«ЖҰЛДЫЗАЙДЫҢ» – ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ

 Мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығына арналған «Жұлдызай» Х Республикалық фестивалі аясындағы «Мен ең өнерлімін» атты облыстық байқауы Атырау қаласында Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтті.

Фестивальдің он жылғы тарихында бұл жобаға 20 мыңнан артық мүгедек балалар қатысқан екен. Өздерінің шығармашылық дарынын дәлелдеген үш мыңға жуық балалар еліміздің үлкен сахналарында өнерлерін ортаға салып, өз қабілеттерінің зор екенін көрсетіпті.

Бұл шараға арнайы Астанадан келген «Жұлдызай» корпорациясының мүшесі Махаббат Кәрімжанова, қазақ эстрада жұлдызы Ринат Мальцаков, «BIGROUP» қамқоршы қорының мүшелері Мая Қапышева мен Дина Абдуллина балалар өнеріне қазылық етті.

Фестиваль әдеттегідей бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер бойынша салынған суреттер мен түрлі қолөнер бұйымдары көрмесінен басталды.

«Төрт түліктің төресі» деп аталған ақ киізден жасалған түйенің авторлары Атырау облыстық арнаулы №3 мектеп-интернатының 7 «а», 9 «а» сынып оқушылары екен. Осы оқу орнының 7 «а» сынып оқушысы Милана Айденова тоқыған «Қазақ хандығына – 550 жыл» кілемшесі де көздің жауын алғандай. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына 7 «а» сынып оқушысы Тілепберген Серікқалиев орындаған «Мәңгілік алау» әні ерлік пен Отанды сүюге үндесе, табиғатты аялауға шақыратын «Күзгі орман көрінісін» жасаған Мұрат Дүйсеновтің еңбекқорлығы тәнті етеді.

 Аудандардан да бұл байқауға арнайы келген мүмкіндігі шектеулі балалар көп болды. Мақат ауданынан Бержан Қанатбаев атындағы орта мектептің 4 сынып оқушысы Әділхан Нұрсұлтанов «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» атты суретін ұсыныпты. Суреттегі Отанын қорғау үшін алға ұмтылған жас жауынгердің бейнесі көрген жанның рухын көтеретіні сөзсіз. Әділхан қоларбаға таңылғанымен, көкірегі ояу, жүрегі жалынға толы ұл екенін осы суреті арқылы әйгілеп тұрғандай. Ал, осы мектептің 5 «к» сынып оқушысы Данагүл Әлібекова «Бейбіт өмір» деген сурет салыпты. Осы суреттегі мамыражай өмір, аспанда ұшқан құстар, айнала өсіп тұрған гүлдер бейбітшіліктің қымбат та, аяулы екенін тағы бір мәрте еске салғандай!

– Мен қазір 9-сынып жетекшісімін. Яғни, мүмкіндігі шектеулі балалармен біршама жыл жұмыс жасап келемін. Сондағы бір байқағаным, олар – өте әсерленгіш, жаңалыққа қызыққыш. Жүректері ақ, көңілдері пәк. Күні кеше осы фестиваль өтетінін естігенде қалай қуанды десеңізші! Мен оны сөзбен жеткізе алмаймын. Бұл балалармен жұмыс жасау мұғалімнен төзімділікті, шеберлікті талап етеді. Олардың ішінде өнерлі балалар көп-ақ. Тек оларды қолдау керек, – дейді Мақат ауданындағы Бержан Қанатбаев атындағы орта мектебінің арнайы түзету сыныптарының жетекшісі Майра Ахметқызы.

«Мен ең өнерлімін» облыстық байқауында қазылар алқасы алты номинация бойынша өнерлі өрендерге Алғыс хаттар мен дипломдар табыс етті. Вокал бойынша Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің оқушысы Ақерке Боран үздік деп танылды. Бейнелеу өнерінен облыстық есту органы зақымдалған балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы Жанель Жұмалиева марапатталды. Сәндік қолданбалы өнер номинациясынан облыстық ақыл-ойы кем дамыған интернат үйінің тәрбиеленушісі Амангелді Амандықов алға шықты. Сурдо-аудармадан облыстық есту органы зақымдалған балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушысы Малик Цой озат атанды. Аспаптық орындау бойынша Индер ауданы Ақтоғай ауылынан келген Нұргүл Қабдуалиева алдына жан салмады. Хореографиядан – облыстық №3 арнаулы мектеп-интернатының «Айша бибі» бишілер тобы мадақталды.

Облыстық турдан өткен үміткерлер енді екінші турға қатысады. Оларды Астанада үлкен сахнада өнер көрсету, шеберлік-сыныптар, экскурсиялар, көрмелер, танымал отандық жұлдыздармен кездесулер және таңғажайып мерекелік кеш күтіп тұр.

Республикалық «Жұлдызай» – мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығы фестивалі дәстүр бойынша 1-маусым Бүкіләлемдік балаларды қорғау күнінде қорытындыланып, «Қазақстан» орталық концерт залында гала-концертпен аяқталады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз