СОҒЫС САРБАЗЫ – СПОРТ САҢЛАҒЫ

Абдош Ысқақов – республикамызда қазақ медицинасының алғаш негізін қалаушылардың бірі. «Құмда жалғыз қырлап киер шалбарды, «Ақбас пелшір» - Абдош атты шал бар-ды», - деп ақын Жұмекен Нәжімеденов жырлаған Абдош атамыз 1887 жылы кедей отбасында дүниеге келіп, 1948 жылы ақпан айында өз ауылы Қошалақта дүниеден озған. 1907 жылы білімге құштар болған жас баланы орыс достары Астрахандағы төрт жылдық фельдшерлік мектепке түсіріп, 1911 жылы бітіргесін ауылына келіп еңбек етеді.

Азамат соғысының отты жылдарында Бөкей даласында фельдшерлік бөлімшені басқарады. Ел арасына тараған оба, сүзек ауруларының алдын алып, оны жоюдағы еңбегі ұшан-теңіз болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында ауылда бас көтерген қайталама сүзек ауруын емдеуде ерекше көзге түседі.

Осы тұста оның жұбайы  Кәделі Ысқақова туралы айтпасқа болмайды. Ауылдағы бас көтерген ер адамдардың барлығы соғысқа аттанған шақта анамыз атқа қонып, майданға қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін жіберуде үлкен істердің ұйытқысы бола білді. 1943 жылы 3 қаңтарда «Қазақстан колхозшысы» атты әуе эскадрильясын жасақтауға жеке өзі 175 мың сом қаржы қосқаны үшін Қызыл Армияның Бас Қолбасшысы И.Сталиннен арнайы жеделхат та алған.

«Әке көрген – оқ жонар» деген халқымызда данышпандық сөз бар. Әкесінің ақ жолын жанына жалау қылған ұлы Жөрес жастайынан еңбекке араласып, бар болғаны он жеті жасында 1942 жылдың желтоқсан айында соғысқа аттанады. Алдымен Орал қаласына қоныс аударған одессалық жаяу әскерлер дайындайтын училищеде білім алған ол  әуе десанты әскери құрамында парашютші болады. 1944 жылы Кеңестік Қарулы Күштері жауға қарсы ұрыста шешуші жеңістерге жетті. Мұқият дайындықтан соң, қаңтардың аяғында Украинаның төрт майданының әскерлері жалпы шабуылды өрістетті. Қызыл Армияның 1944 жылғы шешуші жеңістерінің нәтижесінде неміс-фашист оккупанттары Кеңестер Одағының жерінен қуылды. Гитлерлік блок күйреді. Қаһарман Қызыл Армия венгр халқын фашистердің тепкісінен азат етті. Қызыл әскер Жөрес Ысқақов 1944 жылы 3-ші Украин майданы құрамында Венгрияны азат ету шайқасына қатысып, ауыр жарақат алған.

Жарақатынан емделгеннен кейін жас лейтенант Болгарияны азат ету ұрысына қатысады, кейін Украинаның Николаевка қаласында соғыс зардаптарын қалпына келтіру жұмысына араласады. 1948 жылы Кеңес Армиясы қатарынан аға лейтенант атағымен туған жеріне оралады, екінші топтағы Ұлы Отан соғысының мүгедегі болып есептелінді. Толарсақтан саз кешіп, етігімен су кешкен жас батырдың омырауына І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін» және т.б. мерекелік он медаль тағылды.

Қан майданнан жеңіспен оралған жас жігіт 1948-1952 жылдары туған жері Ганюшкин селосында жастарды спортқа баулуға белсене араласып, Теңіз аудандық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Кейін 1952-1954 жылдар аралығында Гурьев облыстық «Пищевик» ерікті спорт қоғамы ұйымының төрағасы болып абыройлы еңбек етеді. Болашақ спорт мамандарын дайындау үшін жоғары білім алу қажеттігін сезініп, Жөрес Абдошұлы 1954-1957 жылдары Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтында білім алады. Дәл осы тұста кешегі майдангер солдат аяғынан алған жарақатына қарамастан, еркін күреске бел шеше кіріседі.

Күнделікті тынымсыз жаттығулар оның жарақатынан құлан таза айықтырып, талай арқалы жарыстардың жеңімпазы атандырады. Кешегі майдангер Жөрес Абдошұлы 1954-1962 жылдары еркін күрестен Қазақстан Республикасының алты дүркін чемпионы атанады. Бұл жеңістер оның соңғы нәтижесі болмады, ол 1956 жылы Мәскеу қаласында өткен КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы атанады. Қазақстанда еркін күрестен нормативін орындаған екінші спортшы болып КСРО спорт шебері атағы беріледі (1958). Оның күрес жолындағы алтын белдесулері мұнымен аяқталмай, кейін Орта Азия және Қазақстан Республикасы спартакиадасының чемпионы атағын иеленеді.

Спортшы ағамыздың ендігі жолы жас шәкірттерді спортқа баулыған ұстаздық жолмен ұштасады. Осылайша, Жөрес Абдошұлы Ысқақов 1957 жылы Гурьев педагогика институтына оқытушылыққа қабылданып, өмірінің саналы ғұмырын осы оқу орнында өткізеді. Сан жылғы ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, ҚР БжҒМ-нің «ҚазССР білім беру ісінің үздігі», «Дене тәрбиесі және спорт ісінің үздігі», «Азаматтық қорғаныс ісінің үздігі» төсбелгілеріне ие болады. Майдангер спортшының марапаттарының ішіндегі айтулысы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы бұйрығымен берілген «Қазақ ССР-нің дене тәрбиесі мен спортына еңбек сіңірген қайраткер» (1985) атағы жоғары тұрары сөзсіз.

Жөрес Ысқақов өмірлік жары, сауда қызметінің ардагері Злиха Мұратқызымен бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірді, бүгінде олардан 12 немере және 4 шөбере өрді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұжымы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, 2015 жылдың 16-18 сәуірі аралығында Ұлы Отан соғысының ардагері, жаттықтырушы-ұстаз Жөрес Ысқақовтың туғанына 90 жыл толуына арналған еркін күрестен жарыс өткізетін болып шешім қабылдады.

 

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің тарих-филология

факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз