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, егер қаражатын заңдастырған азаматтар оны мерзімінен бұрын пайдаланғысы келсе, онда мемлекеттік құнды қағаздарды, екінші деңгейдегі банкілердің, ұлттық басқару холдингтері мен компанияларының, даму институттарының облигацияларын сатып алу арқылы ел экономикасына инвестиция сала алады. «Халықтық ІРО» бағдарламасы аясында акциялар мен еліміздің қор биржасындағы өзге де құнды қағаздарды иеленуге мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ,азаматтар заңдастырылған қаржысына қазір басталған жекешелендірудің екінші кезеңінде жаңа нысандарды сатып ала алады.

Ақырында, егер мүліктерін заңдастырған азаматтар жоғарыда аталғандардың ешқайсысын қаламаса, онда ақшасын өз қалауынша жұмсайды. Тек қаражатын қолына аларда екінші деңгейдегі банкілер заңдастырылған қаржының тиісті он пайызын ұстап қалады.

Жалпы, мүлікті заңдастыруға бағытталған қазіргі заң жобасы нәтижесінде Қазақстан Республикасының Азаматтық және Бюджеттік кодекстеріне тиесінше толықтырулар енгізілмек.

Ал, ақшадан өзге мүлікті заңдастыру азаматтардың өтініші мен қажетті құжаттарын ұсыну арқылы жергілікті әкімдіктер жанындағы комиссиялармен жүргізіледі. Жалпы, жан-жақты сараптап, терең талқылау нәтижесінде заң жобасына кейбір өзгерістер енгізілді.

Біріншіден, мүлкін заңдастырған адам соған байланысты шығынды өзі көтереді. Оның ішінде мүлікті тіркеу, құқық қалыптастыратын құжаттарды дайындау, т.б. бар.

Екіншіден, Қазақстаннан тыс жердегі мүлікті заңдастырғанда оның 10 пайызы мөлшерінде алым алынады.

– Айгүл Серәліқызы, алдымыздағы күзде мүлікті заңдастыру науқаны басталғанша оған қатысты заң жобаларына өзге де  өзгерістер енгізілуі немесе оқырмандар тарапынан сан-салалы сауалдар туындауы ықтимал. Сондықтан, сізбен тағы да сұхбаттасып қалармыз деп ойлаймын.

– Келістік.

Сұхбаттасқан

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз