Тайсойғандағы құпия бункерлер

bez imeni2222222 Медицина

Атырау облысының жер көлемі үлкен болуы себепті ондағы тарихи-мәдени мұраға қатысты нысандарды тыңғылықты зерттеудің методикасы ретінде аумақтарды бөлшектеп, әр жылдары жеке-жеке зерттеліп келеді. Бұл әдіс өңірлердің тиянақты түрде барланып шығуы үшін қолданылады. Мақат, Жылыой және Қызылқоға аудандарының жерін кесіп өтетін Сағыз өзені аумағына облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мамандары осы мақсатта зерттеу жүргізген еді. Мақсат – бұған дейін белгісіз болып, ескерусіз қалған тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау және есепке алу.

Басын Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауының батысындағы Байсын жотасынан алып, Каспий маңы ойпатына қарай көлбеу ағып келіп, Атырау облысындағы Мақат кентіне жақын маңдағы сорға сіңетін Сағыз өзенінің ұзындығы – 511 километр. Тентексор деп аталатын сол сордан Каспий теңізіне дейін шамамен 60-70 шақырымдай. Сағыздың әрқайсысының ұзындығы 10 километрден аспайтын 100-ге жуық саласы бар. Оның ірілері Дауылды, Ащысай, Ноғайты, Топырақшашты, Жарлы, Мұқыр, және Бұрмасай. Жауын-шашын суымен толығатын өзен ертеректегі ылғалды жылдары Каспий теңізіне құйған екен.

Әріптестеріміздің бұл аймақты таңдауының негізгі себебі – бұған дейін толық зерттеу жасалмаған болатын. Тек 1990 жылы Қызылқоға ауданының Сағыз ауылының маңындағы Алпы ана қорымын ғана «Казреставрация» мекемесінің мамандары археолог Әбдіқадыр Итеновтің жетекшілігімен зерттеген еді. Одан кейін 2008 жылы сол ауылдың маңынан жергілікті зерттеуші Амандық Ғарифолланың жетекшілігімен Атырау облысы тарих және археология орталығының қызметкерлері бірнеше қорғанды анықтады. Ал, өзеннің Мақат ауданы территориясынан өтетін төменгі ағысындағы сол жақ жағалауынан Таскешу керуен сарайын 1950 жылы Хорезм археология-этнографиялық экспедициясының Урал-Үстірт отряды, 1973 жылы Қазақстан сәулет мектебінің негізін қалаушылардың бірі, ғалым Малбағар Меңдіқұлов зерттеді.

Орталық экспедициясының маршруты Сағыз өзенінің Мақат ауданы аумағындағы оң жағалауынан басталды. Зерттеу бағыты өзеннің Жылыой ауданының аз ғана территориясын қиып өтетін бөлігі арқылы Қызылқоға ауданының жеріне ұласып, Сағыз ауылдық округінің Ақтөбе облысымен шектесер тұсына дейін жалғасты. Одан соң жұмыс өзеннің сол жағалауына ауысып, Ақтөбе облысы шекарасынан Мақат ауданы территориясына дейінгі аумақта жүргізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша бірқатар ескі қорымдар мен археологиялық маңызы бар нысандар анықталып, мол табысқа кенелгеніміз де рас.

Жалпы, Сағыз өзенінің оң жағалауы негізінен Тайсойған құмының шығыс жиегін қамтиды. Ол аумақта 1950 жылдардан бастап Ресейдің ядролық зымырандарының сынақ алаңы болғаны белгілі. Бұған жауапты әскери бөлім құпия сандармен аталып, жауынгерлерге жазылған хатқа «Дала поштасы» («Полевая почта») мекен-жайы көрсетілуші еді. Әскери бөлімнің штабы мен казармасы қазіргі «Қайнар» мұнай-газ өндіру басқармасының кеңсесі орналасқан Жамансор ауылында болды. Ал, сынақ алаңына кіруге қатаң тыйым салынып, жергілікті халық көне қорымдарға жерленген ата-бабасының басына тәу етіп, құран оқу мүмкіндігінен айырылғанын да білеміз.

Сол аумақта әскери базалар болғанын аға буынның көзі көрді. Біздің зерттеу экспедициямыз жұмыс барысында осындай базалардың жерасты бункері іспетті дайындалып, пайдаланылған екі құрылыс орнының үстінен түсті. Оның бірі Қызылқоға ауданына қарасты Жамансор ауылынан солтүстікке қарай 19 километр жерде (1-сурет) болса, екіншісі одан тағы да солтүстік бағытқа қарай 35 шақырым жерде (2-сурет). Сағыз өзеніне жақын орналасқан бункерлердің салыну жобалары бірдей, яғни крест түрінде жер астынан қазылып жасалған. Жерасты қабырғалары бетондалып, жер бетіндегі төбесі топырақпен үйіліпті. Горизонталды және вертикалды бағытта бір-бірін қиып өтетін ұзындығы 380, ені 20 метр болатын жерасты құрылыстарынан тұрады. Төрт жақ шетінде кіреберістері (3-сурет) бар. Қазір олар бетон жабындылармен мұқият бітелген. Үстіңгі бөліктерінде ауа айналымы үшін арнайы желдеткіш қуыстары (4-сурет) да бар.

Бұдан өзге, диаметрі 330 метрлік, жобасы дөңгелек пішінді жерасты құрылысын  (5-сурет) да көрдік. Ортаңғы бөлігіндегі арнайы техникалар кіру үшін төселген кіреберіс өткелі (6-сурет) де бетонмен бітеліпті.

Тәжірибеге сүйенсек, мұндай жерасты құрылыстарын стратегиялық мақсаттағы зымырандық әскери бөлімдер және әскери-әуе күштерінің бөлімдері пайдаланатыны белгілі. Жер астына салу себептерінің бірі – оның құпиялығы және зымыран бөлшектерінің ұшқындары мен радиациясынан сақтануы үшін болса керек. Ал, жобасының крест түрінде болуын «әуеден келетін ұшақтар үшін немесе зымырандарды ұшырар кезде әскери базаның нақты орналасқан жерін көру мақсатында арнайы белгі ретінде болар» деп топшыладық.

Жергілікті халық арасында сол кездері реактивті ұшақтардың ұшып келіп, Тайсойған құмында жер астына кіріп кететіні туралы айтылады. Тіпті, Ресей жеріне әскери борышын өтеуге аттанған жауынгерлік топты түн ішінде ұшақпен белгісіз жерге әкеліп тастағанда жігіттердің бірі табиғаты, жер жағдайының өз ауылына ұқсайтынын айтып жүріп, кейін жауынгерлік міндетін туған жерінде атқарып жүргеніне көз жеткізеді. Бұл оқиға да осы Тайсойған полигонында болған.

Ал, Кеңес Одағы құлаған жылдары құм ішіндегі бункерге кіріп аралап шыққан аумақ тұрғындары оның ішіндегі бөлмелерде кереуеттер болғанын, асынатын әскери сөмкелердің ілулі тұрғанын көреді. Бірақ ішінде адам болмапты. Соған қарағанда, әскери базаға жауапты мамандар қайта оралып, құм ішіндегі базалық бункерлерге ыждаһаттылық танытып, жерасты құрылыстарының кіреберістерін бітеп кеткен болуы керек.

Фархад БАЙДӘУЛЕТОВ,

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының қызметкері

Суреттер автордікі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз