Әбдібек Әбдіжәлі: «Бала саулығына байыппен қарасақ»

Bala saulyi yina bayyippen arasa Медицина

1974 жылы негізі қаланған облыстық балалар ауруханасында бүгінде заманауи талапқа сай медициналық көмек көрсетіліп келеді. Ауыз толтырып айтар жаңалықтары да аз емес. Бұл ретте облыстық балалар ауруханасының директоры Әбдібек Әбдіжәлімен сұхбаттасқан едік.

????????????????????????????????????

Әбдібек Жұбанышұлы, алдымен аурухананың алғашқы қалыптасу кезеңіне тоқталсаңыз

Негізінен нысан 1974 жылы іске қосылды. Оған дейін балаларға медициналық қызмет көрсету 1967 жылы облыстық аурухананың құрамында 40 кереуеттік екі бөлімше болып ұйымдастырылды. Сол кезде 15 жасқа дейінгі балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін алғашқы  емдеу-сауықтыру мекемесі болды. Аурухана құрылысы басталған кезде бұл қалалық аурухана болады деп жоспарланды. Десек те, алыс-жақын елді мекендерде зерттеуді, сауықтыруды қажет ететін науқастардың болуына байланысты облыстық балалар ауруханасының қажеттілігі туындады. Сол кездегі денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Хайролла Қалжігітов, аймақтың  бас бала дәрігері Нина Жарикова облыс басшыларының алдына мәселе қойып, 120 кереуеттік соматикалық ауруларды емдейтін және қуаттылығы 210 науқасты қабылдайтын ақыл-кеңес беретін бөлімшесі бар типтік аурухана ашуды ұйымдастырды.

Бүгінде аурухананың өзге денсаулық сақтау орындарынан артықшылығы қандай? Қазіргі тыныстіршілігі жөнінде білсек

Біздің аурухана 43 жылда адам танымастай жаңарды. Елбасының денсаулық сақтау саласына деген қамқорлығы, облыс әкімінің қолдауы арқасында жаңа хирургиялық емдеу корпусы салынды, бұрынғы ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Материалдық-техникалық база жаңарды. Жаңа инновациялық технологиялармен жабдықталып, нәтижесінде диагностика жақсарды.

Сөйтіп, аурухана еліміздегі алдыңғы қатардағы емдеу-сауықтыру мекемесіне айналды.

Оған дәлел, республикамыздағы облыстық балалар ауруханаларының рейтингісі бойынша біздің аурухана – көшбасшы. «Бірыңғай ұлттық  денсаулық сақтау жүйесі» реформасын іске асыру барысында 140 тәулік бойы және 30 кереуеттік күндізгі стационар арқылы облыс балаларын шұғыл және жоспарлы, жоғары мамандандырылған медициналық жеті бөлімше мен ақыл кеңес беру, диагностикалық кабинеттер арқылы қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда ауруханамызда 48 дәрігер, 131 медбике,  жалпы 340 қызметкер жұмыс жасайды.

Әр салада еңбегімен ерекше көзге түскен мамандар жеткілікті. Балалар саулығын қорғауда сіз кіммен мақтанасыз?

Бұл тұста ұжымдағы әр дәрігердің орны бөлек. Бәрі де – Гиппократ антына адалдық танытып жүрген жандар. Олар бүгінге дейінгі оқуларымен шектеліп жатқан жоқ. Көп ізденеді. Жаңашылдықты тез меңгеруге тырысып, техниканың соңғы мүмкіндіктерін пайдалануда. Осы орайда емдеу ісі жөніндегі орынбасарым, үздік дәрігер Дулат Сабыровтың басшылығымен емдеу ісі бір жолға қойылып, аурухана көрсеткіштері жақсаруда.

Мәселен, жарақат бөлім-шесінің жоғары санатты ортопед-травматологы Сергей Хван жоғары мамандандырылған оталар жасап, Илизаров аппараттарын белсенді түрде қолдануда. Ал, хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Гүлмира Мерғазиеваның ұйымдастыруымен бөлімшедегі барлық хирургтар эндохирургияны игеріп, іш және кеуде қуысына жасалатын оталардың 90 пайызын тәулік бойына миниинвазивті лапароскопиялық әдіспен жасауда. 2014 жылдан бастап зәр шығаратын жолдарына да миниинвазивті эндоскопиялық тәсілмен оталар жасалатын болды. Эндовидеохирургиялық оталар балалардың тез жазылып, қатарға қосылуына, отадан кейінгі асқынулардың күрт азаюына себебін тигізуде және  косметикалық нәтижелері де өте жақсы.

Медициналық қызмет көрсетуде бұрынсоңды болмаған қандай жаңашылдықтар бар?

– Педиатрия бөлімшесінде қазіргі уақытта республикалық ғылыми орталықтармен тығыз жұмыс жасау жолға қойылды. Туабіткен жүрек ақаулары, қан  және онкологиялық аурулары, бүйрек жетіспеушілігі, қант диабеті аз уақыт ішінде анықталып, орталықтарға оперативті емге  немесе емделуге дер кезінде ауыстырылу жолға қойылды. Қант диабетімен есепте тұратын науқастарға соңғы эндокринология жетістіктерінің бірі инсулиндік помпа қойылып, ауруда болатын асқынулардың алды алынуда. Ревматологиялық ауруларға биологиялық препараттар, бронх демікпесіне небулайзер терапиясы кеңінен қолданылуда. Жүйке аурулары бөлімшесі 2014 жылы қайта оңтайландырылып, реабилитациялық ауруларды оңалтуға арналған құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілді. Ал, реанимация бөлімшесінің дәрігерлері тәулік бойы шұғыл, жедел отадан және бөлімше науқастарынан бөлек облыс деңгейінде санитарлық авиациялық көмек көрсетуде. Сондай-ақ, ауруханада тәулік бойы 150 науқасқа консультативті диагностикалық кеңес беріледі.

Бүгінде жалпытәжірибелік дәрігерлерге емізулі баласы бар аналар да, қарт науқастар да, түшкіріп, күркілдеп отырғандар да қаралады. Бұл жүйеге көзқарасыңыз қандай?

Жалпы тәжірибелік дәрігердің қолданысқа енгізілуіне озық елдер қатарына қосылу мақсатында педиатрия факультеттерінің жабылуы себеп болды. Бала ағзасы – үлкендерге ұқсамайтын айрықша ағза. Он екі мүшесі сау, алпыс екі тамыры аман туған баланың адам болып қалыптасу кезеңі кем дегенде 18 жыл жүреді. Сондықтан, 18 жасқа дейін бала педиатрдың қарауында болуы тиіс. Қазір жаңа туған балалардың көбі патологиялық диагнозбен туып жатыр. Оның ішінде ауыр диагнозбен туатындар да көбейіп келеді. Сондықтан, балалар дәрігері емханаларда бұрынғыша бөлек болуы тиіс. Бүгінде балаларды қарап жүрген терапевт дәрігерлер теориялық тұрғыдан жалпылама хабардар болғанымен, бала ағзасына ғана тән өзгерісті, ерекшелікті толық біле бермеуі мүмкін. Бұл ретте педиатрия факультеттері қайта ашылып, балалар дәрігері бөлек штат ретінде толық енгізілсе құба-құп.

Қазір балалар арасында белең алған аурулар жөнінде білсек және дерттің өршуіне не себеп болып отыр?

– Балалар арасында обыр ауруы (рак) жасарып келеді. Тіпті мұндай дерттің іштен туабітті түрлері де кездеседі. Олардың пайда болу себептерін тап басу айту қиын. Соның ішінде қоршаған ортаның ластануы, дұрыс тамақтанбау әсер етпей қоймайды. Сондықтан, ана мен бала саулығын сақтауға  баса маңыз бергеніміз жөн. Бұл ретте әр ана өз саулығын күте жүріп, балаларының дұрыс тамақтануына да ден қойса дейміз. Барынша табиғи тамақтарды тұтынып, жасанды, газдалған, сусындардан, кириешки, чипсы және тез дайындалатын тағамдардан аулақ болғаны жөн. Сондай-ақ, балалардың компьютерге, ұялы телефонға телміруіне әр ата-ана бейжай қарамаса деймін. Себебі, көз аурулары, жүйке жүйесі аурулары осының салдарынан орын алып жатқаны рас.

Ауыра қалған кезде бірнеше дәрігерге қаралсақ, оның әрқайсысы әртүрлі ем-шара береді. Бірінің жазған емін екіншісі қолдамай, мүлдем басқа ем ұсынып жатады. Бұл дәрігерлердің бір-біріне деген сенімсіздігі ме? Осы жағдайды қалай түсіндіресіз?

– Алдына келген науқасты ең алдымен жылы сөзімен емдеу – дәрігердің басты міндеті. Одан кейін жағдайымен толық танысып, оны жүйелі тексерістен өткізу керек. Баланың бет-әлпетіне қарап, ем-шараны жазып бере салуға болмайды. Міндетті түрде қан, несеп анализдерін тапсыртып, нәтижесі шыққан соң зерттеулердің қорытындысына сай ем ұсынуы керек. Ем қолдануда, әсіресе, кез келген антибиотикті беруге сақтықпен қараған жөн. Науқастың дертіне қарай оның организмі қабылдай алатын ем-шара ұсынуы қажет. Емді  клиникалық-лабораториялық тексерістен кейін тағайындау керек.

Тағы бір айта кетерлігі, әрбір дәріхана дәрігердің рецебінсіз дәрілерді сатпауы тиіс. Бұл мәселені заңдастыру жөнінде ұсыныс айтылып жатқанымен, шешімін таппай келеді. Сондықтан, әр адам өз еркімен дәрі-дәрмек қабылдамау қажеттігін қаперге алса деймін.

Алтыншаш Құрмашева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз