ДІН – ДІЛІМІЗДІҢ ДІҢГЕГІ

Елбасының Ұлытау баурайында тілшімен тілдескенде назар аударған бір мәселесі – елімізде діни ахуалды сауықтыру. Рас, әзірге бұл бағытта бақылаудан кетіп, ушыққан нәрсе жоқ. Дегенмен, әлі де бір діннің ішінде өзара ұғыспай жүргендер бар. Соның салдарынан әлемнің әр жерінде қан да төгіліп жатыр.

Жалпы діни қарым-қатынастар қалай дамуы қажет? Бұл бағытта нендей кемшіліктерге жол берілді? Енді сол олқылықтардың орны қалай толтырылмақ? Осы орайда Қазақстан Діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан қажы Мансұровқа хабарласқан едік.

 САУАТСЫЗДЫҚ САН СОҚТЫРАДЫ

– Айтыңызшы, еліміз егемендік алып, дінімізге жол ашылғанда не істерімізді білмей қалған жоқпыз ба?

– Мен бұл сауалды басқаша пайымдап көрейін. Не істерімізді білмей, сасып қалғанымыз да рас. Ол қай мағынада? Алдымен, елімізде арнайы діни оқуларды тәмамдаған, ислам ілімімен қаруланған мамандар жетіспеді. Біз  ұзақ жылдар бойы атеистік қоғамда өмір сүрдік. Елбасы айтқанындай, біз тілден де, діннен де айырылып қала жаздадық. Қазақты құдайсыздыққа үйретті. Бойымызға Аллаға деген сенімсіздікті ұялатуға тырысты. Ата-бабамыздың бейітіне барып зиярат етуге де тыйым салды. Есіңізде болса, қайтқан кісінің жаназасын да көлденең көзден тасалау, үйдің ішінде оқушы едік қой. Бұдан артық қандай қысым керек?

Енді Елбасымыз ар-ождан бостандығын жариялап, әркімнің қандай дінді қаласа да өз еркі екендігін айтқанда, әрі қуандық, әрі неден бастау қажеттігін білмедік. Жоғарыда айттым ғой, сауатты имамдар жетіспеді. Азды-көпті ас қайырып, бата жасай білетіндердің аузына қарап қалдық. Ал, солардың кейбірі кешегі күні «Аллаға сенбеңдер, Құдай жоқ» деп жүргендер еді. Араларында шәкірттеріне атеистік тәрбие берген мұғалімдер де кездесті. Бәрі де зейнетке жетіп, жұмыстан қолы босаған соң молда болып шыға келді. Құраннан түк хабары жоқ, оның аят-сүрелерін білмейтін жандар жұртты шатастырды. Сол шақта, есіңізде болса, әртістер дүмше молдалардың рөлін ойнап, халықты күлкіге қарқ қылатын. Ал, шындығында бұл – күлкі емес, трагедия. Тұтас халықтың басындағы қараңғылық трагедиясы.

Әйтсе де, Елбасы орынды атап көрсеткеніндей, қазақ ешқашан дінінен айырылған жоқ. Ата-әжелеріміз көпке көрсетпей бес уақыт намазын оқи бермейтін бе еді? Рас, олардың да діни сауаты мықты емес. Бірақ пейілдері таза, ниеттері түзу болатын. Олар халқымыздың сан жылдар бойы діннің дұрыстығын айтқанын бойларына сіңірген-ді. Біз соның шет жағасын көріп қалдық. Мүмкін бүгінде дәстүрлі дінді тұтынып, бес уақыт намазын қаза жібермей жүргендерді сол діндар жандардың ешкімнің ала жібін аттамайтын, ешкімді сыртынан даттамайтын ұлағатты үлгісі  осы жолға салған шығар.

– Әйтсе де, бір діннің ішінде өзара жауласып жүргендер бар. Әсіресе, мұсылман қауымының арасындағы текетірес әлемді дүр сілкіндіріп отыр.

– Турасын айтқанда, бір дінде болғанымен, түрлі бағыт ұстанушылық бізден басқа христиандар мен католиктерде де бар. Олар да өздерін жөн санап, бір-бірімен бітіспес жау болып отыр. Мұсылман әлемі сүнниттер мен шииттерге бөлінді. Бұған дейін лаңкестер ұйымдастырған қарулы қақтығыстарды шет елдерден ғана білетін едік, енді өз басымыздан кештік.

Бұдан біраз жыл бұрын республиканың әр өңірінде бұрқ ете қалған бүліктер соның салдары. Соның бір ұшығы Атырауға да тиді. Ел елең ете қалды. Бойды қорқыныш биледі. Жұрт ұл-қызының болашағына алаңдады. Қолына қару алған діншілдердің құқық қорғау орындарына қатер төндіруі қарсы әрекет жасауға соқтырды. Кейбір лаңкестің көзі құртылды, көбі қамауға алынды. Рас, осылардың арасында тым жас жандар да бар. Әрине, аяймыз. Келешегі көркем болуы тиіс олардың болашағы бұлыңғыр тартып кеткендігі өкінішті-ақ. Дегенмен, бүгінде қателескендерін ұғынып, алған беттерінен қайтып жатқандары да бар. Ислам діні кешірімді, мұндайларды беттерінен қақпайды, бауырына тартады.

 

ӨЗГЕГЕ ӘЛІМЖЕТТІК ЖАРАСПАЙДЫ

– Бүгінде «жиһад» сөзі көп айтылатын болды. Соны қысқаша түсіндіріп кетесіз бе?

– Расында да, қысқаша қайырайын, әйтпесе жиһад туралы кеңірек ұғындырған жөн. Жалпы, «жиһад» сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге немесе мақсатқа жету үшін, яғни бір істі істеу үшін бар қажыр-қайрат пен ынта-жігерді жұмсау, сол бағытта күресу дегенді білдіреді. Оның ұғымы үлкен. Мұны қару алып соғысу деп біржақты түсінуге болмайды. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде аталғанымен, төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында берілген. Демек, оны ұғынғанда қателеспеу қажет.

Жиһад –  Алла тағаланы тану үшін адамға жол ашу. Жаратушыны білуге сауатсыздық, кедейшілік, ерік-ой мен санаға жасалған шектеулер кедергі келтірсе, солармен күресуге бағытталған барлық іс-қимыл жиһад болып есептеледі. Сайып келгенде, Алла тағала разылығы үшін істелген әрбір әрекетіміз – жиһад. Қандай да қиын жағдайға қарамастан әр күні бес уақыт намаз оқу, ми қайнатар ыстықта ораза тұту, Алла тағаланы халыққа таныту үшін жұмыстану, қоғамдағы кейбір кертартпа келеңсіздіктерді түзету, т.б. оң әрекеттердің бәрі жиһад саналады.

Ақырында, жиһад – алдымен өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық тәрізді жаман қасиеттерден арылту. Турасын айтқанда, өзгеге әлімжеттік жасамау. Міне, жиһад ұғымын осындай жақсы жақтарымен түсіну керек. Оның мағынасы – қолға қару алып, қан төгу емес.

Елбасы қазақтың киелі мекені Ұлытаудың басында «Біздің дініміз – өзіміздің дініміз. Бірақ басқаны да үйренуіміз, сыйлауымыз, құрметтеуіміз қажет» деп қадап айтты. Міне, біздің ұстанымымыз да – осы.

 

ТӘРБИЕ ТӨРКІНІ – ТӘЛІМДЕ

– Жалпы, діннің тәрбиелік мәнін ұғынып, оны қолдана білген жөн емес пе?

– Әрине. Лаңкестердің кейбір әрекеті бірқатар адамдар арасында дінге сақтана қарауды тудырғанымен, көпшілігі оның тәрбиелік маңызын түсініп отыр. Елбасы орынды атағанындай, Құранның қасиетті үкімдерінде кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге бауырмал болу, үлкенді сыйлау, кішіні қамқорлау, ұрпағымызды тәрбиелеу тәрізді талаптар айтылады. Дінді елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы өркендеткен жөн. Сонда ғана діннің мемлекетке зор пайдасы, халыққа үлкен қамқорлығы болады.

Қазір мешіттерге жас балалар келеді. Әрине, оларға тыйым салмаймыз. Сайып келгенде, біздің «білімді бол, ата-анаңды сыйла, ұрлық жасама, үлкеннің тілін ал, әлсізге көмектес» деген тәрізді уағызымызды бойына сіңірсе, одан зиян ба? Бірақ алдымен мектептегі сабағын оқуы шарт. Алла тағала білімділікті қолдайды. Көп оқыған адамның алдынан жарқын жол ашыларын айтады. Демек, әрі иманды, әрі сауатты болған абзал. Мектептегі терең білім мен тәлімді тәрбие түсінігі осыдан тарамай ма?

–  Соңғы кезде қажылық сапары мақтаншылыққа айналып бара жатқан жоқ па?

– Мұндай үрдіс те байқалады. Жадыңызда болса, сонау жылдары қажылыққа барғандар сол жақтан толтырып тауар әкеліп, кейін саудаға салатын еді ғой. Қазір, Құдайға шүкір, мұндай үрдіс байқалмайды. Оған еліміздің тоғайып, экономикамыздың сауыққаны да себеп.

Әйтсе де, Елбасымыз өте орынды атап көрсеткеніндей, мешітке барғанды, қажылық жасағанды сәнге айналдырмау керек. Қазір қалтасы қалыңдар ұшаққа отырып, дүниенің төрт бұрышына еркін жетеді. Әрине, мүмкіндігі болса, қажылыққа барған жөн. Ол – мұсылманның бес парызының бірі. Ертеде аталарымыз қажылыққа тапқаны түйе мен атқа мініп, оған қолы жетпегені жаяулап барған. Мемлекет басшысы Абайдың әкесі Құнанбай жасаған қажылықты келтіреді. Бүгінде барлық жағдай жасалған, жол азабы жоқ. Бірақ, бір ғана талап сақталған. Ол – қажылықтың қасиетін түсіну, дінге шын ниетімен ден қою, имандылыққа бет бұру, жан тазалығын сақтау. Міне, сонда ғана мұсылмандық парызыңды адал ақтайсың.

Сөз соңында Елбасының Ұлытаудың баурайында отансүйгіштікке, тіліміз бен дінімізді дәріптеуге, экономикамызды дамытуға қатысты сөздерін шын жүрегіммен қабылдағанымды айтқым келеді. Осы қасиетті мекенде де дініміздің діңгегі берік қаланып еді ғой. Қылышын құлаштап, найзасын нығырлап жеткен жатжұрттықтарға қарсы қазақ қолы Алла тағалаға сыйынып аттанған жоқ па? Үш жүздің игі жақсысы осы таудың баурайында Кенесарыны хан сайлағанда жеріміздің бірлігін, еліміздің тірлігін Алла тағаладан тілеген жоқ па? Міне, сол тілегіміз орындалды. Ашық аспанымыздың астында Тәуелсіздігіміздің Туы желбіреп тұр. Ел тізгіні елін сүйген Ерінің қолында. Ендеше, біз де соған салауат айтамыз, тұғырлылық тілейміз. Діліміз дұрыс болсын, оның тұғыры саналатын дәстүрлі дініміз өркендесін.

 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз