АТЫРАУДАҒЫ «АНА ҮЙІ»

Осыдан бес-алты жыл бұрын редакциямызға орта жастан асыңқыраған әйел адам келді. Жүзі сынық көрінген оның әңгімесін неден бастарын білмей отырғанын анық байқадық. Біз іш тартып сөйлегесін болар, ол өз басынан өткен отыз жыл бұрынғы оқиғаны айтып берді. Әңгіменің ұзын-ырғасы төмендегіше: 

 

Қадиша шалғай ауылдан қалаға оқуға келеді. Оқуының аяқталуына бір жылдай қалғанда «Саған үйленемін, имандай шыным!» деген жігітінің сөзіне сеніп қалады. Мұның аяғының ауырлап қалғанын естіген жігіт «Менің әйелім мен екі балам бар. Қайдағы үйлену?!» деп, алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Осылайша сенген адамынан көз жазып қалған Қадиша бірге жүрген құрбыларының айтуымен өмірге келгеніне екі апта болған шаранасын бір перзентке зәру отбасына өз қолымен табыстап, «түбі сұраусыз» деп кете барады.

– Құдай куә, мен баламнан құтылайын демедім. Әке-шешем үйге кіргізбейтін болғасын ғана баламды танымайтын адамдарға беруге мәжбүр болдым. Ауылға барған соң әйелі қайтқан бір азаматқа тұрмысқа шықтым. Оның бұрынғы әйелінен қалған екі баласына ана болдым. Өзім дүниеге тағы үш бала әкелдім. Шүкір, бес баламыз да ержетті. Үлкендері шаңырақ көтерді, кішілері студент. Қалаға арнайы келіп, баяғыда жастықпен бас тартқан баламды іздеп табайын деп едім. Соған сіздердің қандай көмектеріңіз бар, газет арқылы іздеу салуыма бола ма? – деп сұрады Қадиша жанары жасаурап. Біздің оған соншалық көмектескіміз келгенімен, ол баланы қалдырған ерлі-зайыптылардың тұрақты мекен-жайы мен құжаттағы аты-жөндерін білмейді екен. Ал, мұндай дерексіз жоқты табу мүмкін бе? Қоштасарда біз оған сол кезде қасында бірге болған құрбыларымен байланысу қажеттігін айттық. Бәлкім, солардан бір дерек шығып қалар.

Иә, ұятты болып қалған талай қыз нәрестелерін көрінген жерге осылайша тастап кетті емес пе? Шүкір, қазір мұндай қиындықтың алдын алуға толық мүмкіндік бар. Өйткені, біздің Атырауда да «Ана үйі» ашылды. Ол негізінен тағдыры тығырыққа тірелген, қолында бір сәбиі немесе алты ай жүктілігі бар келіншектерге арналған. Қазір мұнда кішкене нәрестелі тоғыз әйел тұрып жатыр. Олардың біреуі ғана басқа ұлт, қалғаны қазақ қыздары.

«Ана үйінің» үйлестірушісі Гүлфариза Ғұбашевамен әңгімелесіп отырмыз. Ол осында келетін қыз-келіншектердің орташа жасы 25 екенін, мұнда олар толық бір жыл тұра алатынын айтты. Өзіміз куә болғандай, екі қабатты коттедж үйге орналасқан орталықтың іші-сырты мұнтаздай таза. Бөлмелері ана мен сәбиге қажетті нәрселермен, желдеткіштермен қамтылған. Жас аналарға төрт мезгіл тегін тамақ, нәрестелеріне сүт пен қажетті керек-жарақтар беріледі. Қажет болса, дәрі-дәрмек, басқа да жеке бас гигиенасына арналған заттармен тегін қамтылады.

«Үйінен безіп жүрген кімдер, сонда?» деп сұрасаңыз, айтайық: олардың бәрі дерлік – отбасылы жігіттен, болмаса алаяқтардан жүкті болып қалған жас қыздар. Орталық тұрғындарына психологиялық кеңес беріп жүрген Ақмарал Шәріпова бұл қыздардың дені балалар үйі тәрбиеленушілері, болмаса ата-анасы араққа салынып кеткен, біреуі түрмеде отырған, әйтеуір, жағдайы мәз емес отбасының қызы болып келетінін жасырмады. Бір сөзбен, олардың өз үйлеріндегі тәрбиеден белгілі дәрежеде ақау кеткен. Ақыл айтар ата-ана мен жанашыр жақынның жоқтығынан олар осындай қиын жағдайға тап болған. «Біз үш пен жеті жас аралығында балалардың 70 пайызының жеке тұлға ретінде қалыптасып үлгеретінін білеміз, – дейді психолог Ақмарал Мақсатқызы бізбен арадағы әңгімеде. – Өкінішке орай, осында келетін қыз-келіншектерге сол жастарында дұрыс күтім көрсетілмеген, тәлімді тәрбие берілмеген. Мен олармен жеке-жеке сөйлесіп, тренингтер өткіземін. Барынша жас келіншектердің аналық махаббатын оятуға тырысамын. Бауырындағы балаларына олардың өздерінен артық жақынның жоқтығын ұғындырған боламын. Шүкір, нәтиже жаман емес».

Орталықтың мейірбике-үйлестірушісі Бибігүл Макеева таңертеңнен кешке шейін осында болып, жас аналар мен сәбилердің саулығын күтеді. Дімкәстанып қалғаны болса, дәрігерге көрсетеді. Оның өзімен қоян-қолтық жұмыс жасайтын қаладағы №1 емхана емдеушілеріне айтар алғысы да шексіз екен.

«Ана үйіне» арнап келген соң осындағы тұрғындармен де кездесіп, сөйлесудің сәті түсті. Олардың аттарын атап, түстерін түстемесек те, ауызекі әңгімеден көп нәрсені аңғарғандай болдық. Біріншіден, олардың біразына ата-ана тарапынан бақылау, бағыт-бағдар болмаған. Екіншіден, ата-аналарының өздері арақ ішіп, өзара қырқысып өмір сүрген. Бала күндерінен осындай теперіш көріп өскесін бе, олардың кейбірінің жанарынан ашу-ыза, қайткенде кек алу дегендей нышан байқалатындай. Ал, енді бірі аңқылдаған ақкөңіл, өзі де әлі бала сияқты. 

Біз кетерде «Ана үйінің» үйлестірушісі Гүлфариза Дендерқызы кім де кімнің үйінде басы артық әйелдер мен сәбилердің киім-кешегі, балалар үстелдері, ойыншықтары, ыдыс-аяқтар болып жатса, орталыққа әкелулерін өтініш етті. Кім біледі, мүмкін, тағы бір жас ананың барар жері мен басар тауы жоқ болып жүр ме? Сол себептен біз көпшілікке орталық үйлестірушісінің телефонын жариялауды жөн санадық: 8 701 337 11 92, 8 747 311 41 16.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Альбина

    салеметсиздерме? Менин есимим Альбина. Жасым 24 те. 2 жаста улым бар. 2017 жылы ажырастым, зан жузинде ажырасканыма 4-5 ай болды. Акем ажырасуыма карсы болды. Казир ата-анамен турам. Анамды менн козмше менин кайтып келгенмдм айтып кайта -кайта урады. Бала кишкентай болгасын, анам мени баламмен бирге асырайым деп жумыска шыккан вахтывый. 15 кун демалысында, анамды урып-согады. Анам киналып бітті. Анам жокта менин баратын жерим жок екенин біле тура маган ауызына келгенин айтып айкайды. Кетип калайын десем, баратын жерим, басатын тауым жок. Онын устине жумысымда жок. Жумыска шыгайын десем, баламды карайтын адам жок. Не істерімді білмеймін??? Маган комектесиндерши, отінем

  2. Атырау газеті

    Сәлметсіз бе! Менің телефоныма 8(778)3192058 (ватсапп) хабарласарсыз бірігіп амалын іздерміз.